Рамазан айы құтты болсын!

Ассалаумағалейкум, құрметті оқырмандар!

Хадистерде айтылғандай, Алла Елшісінің (с.а.у) үмметтерінің, яғни, барша мұсылманның айы Рамазан да келіп жетті. Жамандық атаулы кісенделіп, жақсылық кеңге қанат жаятын мейірім айы, татулық салтанат құратын кешірім айы, Алланың алдында қол қусырып құлшылық етуге құлшындыратын Құран айы, тыныштық пен берекенің айы Рамазанға жеткен де бар, былтыр ғана өзімізбен бірге сәресін ішіп, күні бойына жарыса сауап жинап, кешке қуана ауыз ашқан кейбір жақындарымыздың жете алмай қалғаны да жасырын емес. Ендеше, әр намазын соңғы намазым деп түйсініп оқитын ақылды мұсылмандар Рамазан оразасынан шама жеткенше тыс қалмауы тиіс.

«Ораза, намаз – тоқтықта» деп бабаларымыз айтпақшы, Аллаға шүкір, Жер бетінің басқа аймақтарындағы аштықтан, шөлден, түрлі соғыстың, апаттың кесірінен қиналып жатқан халықтарға қарағанда еліміздің жағдайы әлдеқайда жақсы, яғни, Рамазан келіп тұрып, ораза тұтпауға, оның мол сауабынан құр қалуға еш себеп жоқ. Алла Тағала екі дүниеде жүзімізді екі дүниеде де жарқын етсін! Рамазан айы құтты, тұтқан ораза, ниет-тілектеріңіз қабыл болсын!

Құрметпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты