Қазақ «жерім» деп неге буырқанды?
немесе Елбасының шенеуніктерге халықпен жақын болыңдар деген ескертпесі қазақ мәселесін шеше ме?
«Көш жүре түзеледі» десек те…
Екі дәуірді көрген, Кеңес өкіметінің «рахатын» бастан кешкен, тәуелсіздікке зар болып, тілімнің, дінімнің тағдырына жаным жылап, тарихыма шөлдеп өскен ұрпақпын, айналайындар. Екінші әлем соғысынан кейін бір жылдан соң дүние есігін ашыппын. Содан кейінгі кеңестік өмірді бастан кештім. Түрлі ұлт өкілдерімен қоян-қолтық өмір сүіріп, достықтың қадірін білгендей едім. Қазағымыз қонақжай кең ғой, шіркін! Аштан бұратылып келген сол босқындарға бір түйір нанның жартысын бала-шағасының аузынан жырып берген қазекең бұл!
Ең бастысы әке-шешеміз бізді намысты етіп өсірді. Сол намыс қай жерде жүрсек те мейлі тек отбасымызды ғана емес, халқымыздың, ұлтымыздың қамын жеуге үйретті. Жан-жағымызда рухани құндылықтарымыз аяққа тапталып, бұратана ұлт ретінде кемсітушілік көруіміз біздің жан дүниемізді ширықтырып, намысымызды жани түсетін. Желтоқсан көтерілісі сол намысымыздың алауы мен жалауы дер едім. Аллам тәуелсіздігімізді бергенде қуанғаннан, шаттанғаннан жылап жібергенім есімде. Шүкір, сол тәуелсіздігіміздің арқасында қазақты қазір бүкіл әлем таниды.
«Көш жүре түзеледі» деген қазақтың сабырға шақыратын бұл уәжі болып жатқан кейбір кемшіліктерге кешіріммен қарауға үйретеді. Кемшіліксіз ештеңе болмайды ғой. Тек соны дер кезінде жөндеуді айт! Біздегі басты кемшілік ол кемшіліктерді көрмегенсіп, жаба тоқуға тырысамыз. Соңғы апталарымыз мазасыз, дүрбелеңге толы болды. Сабырлы, көнбіс қазақ дабылдатып алаңға шықты. Ғаламторда да ашу-ызаға толы үндер естіліп жатты. Алдымен атыраулықтар шықты атойлап. Ақтөбе, Семей, Қызылорда… Неге? Не үшін? Айтып айтпай не керек жер қандай ұлт болсын ең қасиетті, ең қастерлі, ең киелі нәрсе. Жерсіз халық кім көрінгеннің шаңырағына телміріп, босқын болып бордай тозады. Жер − ата-баба аманаты. Бәлкім бұл баз біреулердің арандатуы да болар. Бірақ маңдайыңды түзер темірқазықтай шынайы шындық қазақтың бұл алаңдауы, мазасыздануы, ширығуы меніңше орынды. Оны Елбасымыздың да мына ризашылық сезімге толы толғанысынан байқауға болады. «Дегенмен осы мәселеге көңіл бөлгені үшін мен бір жағынан ағайынға қуанамын. Лайым, әрқашан жерге деген қасиетті көңіл осындай болса, біздің халық қасық қаны қалғанша осы жерді қорғайды деп білемін.»
Отанының байлығын тонау — сатқындық
Жүз жыл сынбаған шиша бір күнде сынуы мүмкін. Мен де бар болмысыммен қарсымын жерді сатуға. Тіптен шетелдіктерге жалға беруді де жаным қаламайды. Жерді жатқа бергенше сырттағы 5 млн қазақты тартып, соларға берген дұрыс деп ойлаймын.
Бірақ миллиондардың қарсылығы, наразылығы бүгін ғана басталмағанын айтып, дәлелдегім келеді. «Ауру батпаңдап кіреді, мысқалдап шығады» дейді бабаларымыз. Сондықтан халықтың шамына тигені тек жер мәселесі емес… Бәрі-бәрі жиналып осындай келеңсіздікке әкелді. Ол жиналғандар қандай көкейтесті мәселелер? Алдымен адам баласы тамағының жағдайына, күнкөрісіне тәуелді. Тәуелсіздігімізбен бірге жемқорлық, парақорлық деген жегіқұрт енді өмірімізге. Халық бала емес, ойыншық беріп алдандыра салатын. Кімнің жеп, кімнің асап жатқанын көріп тұр. Анау-мынау емес бас уәзірлердің жемқор болуы, елді тонауы жанымызды жаралады. Қажыгелдин, Ахметовтар… Одан соң облыс әкімдері, министрлер. Бәрі де тақтарында отырғанда қызылсөзбен арқан есіп, ақылдымсынған, көсемсінген, уәдеден тау тұрғызғандар. Бірақ халық қамын ойлайды дегендер миллиондарды жеп-жеп сотталды, жиналған абыройлары айрандай төгілді. Тек олар өздерінің ғана абыройларын төккен жоқ еліміздің абыройын төкті, халықтың билікке деген сенімін жоғалтты. «Қойшы соларды, олардың бәрі жегіш» деген теріс ойдың бұқараның арасында туындауына жол ашты. Мен боқ дүние үшін қолын былғайтын, ертеңін, болашағын ойламайтын сондай азаматтардың осындай абыройсыздық жасайтындарына түсінбеймін. Олар азамат, еркек деген адами асқақ атақтардан садақа кетсін! Өйткені өз халқының, Отанының байлығын тонау бұл сатқындық дер едім. Халықтың байлығын, қазынасын ұрлаушы, тонаушы жемқорлар, парақорлар азайды ма? Әрине, азайған жоқ. Неге? Себебі қазанның қақпағы ашық. Ондайларды соттау аз. Оларға ең ауыр жаза халық алдында қолданылмаса бүгінгі тірлігіміздің оңбайтыныны бесенеден белгілі. Бұл жемқорларды айтып жатқаным халық сол ұрланған миллиардтардың өздеріне тиесілі дүние екенін біліп отыр ғой. Бұл әділетсіздік пе халыққа жасалынып жатқан? Әрине, әділетсіздіктің ең көкесі осы. Қазір елімізде еңбекке жарамды 10,7 млн адам бар. Соның 5154200-і банктерге қарыз. Оның 1102905-і үш айдан бері берешегін төлей алмай отыр. Қалғандары да оңып тұрған жоқ. Мінеки, қазақтың жағдайы осындай. Банк деген қаныңды теспей соратын мешкей орын. Пайызы өте жоғары. Меніңше мемлекетіміздің бағын байлап отырған осындай өмірі тоймайтын мешкейлер.
Елбасымыз күні-түні тынбай шекараны қалпына келтірді. Еліміздің тыныштық құшағында тұрғаны да Елбасымыздың және оның қазағының арқасы. Менің айтайын дегенім сол шекараны қорғаушылардың сатқындығы. Кеден, шекара ол қасиетті орын. Ол жерден әрі-бері мемлекетіміздің ешқандай құпиясы, ешқандай тыңшы, ешқандай есірткі, асыл заттарымыз өтпеуі тиіс. Ал біздің шекарамыздағыларға ақша берсе бәрі өте береді. Темір-терсек тиелген вагондар Қытайға өтіп жатты. Кеденшілеріміз алып машиналарды зат-патымен ақша берсе болды бәрін-бәрін өткізді. Есесіне генералдар сол қылмыстары үшін ұсталды. Бірақ шекарада қазір сатқындық тоқтады ма? Әй, қайдам…
Елдің «Жер!» деп буырқанып шығуының бір үлкен себебі осы. Мемлекеттік тіл мәселесі де толық шешілмей ол тұр. Өз елінде жетім күй кешкен тілінің жағдайын кім ойлайды? Әрине, қазақ. Жат секталардың ал-шаңдап жүруі, олар-дың тұзақтарына мың-мыңдап бауырларының түсуі де қазақтың жүрегін ауыртады. Қайта-қайта соққан девальвация – қымбатшылық дауылы да бұқараға оңай соғып тұрған жоқ
Соның ішінде ұрпағы-мыздың келешегі, білім саласы халқым сияқты мені де қатты алаңдатады. Келіспейтін тұстары өте көп. Балаларды экспериментке айналдырудан олар емес біз шаршадық..! Елбасы «менде ата-анамын, мүмкін кей пәндерді қосу керек «дегенді салыстырмалы түрде айтты, неше түрлі жан ауыртатын, министр мырзаның ұсыныстары күлкілі. Бұл жерде асығыстық ұрпағымыздың ертеңіне қауіп..! Ол тақырыпқа кеңінен тоқталамын…
Шикі бағдарламалар елдің мазасын кетіреді
Менің «Ел болам десең, ғаламторыңды жүгенде!» атты мақалам мыңдардың назарларын аударды. Неге? Себебі ата-аналар осы ғаламтордың кесірінен балаларынан тірідей айрылып жатыр. Яғни компьютербасты балалар пайда болды. Бұлар ата-ана түгілі ертең мемлекетімізге де пайда әкелмейді, көсегесін көгертпейді. Меніңше мектеп пен балабақшаға енгізілгелі отырған үш тілділік те ғылыми тұрғыдан зерттелмеген шикі бағдарлама ма деп қорқамын. Мектептегі мына бір оқиғаны естіп жүрегім жылады: «Нашу землю продали, китайлар придут, олар баланың етін жейді» деп бала сайрап тұр. «Қайдан естідің?» дедім мен оған. Ол ВК, ФБ-ден көріпті. Былайша қарасаң болмашы оқиға. Бірақ бағамдап қарасаң ар жағынан шындықтың шеті қылтияды. Ресей қытайларға жалға жер беріп көріпті. Бірнеше жылдың ішінде жердің тоз-тозын шығарып іске алғысыз еткен. Қытайлар пайдаланған жерлерге ешқандай өсімдік шықпайды екен. Ресейлер қытайлардың бұл зұлымдығын біліп қойып түре қуған. Шығыс Қазақстанда және кейбір облыстарда қытайларға жер жалға беріліп жатқанын естіп жатырмыз. Ресейдегі оқиға бізге ащы сабақ болуы тиіс. Тағы да ана ретінде айтарым қытайларды жерімізге кіргізіп, еркелетуге болмайды. Қазір қытай кәсіпкерлерінің 64 пайызы шетелдерге кетуге ниетті. 64 пайыз деген миллиондаған адамдар көші. Қысық көзді көршіміз ең алдымен қазақ жеріне көз тігіп тұр. Қазір жер асты байлықтарымыздың дені қытай кәсіпкерлерінің қолында. Қытай күйеу балалар көбейген үстіне көбейіп жатыр. Қытайдан біз сияқты әлсіз мемлекет түгілі алпауыт мемлекеттер АҚШ, Ресей де қорқады. Біз де қорқайық, етегімізді жинап, қымтанайықшы.
Жерді шетелдіктерге жалға берудің пайдасынан гөрі зардабы көп. Жаттың аты жат. Олар уақытша алған жері немесе басқа нысандары болсын аямайды. Бұл бір. Екіншіден шеттен келгендер алған жерін қоршап, қымтап алады. Содан ол жерге кіріп көр! Бірде өзіміздің шешеніміз шабындығына көршілерін кіргізбей, аяғы төбелеске ұласқан. Шардара ГЕС-іне барғанда оның жалдап алған қожайыны аудан әкімшілігінің айтқанын құлағына ілмей бізді кіргізбеді. Бір миллиардердің алып кәсіпорнына да басымызды сұға алмадық. Қазір малмен айналысқан халық. Шүкір, қазір төрт-түлік малымыз мыңғырып көбейіп келеді. Ертең жалдаушылар мен ауылдағылар шекісіп қалса не істейміз?
Сыртқы жаудан ішкі жау қауіпті
Батыр бабаларымыз сыртқы жаудан қорықпаған, ішкі жаудан, сатқындардан қорыққан. Мәселен жерді бізге аманат еткен бабаларымыз сол қасиетті тұғырдың үстінде қызым қытайға тисін деді ме, ұлым жат дінге кіріп сырға тақсын деді ме? Гейлер фестивалдары өтеді, оның ішінде қазақтар жүреді. Ер мен ер, қыз бен қыз сүйіссін деді ме, дана бабаларым. Жігіт қарындасын зорласын, жесір сәбиін қорласын деп ойлады ма, әуелі. Азаматтық некелер неге көбейді? Қарттар үйін көтеріп, жетімдер үйін салыңдар демегені анық. Жемқор көбейіп, қамқор азайсын деп түсінде де көрмегенін жақсы білемін. Бабалар қанын жер үшін, елін үшін төккенін әлі де толық бағамдай алмай отырмыз-ау деп қорқамын. Біздің осынша кең жеріміз қаншама азғындыққа толғанын саусақпен санау мүмкін емес.
Жер дауы осы күнәларымыздың дүмпуі емес пе? Дәл бүгінгідей қызын шетке, ұлын гейге, қариясын қарттар үйіне, жетімін көшеге тастаған үйлердің алдында топырлап тұрып, неге сес көрсетпедік? Неге өңшең азғындарды жарнамалап жатқан телеарналардың алдында, жалаңаштық қаптаған клубтардың, казинолардың алдында бабамыз үшін жанын берді ме деп ұран тастамадық. Намысымыз өзімізбен бірге ұйықтап жатты емес пе… Азаттық бір қанатын, қазақтық екінші қанатың. Қазаққа шын жаның ашыса дұғада бол!
Үнсіз қалғандардан қорқамын
Әншейінде ауыз жаппас Қуаныш Сұлтанов мырза, неге үндемеді? Ақсақалдық сөзі қайда? Өрекпіген елге неге басу айтпады? Парламенттің «ақсақал,қара сақалдары,батырларына, деп айтқан өкпелерің де орынды. К.Айтақын халықтың ортасында жүрді. М.Айсинаның қасқайып тұрғанын, сөзін естіп қуандым.
Мен осындай қиын-қыстау кезде үнсіз қалғандардан қорқамын. «Елбасы біреу халқы тіреу» емеспе..! Халқының сөзін неге халық қалаулылары жеткізбейді…?! Министр Ерболат Досаевты Елбасы алып тастады. «Елбасының арқасында» деп қақсап жүргендер бұрын халыққа түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізсе қайда қалды? Бәрі-бәрі Елбасының аузына қарайды. Елбасы айтса ғана қозғалады. Әйтпесе өз басына ешкім жауапкершілік алмайды. Яғни өздері біліп ештеңе жасамайды. Сонда бұл не жаулық па, бойкүйездік пе? Айлықтары қомақты, барлық жағдайлары бар. Олар сонда кімге қызмет істейді? Атырау халқы бас көтергенде облыс әкімі өзі келді. Тұтанып тұрған отқа кеудесін тосты. Міне, нағыз азамат. Бізге жетпейтіні осы ғой. Билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Қандай бір бастама көтерсін билік халықты ұмытып кетеді. Әкімшіліктің, министрліктің, тіптен халық қалаулылары парламенттің алып ғимараттарының алдында полиция тұрады. Қарапайым халыққа одан өту арман. Сонда біздің билік кімнен қорқады? Аналық жүрекпен өтінемін бауырларым, халыққа жақындаңдар. Хан келгенде халықты жасанды сөздермен дайындағанды қою керек. Шынайылық жетпей жатыр. Жағымпаздық өршіп тұр. Жағымпаздықтың артында сатқындық бар.
«Жер сатылады» деген әңгіме бұрқ ете қалғанда айналамызда небір намысты жігіттердің бар екенін көрдім. Жүрегі елім деп соғатын азаматтардың көптігіне қуандым. Өнер адамдары да бұдан қалыс қалмады. Бірақ айналайындар, сабырлы болайық деп қолымнан келгенше айтып жүрдім. Әлі де айта беремін. Біздің мына тыныштығымызды көре алмайтындар жетіп артылады. «Қолдағы алтынның қадірін білейік.» Бізге керек жер Елбасыға миллион есе керек. Оған менің еш күмәнім жоқ. Елбасы еңбегінің ерен екенін мойындаған абзал. Мораторий жариялады. Бұл да халықпен санасқаны. Әліптің артын күтейік. Қандай мәселе болсын шешуге болады. Тағы да қайталап айтамын, бауырларым, бәріне де сабыр керек.
Тағы бір айтатын мәселе қазір ақпарат әлемі тоқырап тұр. Біздің ақпарат билігін неге анда-мұнда лақтыра береді? Бірде министрлік, бірде комитет, бірде басқарма… Халықтың көзі мен құлағын меніңше кім болса да мейлі қадірлеу керек. Міне жаңа министрлік ашылып, министр сайланды, сәттілік тілейміз…! .Ауыз жарымас мемлекеттік тапсырыстан түсетін нәпақамыз да жыл сайын азайып барады. Ал биыл тіптен оған да зар болып қалдық. Елбасы «желаяқ» министрлерді, халықтан қашып жүретін шенеуниктерді сынағаны орынды болды . Кей министрлердің, шенуниктердің өзін былай қоғанда көмекшімен байланысуға зар боламыз, қарапайым халық үні қайдан жетсін…! Кешегі жер туралы толқулардың бірі де телеарналардан көрініс таппады. Халық әлеуметтік желілерге телміріп қалды. Әлеуметтік желілер озды. Неге бұлай? Қайта телеарналар халықтың ортасында болуы тиіс еді. Олардың пікірлерін ортаға салып, мамандарды олармен кездестіріп жұмыс жүргізуі қажет еді. Өкінішке орай олар, телеарналар үнсіз қалды.
Сабыр, сабыр және сабыр керек, айналайын халқым!
Сонымен қадірлі халайық, билік халыққа жақындауға тырысып отыр. «Халыққа керегі жоқ заңды алып тастау керек!» деді президентіміздің өзі. Билік енді осы шынайылығынан, халықпен тіл табысуынан танбасын. Алда өмір бар. Ал ол өмірді бейбіт, тыныш өткізу өз қолымызда. Айналадағы дүрбелеңдердің бәрі арандатушылардың ісі. Сол арандатуға, қоздыруға берілмейік. Елбасына еліде жеріде қымбат,талабымызды билікке қоялық, оны сабырмен сабырмен шешілуін күтелік. Еліме намыспен бірге сабыр тілеймін, тыныштық, береке болсын деп тілеймін бір Алладан!
Сәуле Мешітбайқызы
ҚР еңбек сіңірген қайраткері