САДАҚА БЕРУШІНІҢ ЛӘЗЗАТЫ

Ләйс ибн Сағд бал сатумен айналысқан екен. Бір күні оның кемесі жағаға келіп тоқтайды. Кемеде үлкен бөшкелерге құйылған бал болатын. Осы мезгілде кішкентай ыдысын ұстаған күйде бір қарт әжей Ләйс ибн Сағдқа келіп, оған бал құйып беруін өтінді. Алайда, Ләйс ибн Сағд бал беруден бас тартады.+

Әлгі әжей өз жөніне кетісімен Ләйс ибн Сағд өзінің көмекшісіне оның мекенжайын анықтап, бір бөшке балды үйіне апарып беруді тапсырады. Оның бұл ісіне таңырқаған көмекшісі:

– Ол кейуана  сізден кішкентай ыдысына шамалы мөлшерде бал құйып беруін сұрағанда оның бетін қайтарып, енді қазір балды бөшкесімен үйіне апарып бер дейсіз! Бұныңыз қалай?

Көмекшісінің сауалына Ләйс ибн Сағд:

– Әлгі әжей шамасына қарай сұраған болатын, ал мен, оған өз шамама қарай бергелі жатырмын. Әрбір садақа жасаушы адам өзінің берген садақасы пақырдың қолына тимей тұрып, Алланың құзырына жететіндігіне сенімі кәміл болған жағдайда, садақаны алушыдан қарағанда оны беруші әлдеқайда ләззатын көбірек сезінетін еді», – деп жауап қатқан екен.

Нұрлан Рамазанов