Қарағұсова ханымның Кеңестік дәуірді «аңсауы» — ерсілік!
Қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген жақсы мақал бар. Күнделікті тіршілікте мұны көп адам ескере бермейді. Айтылады, қалады. Бірақ билік басындағы, елге үлгі болатын шенділердің бұл мақалды ойларынан әсте шағармағандары жөн. Ауыздан шығып кеткен бір сөздің «Отыз рулы елге таралатыны» өтірік емес. Артының дауға ұласатыны тағы бар. Соңғы жылдары «ойымды ашық айтамын» деп, бүлдіріп жүрген шенеуніктердің бірі — Гүлжан Қарағұсова. Осыдан бірнеше жыл бұрын әйелдердің зейнет жасын көтеруді қолдап, халықтың ашу-ызысын туғызғаны ұмытыла қойған жоқ. Ауыл әйелдерінің тұрмыс-тіршілігінен бейхабар екенін сол жолы бір байқатып алған. Олардың ауыр бейнетін, салпаң тіршілігін, бай мен бала күтімін, жылы суға қолын малып отырған өзімен салыстырғанын білместігі демей көр. Сонда түңілген көпшілік: «бұл өзінің қамын ойлап отыр, қазіргі заңмен зейнетке шықса, қолындағы майлы шелпектен айырылып қалады» деп жерден алып жерге салған. Бірақ оған қыңқ деген Қарақұсова жоқ. Осы таяуда ғана депутаттар бюджеттің қыруар қаржысына Астанадағы «Пекин Палас» қонақ үйінде тұрып жатыр екен деген сыбыс шыққанда, осы ханым сурылып алға шығып: — Халық қалаулылары сонда не төсегін бірнеше сағатқа жалдайтын пәтерде тұруы керек пе,- деп шыж-быж болған. Тым болмаса мәдениетті түрде түсіндіріп, тіпті үндемей қалса да ешкім қой демес еді. Сөйлеп қалған ауыз, қайтсін, тыныш тұра алмаған. Айтарын айтып қалған. Дүниеде өткеннен сабақ алып, сөз арғымақтың басын тежеп отырғанға не жетсін, шіркін. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген қазақ неткен данышпан. Бірақ осыны Қарғұсова ханым ескерер емес. Аттан түспей келеді. Журналистер де ақымақ емес, жөн-жосықсыз сөйлеген, ауа жайылып кеткен шендіні, ескі сүрлеуіне салуға әрекеттенеді. Сынайды, мінейді. Ниеттері оң әйтеуір. Сабасына түссін, ақылға келсін деген пейіл бәрі. Мұны шенеуніктер әртүрлі түсінеді. Кейбіреуі ерін бауырына алып тулайды. Бірі есе қайтаруға тырысады. «Бәледен машайық қашыпты» деп үнсіз қалатындары да көп. Соңғы кездері өзіне қарата жиі атылатын сын-жебелердің уыты бойына жайыла бастады ма, Қарағұсова ханым жақында тағы тулады. Қоғамдық ортада түрлі мәлімдемелерімен көзге түсіп жүрген нәзік жанды ханым БАҚ-қа берген сұхбаттарын бұрмалағаны үшін журналистерге кезекті рет өкпе ренішін жария етті. Депутат ханымның айтуынша, оның сөйлеген сөздерін бұрмалап, жұртқа жексұрын етіп көрсеткен журналистердің дені шала сауатты екен. «Қазір өкінішке орай көптеген елдердегідей контекстен кесіп алып, оны сараптамайтын (анық-қанығына жетпей) үрдіс қалыптасты. Жалпы, сіздер, журналистер ең мықты сараптамашы болуларыңыз керек қой. Мен осыны әрдайым айтып келемін. «Поэтому у нас в Советском союзе профессия журналиста пять лет, а вообще сначала получает базовую профессию. Он международник или экономист, или юрист и потом только становится образователем», — деді Қарағұсова. Сөзінің басын әдемі бастағанымен, артын бүлдіріп жіберді депутат ханым. Бүлдірді деп отырғанымыз, «у нас в Советском союзе» деген пікірі. Тәуелсіздік алғанымызға 24 жылдан асса да, «алғашқы махаббатындай» көкейінен Кеңес одағы шықпай жүргені несі? Бұған келешекте не деп жауап қатар екен ә? Бұл сөзді қарапайым жұрт айтса бір жөн. Халықтың сөзін сөйлейтін, бағыт-бағдар беретін, заң қабылдайтын органның өкілінің ауызынан осындай «шіріген сөздің шыққаны» ұят тағы. Қарағұсова ханымның жоғарыдағы пікірінің алғашқы жолдарын сөзбе-сөз аударатын болсақ былай болып шығады. «Сондықтан біздің Совет одағында журналистерді дайындауға бес жыл уақыт керек болған. Оларды базалық мамандыққа даярлайтын» дегенге саяды. Сонда дейміз-ау, Қазақстанның жаңа сайланған мәжілісіндегі білдей бір қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет екенін біле тұра, «сүйегі баяғы да қурап қалған» Кеңес одағын мысал қылатындай не басына күн туды? Тәуелсіз елдің журналистерінің де бес жылға тақау оқитынын шынымен білмегені ме? Журналистерге базалық білім беру тетігін енгіземін десе заң саласы қолында тұр емес пе? Кеңес дәуірінің жаманын ысырып, жақсысын аламын десе кім қарсы шығады? Негізі бұл әңгімені Парламенттегі «Нұр Отан» фракциясының мүшесі емес, «Комунисттік партияның» қаһаманы айтса жарасар еді. Әлде Қарағұсова ханым, «Бізде Гогольдің шекпенінен шыққанбыз» дегенді меңзеп тұр ма?
Нағашыбай Қабылбек