Қазақтың тарихы қазаққа ғана керек!

Немесе тарихи жәдігерлерімізді қалай қорғаймыз?

Ашық аспан астындағы ландшафті мұражай дегенді естуіңіз бар ма? Білмесеңіз, мектеп қабырғасында өткен тарих пәнін бір сәт еске түсірсеңіз археологиялық ескерткіштер, балбал тастар, көне орындар көз алдыңызға келеді. Міне, солар еліміздің, жеріміздің тарихынан сыр шертетін ескерткіштер. Көпшілік білетін және музейлерден көріп жүрген ежелгі заттар жоғарыда айтылған тарихи кешендерді қазу кезінде табылған. Ал, ашық аспан астындағы көне жәдігерлерді түгелдей бірден мұражайға әкелген жөн бе? Әрине, бәрін емес. Еркіндікті аңсаған бабалардың мұрасы бейбіт заманда да бұзылмай сақталуы үшін не істеу қажет? Кең-байтақ даламыздың төсінде күрек ұстап жүргеннің бәрі археолог па? Осы және өзге де сұрақтарға  ҚР Ұлттық мұражайының “Халық қазынасы” ғылыми-зерттеу институты Тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімінің жетекшісі Айбар Қасенәлі жауап береді. 

СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 80 ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛҒАН

A26J0266— Айбар мырза, “Халық қазынасы” ғылыми-зерттеу институтындағы өзіңіз жетекшілік ететін тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімінің негізгі атқаратын қызметін атап өтсеңіз?

— Біздің бөлім негізінен үш бағыт бойынша жұмыс атқарады. Олар: Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы: археологиялық және заңнамалық талдау, ҚР археологиялық және ғылымиреставрациялық жұмыстарды сараптау және Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасының мәліметтер базасын құру мен геоақпараттық картографиялау. Семинар барысында тарихи-мәдени мұра саласындағы заң бұзушылықтар, заңсыз археологиялық жұмыстар және оған қатысты жазалар мен археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарға рұқсат беру мәселелерін баса назара аудардық.

— Құпия болмаса, өзіңіз айтып отырған заң бұзушылықтарға кеңінен тоқталсаңыз…

— Оның жасыратын түгі де жоқ. Керісінше, халық тарихи-мәдени мұра төңірегіндегі түрлі келеңсіздіктерді білгені жөн деп есептеймін. Өйткені, ұлан-байтақ даланың иесі болған бізден басқа ешкімге де тарихи ескерткіштеріміздің қажеті жоқ. Нақты деректерге сүйенсем, соңғы үш жылда, яғни, 2013-2015 жылдар аралығында Бас Прокуратура органдарымен тарих және мәдениет нысандарына қатысты 80 заң бұзушылық анықталған. Оларды облыстарымызға бөлетін болсақ, Жамбыл облысында – 33, ШҚО – 26 және БҚО – 14 заң бұзушылық анықталса, қалған облыстарда бірен-саран ғана жағдайлар орын алған. Солардың ішінде жиі кездескені – ескерткіштердің құжаттамасының болмауы, олардың қорғау тақталарының болмауы және ескерткіштердің жойылуы.

ТАРИХИ МҰРАМЫЗҒА ӨЗ МҮЛКІМІЗ СЕКІЛДІ ҚАРАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

лицензия археология—Тарихшыларымыздың бірінен шетелде қазба жұмыстарымен айналысып жүрген біреуді байқаса оны сұрақтың астына алып, керек болса лицензияларын сұратады дегенді естідік. Бізде бұл жағы қалай?

—Елімізде Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі N1488-ХІІ Заңы бар. 40-бапта көрсетілгендей «Археологиялық ескерткіштерде қазба және барлау жұмыстарын жүргізу» лицензиясы бар адамдарға ғана қазба және барлау жұмыстарын жүргізуіне рұқсат етіледі. Өзің айтқандай, шетелдегі азаматтар секілді біздің де қандастарымыз тарихи жәдігерлерге өз мүлкіндей қарап, бөтен біреуді байқаса не істеп жүргенін сұрап, қазбамен айналысып жүрген
болса лицензиясын сұрағаны жөн. Сонда ғана жоғары айтып өткендей 80 заң бұзушылықтың бірі де болмайды деп сенемін.

— Осы уақытқа дейін қанша лицензия берілді?

— Архелогия саласында 2007 жылдан 2015 жылдың соңына дейін жалпы саны 200-ден астам лицензия берілген. Бір айта кететіні, лицензия иелері мемлекеттік мекемелермен қатар жеке тұлғалар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де бола алады. Олардың бұл саладағы үлесі шамамен 70 пайызға жетіп отыр.

A26J0143— Заң бұзған азаматтарға арнайы жазалар бар ма?

— Әрине бар. Қылмыстық және әкімшілік жаза археология саласында да қарастырылған. Мәселен, Қылмыстық Кодексте көрсетілгендей – 294-бап. Тағылық (вандализм); 295-бап. Археологиялық
жұмыстарды заңсыз жүргізу; 193бап. Ерекше құндылығы бар заттарды жымқыру және Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу 196-бап. Аталған баптар бойынша кінәсі дәлелденген күдіктілер қылмыс ерекшеліктеріне қарай 50 айлық есептік көрсеткіште айыппұл арқалайды немесе 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңында бекітілгендей – 124-бап. Үгіт материалдарын орналастыру, 145-бап; ҚР тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу; 156-бап. ҚР мәдениет туралы заңнамасының талаптарын бұзу; 447бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзу; 448-бап. Кәмелетке толмағандардың вандализмі; 472-бап. Заңнамалық актiлерде көзделген жағдайларда жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне келіп түскен мүлiктi есепке алу және одан әрi пайдала
ну қағидаларын бұзу және 510-бап. Шекара аймағында шекара режимiн және жекелеген жерлерде болу тәртiбiн бұзу. Бұл баптар бойынша кінәлі деп танылған азаматтар мемлекетке 30 бен 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

A26J9990— Жергілікті атқарушы билік органдарына қандай міндет жүктелген?

— Иә, олардың да тарихи-мәдени мұраны қорғауда тиісті міндеттері мен құзіреті бар. Ол да заңымызда айқын көрсетілген. 18бапта аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында:

– Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етедi;

– уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерткiштерiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi;

– облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына немесе уәкiлеттi органға өздерiнiң құзыретi шегiнде, тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң бүлiнуiн, құлау қаупiн жою жөнiнде ұсыныстар енгiзедi,—делінген. Тағы да баса айта кетейін, тарихи мұраларымыз, ескерткіш жәдігерлеріміз бізге ғана керек. Сондықтан, міндеттің бәрін мемлекетке және тарихшыларға ғана жүктеп қоймай, есі кірген баладан бастап дана қарияларымызға дейін ашық аспан астындағы сан ғасырлар сақталған кешендерімізді қорғаса екен.

— Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Еңбегіңіз жемісті болғай!

Сұхбаттасқан — Ермұрат ШОПАН

Суреттерді түсірген Ғани ӨМІРБЕКОВ