Бұрынғы дәуір адамдары ораза ұстаған ба?
Мысалы, көне мысырлық балгерлер жылына жетi күннен жетi аптаға дейiн ораза ұстапты. Қытайлықтар жай күндерде бастарына бiр iс түскенде өздерiн ораза ұстауға мәжбүрлейтiн. Кейбiр қытайлықтар мен тибеттiктер жиырма төрт сағат ораза ұстаған екен. Гректер болса, әйелдерiн көбірек ораза ұстауға мәжбүрлепті. Юнондық тайпалар соғыс бастамай тұрып бiрнеше күн қатарынан ораза ұстайтын болыпты. Римдіктер мен италияндықтар жау шабуылға шыққанда, оларға қарсы шайқаста жеңiске жету үшiн ораза ұстайтын болған.
Кейбір діндерде үш мезгіл тамақтың бір мезгілін жемеуді ораза ғибадаты деп санаса, қайсыбір діндерде түске дейін аш жүруді ораза дейді, кейбір діндер тамақтың ешқандай түрін жемей, бірақ су ішіп жүруді ораза деп түсінеді, кейбір діндер астың кейбірін жемей ораза ұстайды. Мысалы, христиандарда жануарлардың етін, құстардың жұмыртқаларын қырық күн жемей жүруді ораза дейді. Бүгінгі күнгі христиандардың бір қазанда сорпасы қайнамайтын секталары өте көп, сондықтан ораза ұстау әрқайсысында әртүрлі болуы да мүмкін. Ал исламдағы ораза — иләһи мағынаны қамтитын, нағыз ғибадат.
Мирас Кесебаев