Атыраулықтар «Сабантой» мерекесін тойлады
2018 жылдың мамыр айының 13-ші жұлдызында Атырау қаласындағы «Ретро» саябағында «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі мүшелерінің ұйымдастыруымен «Сабантой» ұлттық мерекесі аталып өтті.
Шара барысында Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жанат Досқалиева құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік шараны ашып берді.
Жыл сайын мерекені дәстүрлі түрде атап өтуді әдетке айналдырған облыстық «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі мүшелері бұл жолы да мерекені ерекше ықыласпен, қуанышты көңіл-күймен тойлады. Сабантой татар тілінен аударғанда «Жер өңдеу мерекесі» деген ұғымды білдіреді. Дәстүр бойынша татар халқы бұл мерекені жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойлаған. Бұл татар-башқұрт халқының ежелден келе жатқан ұлық мерекесі болып саналады. Оны көппен бірге жарқын тойласаң, бидай бітік шығады деген наным бар.
Сондай-ақ, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Муса Джалил сыйлығының лауреаты Филюс Кагиров және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рустем Рахматуллин арнайы қонақ болып келіп, өз өнерлерімен көрермендерге мазмұнды демалыс сыйлады. Мерекеге келген қауым қызықты да мәдени шараны қошаметтеп қол соғып, риза көңілмен, достық сезіммен тамашалады.
Мереке кезінде қонақтарға татар мен башқұрт халқының ұлттық тағамдары «чак-чак», «умачты», «токмач», «чумар», «перемячи» өзге де дәм түрлері таратылды. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесіндегі сувенирлік бұйымдар да ешкімді бей-жай қалдырмады.
Мерекелік іс шараға Атырау облысының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және мерекеге қызығушылық танытқан қала тұрғындары қатысты.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі