Бұқар сөзі – тәрбие көзі
Павлодарда бір көшеге және бір оқу орнына үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау Қалқаманұлының есімін беру керек. Бұл туралы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен «Ұлт ұстыны – Бұқар жырау» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды.
Шара Бұқар бабамыздың биылғы 350 жылдық мерейтойына арналды. Конференцияға жергілікті филологтар мен тарихшы ғалымдар қатысып, Бұқар жыраудың өмір тарихы, шығармашылығы жөнінде баяндама жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышевтің айтуынша, Бұқар бабамыздың шығармашылық мұрасы әлі толық ашылып, зерттеліп біткен жоқ. Мысалы, өсиет ретінде жазып қалдырған 55 тілегі бар. Біз оның оқулыққа енген 11-ін ғана білеміз. Яғни, оқулыққа енгені. Қазақтың көрнекті ғалымы Ақселеу Сейдімбектің бір жазбасында Бұқардың 55 тілегінің 20-сы қасиетті Құран кітаптан алғаны жазылған.
— Бұқар жырауды Мәшһүр Жүсіп Көпеевтен артық бүге-шігесіне дейін зерттеп жазған адам жоқ шығар. Ғұлама ақын Бұқар жырау Қалқаманұлына «көмекей әулие» немесе «көмекей әнші» деген баға берген. Жалпы, Бұқар бабамызды тек жырау деп қарамауымыз керек. Ол кісінің батырлығы да бір-төбе. Себебі, сол замандағы қол бастаған хандармен және жол бастаған батырлармен қатар жүріп, елдің мұңын, қазақтың қамын жырға қосты. Ел басына күн туған заманда атқа мініп, қазақтың басын біріктіру жолында тер төкті. Негізі, Абылай ханның ақылшысы жалғыз Бұқар жырау емес, қазақ жерінің әр түкпірінде халықтың хал ахуалынан хабар беріп отыратын кеңесшілері болған. Бірақ, соның ішіндегі ең сенімді серігі осы Бұқар жырау, — дейді Айтмұхамбет Қасымбайұлы.
Бұқар жырау жырларының тағылымдық мәні туралы зерттеген ғалымдардың бірі — филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Зейнуллина. Оның сөзінше, Бұқар жыраудың туған жылына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейбір тарихшылар 1668 жылы туған десе, тағы біреулер 1683 жылы дүниеге келіп, 1780 жылы дүниеден өтті деген уәж айтады. Ал, қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің зерттеуінде Бұқар жырау 1684 жылы туған деп жазады. Бабамыз дүниеге келіп, он жасқа келгенше мылқау сияқты жүріпті. Ал одан асқаннан кейін бірден төгіліп сөйлеп, өзінің ақындығымен, шешендігімен аты шыққан. Алғаш дүниеге келген кезде Әнет бабамыз Бұқар деп азан шақырып ат қойып, «есімің бұқара халыққа танымал болсын» деп батасын берген екен.
— Бұқардың көптеген шығармалары қазақтың ауыз әдебиеті бойынша жетті. Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты монографиясында ақынның кез-келген қара сөзі поэзияның заңдылығына сәйкес жазылғаны айтылған. Жырау мұраларына тоқталар болсақ, ол әйел тақырыбында бес мыңға тарта жыр-толғау жазып қалдырған. Біздің қолымызда соның оншақтысы ғана бар. Жыраудың шығармаларында қазақ қоғамы қолданбайтын, яғни ұмытылып қалған сөздер көп кездеседі. Бұқар жырау жеті-сегіз ханның ақылшысы болған екен. Соның кейбіреуі Бұқарды оның шешендігіне, шындықты бетке тура айтатын өткірлігіне байланысты ұнатпаған дейді. Тіпті, Тәуке хан уәзірлері арқылы оны хан сарайынан алшақтатуға дейін барыпты. Ал, Бұқардың сөзіне тоқтап, оның ақыл-кеңесіне бағынғандардың бірі – Абылай хан. Сондықтан болар ол билік басында көп уақыт отырды, қарапайым халыққа да сыйлы болды, — дейді Айман Зейнуллина.
Жиын барысында А.Зейнуллина жыраудың биылғы мерейтойына байланысты бірқатар ұсыныс айтты. Мысалы қанатты сөздерін қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарға ілу, мектептерде, колледждерде жыр, толғауларын оқытып, баталы сөздерін жаттату. Сонымен қатар, Бұқар бабамыздың жыр-толғаулары бойынша терме байқаулары мен сурет көрмелерін ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдарында танымдық материалдар жариялау және ауылдарда аралап, көшпелі семинар өткізу шараларын қолға алу қажет. Сондай-ақ, облыс орталығынан бір көшеге және бір оқу орнына Бұқар жырау есімін беру қажет.
Тілеуберді САХАБА