Павлодарда 180 аулаға асфальт төселеді
Биыл Павлодарда 180 аулаға асфальт төселіп, жиектастар орнатылады. Сонымен қатар, жол кедергілерін қойып, көлік тұрақтарын кеңейтпек. Бұған осыған дейін 64 кварталішілік аумақтарды ретке келтірген «Бонус строй» ЖШС мердігер ұйымы жауапты.
— Автотұрақтардың орыны тұрғындармен және ПИК өкілдерінің келісімімен бекітіледі, — деді мердігер ұйым басшысының орынбасары Сергей Шагаров. — Олардың ұсыныстарын тыңдап, ауланың жоспарын құрастырамыз. Біз жасалған ескертулерді уақытылы түзетіп отырамыз.
Қалалық мәслихаттың депутаты Тілеубек Нұрсейітовтің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар үнемі бақылауда.
— Төселген асфальттың сапасын, тұрақтардың нормаға сай болуын тексереміз. Тұрғындардың сұрауы бойынша балабақшаларға, мектептерге жеткізетін жолдарға да асфальт төселеді, — дейді қалалық мәслихаттың депутаты Тілеубек Нұрсейітов.
Сонымен қатар, халық қалаулылары өткен жылы жөндеуден өткен аулаларды да аралауда. Олардың саны — 134. Қалалық әкімдік балалар алаңын орнату жөніндегі 50 өтінішті қарастыруда. Оларды нақты қай жерге орналастыратындары әлі белгісіз.
Өз тілшіміз