Болат Бақауов: «Кутузовты – Тәуелсіздік, Ленинді – Астанаға өзгерттік»
Бүгін елордадағы Орталық Коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылылған және жоспарға қойылған бірқатар іс-шаралардың басы ашылды. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, ҚР Президентінің аталмыш бағдарламасын аймақ бойынша жүзеге асыру мақсатында 183 жоба қолға алынып, оған ұзын саны 11 млрд. теңге бөлінген. Оның тең жартысынан астамы (6,7 млрд.) демеушілерге тиесілі екен.
Әдеттегідей әңгімесін бөлінген ақша мен біткен іс-шаралардан бастаған Б.Бақауов, жоспарға қойылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Мәселен, облыс бойынша 1200 орынға арналған концерт-холл, екі ауылдық мәдениет үйі, жеңіл атлетика және футбол манежі, мұз айдыны, 50 метрлік олимпиада бассейні және олимпиада резервтерін дайындау орталығы салынбақ, одан бөлек биылғы жылдың 1 қазанына дейін Ертіс маңындағы 3 қалада және 10 ауданда 20 астам коворкинг-орталық ашылады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Б.Бақауов журналистердің де сұрағына жауап беріп, ана тілінде де, ресми тілде де үн қатты. Мәселен, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайтының тілішісі қойған сұрақтарға төмендегідей жауап берді:
-Биыл қазақтың маңдайына біткен Кереку өңірінен шыққан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы екенін жақсы білеміз. Осыған орай ақынның балалық шағы өткен Торайғыр ауылында қандай да бір абаттандыру жұмыстары қолға алынды ма?
-Бұған дейін баяндамамда атап кеткенімдей, Жасыбай мен Торайғырдың ортасына 14 шақырымдық асфальт төселді. Бұған дейін машина жүруге ыңғайлы жол болмады. Қазір тіпті, осы 14 километр жолды велосипедпен де басып өтуге мүмкіндік жасап отырмыз. Ал, ауылдың өзінде атқарар шаруа шаш-етектен. Десе де, атқарылған жұмыстарды да айтпай кетуге болмас. Мысалы, ауылды жарықтандырып, спорт залдарының санын арттырдық. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетімен бірігіп, көптеген жобаларды жыл бойына жүзеге асыру көзделіп отыр.
-Жуырда ғана көптің көкейінде жүрген Кутузов көшесінің атауы өзгерді деп бөркімізді аспанға аттық. Кеңес Одағынан бері қалмай келе жатқан басқа көшелердің де атауын өзгерту ойда жоқ па?
-Бір қалаға қатысты болғанымен көше атауларын өзгерту Республикалық комиссияның шешімімен ғана жүзеге асатынын ескеру қажет. Біз тек ұсыныс жасай аламыз. Мәселен, ақсақалдарымыз ұзақ жылдан бері осы Кутузов және Ленин көшелеріне басқа атау беру туралы ұсыныс тастап келеді. Мінеки, «Рухани жаңғыру» жобасы аясында Кутузовты – «Тәуелсіздік» даңғылы, ал, Ленинді – «Астана» көшесі деп өзгерттік. Әрине, Ермак сияқты көшелер әлі де бар. Бірақ, оларды дәл қазір өзгертеміз деп айта алмаймын.
«ЕлАна-ақпарат»