Атыраулық каратэші Әбілмансұр Батырғали Азия чемпионы атанды
«Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушісі Әбілмансұр Батырғали жапондық Окинава аралында каратэ-додан ересектер мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатына қатысты. Азия чемпинатына әр түрлі мемлекеттен 700-ге жуық спортшы қатысты. Жарыста әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері де бақ сынады.
17 жасар атыраулық Әбілмансұр Батырғали 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде және «юниоры» жас санатында сынға түсті. Спортшы 4 кездесу өткізіп, Шри-Ланка, Өзбекстан, Таиланд және Ирандық қарсыластарынан басып түсіп, Азия чемпионы атанды.
-Ең қиын кездесу финалда ирандық спортшымен болды. Барлығына белгілі, Иранда барлық жекпе-жек түрлері жақсы дамыған, қарсыласым өте жақсы дайындалған, сондықтан біз соңына дейін бірдей ұпайда болдық. Бірақ жеңіс маған бұйырды,- дейді Әбілмансұр Батырғали.
Жаттықтырушы Сансызбай Торғаевтың айтуынша, сайыс жасөспірімдерге бұдан да жоғары деңгейдегі жарыстарға жолдама болды.
— Алдағы уақытта Әбілмансұр Болгарияда өтетін жастар арасындағы халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысады. Онда жеңген спортшы Аргентинадағы Буэнос-Айрес қаласындағы жастар Олимпиадасына жолдама алады,- дейді Сансызбай Торғаев.
Айта кетейік, 17 жасар Әбілмансұр Батырғали өткен жылы Астанада өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын, сол жылы каратэ-додан Әлем кубогінің иегері болды, спорт шебері атағына үміткер.
Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі