Павлодардың ауылдарында жедел жәрдем бекеттері іске қосылды
Павлодар ауданының Новоямышево және Чернорецк ауылдарында заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған жаңа жедел жәрдем бекеттері пайда болды.
Новоямышево ауылындағы бекеттің ашылуына облыс әкімінің орынбасары мейрам Бегентаев қатысты.
– Павлодар облысындағы жедел жәрдем қызметі кәсіби кадрларымен қамтылған. Жаңа менеджментті қолдаудың нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің тиімділігі 37 пайызға артқан. Мұндай міндетті жылдың басында облыс әкімі Болат Бақауов қойды. Бұл – қадам аймақ бюджеті үшін шығын, бірақ адам өмірі одан да маңызды, — деді ол.
Санитарлық авиация республикалық орталығының директоры Нұржан Отарбаев жедел медициналық жәрдем жүйесін жаңғырту аясында Қазақстанда барлық жедел қызмет түрлерін бір жүйеге біріктіру міндеті қойылғанын ерекше атап өтті.
– Бұл тапсырманы Павлодар облысы жақсы орындады, – деді орталық жетекшісі. – Бүгінгі күні азаматтар еліміздің қай облысында болса да жедел жәрдем шақырса, барлық ақпарат бір жүйеге түседі. Содан кейін кім жылдамырақ көмек көрсете алады, сол барады. Егер ұшақ немесе тікұшақ қажет болса ол жағы да анықталады. Біз қойып отырған екінші міндет – 10 мың адамнан аз тұрғыны бар елді мекендерді жедел жәрдеммен қамтамасыз ету. Тіпті ең шағын елді мекендердің тұрғындарына да медициналық көмек қолжетімді болуы керек. Сондай-ақ үшінші міндет – ауылдардағы дәрігерлермен қоян-қолтық жұмыс істеу және алғашқы жәрдем берудің халықаралық стандарты бойынша тәжірибе алмасу.
Облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Канадан Ахметжановтың сөзінше, Новоямышево бекеті Павлодар-Семей трассасына жақын орналасқандықтан бұл айтарлықтай қауіпті жол бөлігі. Тек былтырғы жылдың өзінде бұл жерде 50 жол-көлік апаты орын алған.
— Мұндай бекеттер үлкен трассаларда орын алатын апаттардағы өлім-жітімді азайтуға көп септігін тигізеді. Бекеттер орнатылғалы жедел жәрдемнің жол-көлік апаты орын алған жерге жету уақыты 21 минуттан 15 минутқа дейін қысқарды, – деді Канадан Ахметжанов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашевтің мәліметінше, биыл Ертіс өңірінде жалпы саны 5 жаңа жедел медициналық жәрдем бекетін ашу жоспарланған. Новоямышево мен Чернорецктен бөлек, осындай бекеттер облыстың тағы үш ауылында пайда болады.
Тілеуберді САХАБА