Жас отбасылар қоныс тойын тойлайды
Атырау қаласындағы Нұрсая ықшам ауданының пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан мұндағы қала өмірінің толық көрінісі көз қуантады. Ауданда тұрғындардың жайлы тұрмысына қажетті қызмет мекемелері, балабақша, мектеп, аурухана тағысын басқа да ғимараттар салынған. Жылдан жалға тұрғын үйлер кешені көбейе түсуде. Қазір де бұл жерде көп қабатты үйлер қатары сап түзеп, тұрғын үйлер құрылысы тоқтаусыз жүріп жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз орталығында Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспанның қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Баяндамашының айтуынша, өңірде жастар саясаты мәселелері басқармасы жастармен қарқынды жұмыс жасап, қайырымдылық пен кәсіпкерлікке қолдау білдіріп, жұмысқа орналасу мен тұрғын үй мәселелері бойынша көмек көрсетіп келеді.
«Биылғы жылы бізде көптеген өзгерістер бар. Студенттерге қоғамдық көлікте жүруге 50% жеңілдік берілді, бұған жергілікті бюджеттен 313,6 млн.теңге бөлінді. Бұдан бөлек, осы жазда «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 2000 студент жұмыспен қамтылады, оларға 61 000 теңге көлемінде айлық төленеді. Айта кету керек, осы жылдың шілде айында жас отбасыларға «Жас Отау» бағдарламасы бойынша 100 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі», — дейді Роллан Құспан.
Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік жастар саясатын дамыту үшін өңірлік деңгейде шешімдер қабылдауға тарту мақсатында белсенді жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы үкіметтік емес жастар ұйымдары бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда: студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту, облыстық Дельфин ойындарын ұйымдастыру, бос уақытын тиімді өткізу, әлеуметтік осал және жағдайы төмен жастармен жұмысты жандандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдени сана қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау және субмәдениет өкілдерінің әлеуетін арттыру, Астананың 20 жылдығына арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және т.б.
Мұнайлы өңірде мемлекеттік бағдарламалар да қарқынды іске асуда.
««Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 32 жас маманға бюджеттік несие берілді, 125-і бір реттік әлеуметтік көмекпен қамтылды. Жұмыспен қамтуға байланысты 2017-2021 жылдарға арналған бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту және өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмыс орнында 2419 жас, оның ішінде ауылдық жастардың 2020 өкілі қамтылды. «Бизнес Бастау» жобасының мәліметі бойынша, 1 325 адам кәсіпкерліктің негізін үйренді, оларға 669.938 миллион теңге көлемінде микрокредиттер берілді» — дейді Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан.
Өз тілшіміз