Өз пәтерін кейуанаға берген…
Бауыржан Момышұлына: «Кімді қадірлейсіз?» – деген сауал қойылғанда: «Ардақты ананы қадірлеймін», – деп жауап бергені бар. Батыр Бауыржан атамыз бұл сөзін ісімен де дәлелдеген біз біліп-білмейтін ғибратты оқиғалар көп. Соның бірі – өзіне алған пәтерді кейуанаға бергені туралы оқиға жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» (қараңыз: 32,33-беттер) баяндалған. Оқып көрелік:
«Бауыржан бұрын Дзержинский көшесінде, шағындау пәтерде тұрса керек. Қалалық советтен кеңірек пәтер сұрайды. Бір күні оған қалалық советтің қызметкері телефон соғып, сіздің өтінішіңіз орындалды, келіп кең пәтердің ордерін алыңыз дейді. Пәтерімді көрейін деп жаңа үйге барса, есік алдында мұңайып тұрған қартаң орыс әйеліне кездеседі.
– Неге мұңайып тұрсыз, шешей? – дейді ойында ештеңе жоқ Бауыржан әйелдің қасына тоқтап.
Әйел қалалық советтің осыдан екі бөлмелі пәтер бермек боп уәде етіп келгенін, бірақ дәл ордер берерде ол уәделерінен тайып қалғандығын айтады.
– Маған деген үйді бір үш бөлмелік пәтермен біріктіріп, бір полковникке беріпті. Қайтейін, менің де балам соғыста өліп еді. Әрине, ол солдат еді, – дейді.
Мұны естігенде Бауыржанның барлық түгі сыртына теуіп шыға келеді. Жирен мұрты едірейіп, электр сымының біріне бірін жақындатқан екі ұшындай болып, шытыр-шытыр ете қалады.
Мұңаймаңыз, шеше, қазір ордер беретін жерге барыңыз – пәтеріңіз өзіңізге тиеді, – дейді де Бауыржан мініп келген машинасына отырып алып, қайтадан қалалық советке тартады.
– Мен маған біреуге берілген пәтерлерді бер деген жоқпын, – дейді ол бағана қолына ордер ұстатқан қызметкерге келіп. – Мына ордерді жыртыңыз да, пәтерде бұрын уәде етілген адамдарға беріңіз!
Осылай деп ол қолындағы ордерді қайтарып береді. Қалалық совет қызметкері қалбалақтап:
– Ол адамдарға пәтер кейінірек беруге ұйғарылған еді. Сіз пәтер сұраған соң сол екеуін қосып, сізге қамқорлық жасайық деген едік…
– Молчать! – дейді Бауыржан көзі ежірейіп, мұрты одан сайын тікірейе түсіп. – Маған мұндай қамқорлықтың керегі жоқ. Жиырма минуттан кейін маған телефон соғып, бұл пәтердің бұрынғы иелеріне берілгендігін хабарлаңыз. Понятно вам?!
– Түсінікті, түсінікті, жолдас Момышұлы. Тек сіздің берген пәтерден неге бас тартып тұрғаныңыз түсініксіз.
– Ол солдаттың анасы ғой!.. Енді ұғынықты ма сізге?
Қызметкер басын изейді. Расында да ол бірсыпыра уақыттан кейін Бауыржанның үйіне телефон соғып, жаңа пәтердің бұрынғы иелеріне ордер жазылып бергенін хабарлайды.
– Ордер алғанда олардың қуанышында шек болған жоқ, – дейді қызметкер. – Әсіресе қарт ана қатты қуанды. Сіздің Бауыржан Момышұлы екеніңізді білгенде… ол жылап жіберді…» деді.
Содан бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Бауыржанға Фурманов көшесінен басқа пәтер берілген екен…»
Алла Тағала өзгеге мейірім көрсеткен пендесін Өз мейіріміне бөлейді дегені осы