Мәшһүрден қалған мұра
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде қазақтың ұлы ойшылы, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұраларына арналған «Ғұлама тағылымы» атты көрменің ашылуы болды. Көрмеге Алматыдағы ғылыми кітапхана қорында сақталған және бұған дейін Павлодар музейлеріне қойылмаған ғұлама қолжазбалары, ескі кітаптары және қазақ зиялыларының жазған хаттарының түпнұсқалары қойылды.
Алматыдағы Ғылым ордасы жанындағы орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаеваның сөзінше, ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің биылғы 160 жылдық мерейтойына орай аймақтарда түрлі көрмелер ұйымдастырылып, ғұламаның қолжазбалары мен жеке заттары көрсетілуде. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылған көрме де осы мерейлі датаға орайластырылып отыр.
— Көрмеге ғұламаның өз қолымен жазылған 29 құжатын алып келдік. Бұл құжаттарды біз ақынның туған жері – Ертіс-Баян өңіріне алғаш әкеліп отырмыз. Мақсатымыз – Мәшһүр атамыздың өшпес мұраларын оның жерлестеріне көрсету, таныстыру. Біз алып келген 29 құжаттың 25-і қолжазба және қалған төртеуі сирек кездесетін ескі кітаптары. Сонымен қатар, қолжазбалардың электрондық нұсқасы көшірілген дискілер әкеліп отырмыз. Соңғыларын музей ұжымына сыйға тартпақпыз, — дейді Қарлығаш Ескендірқызы.
Көрмеге әкелінген төрт кітабы – «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» және «Хал ахуал-1», «Хал ахуал-2» деп аталады. Ғұламаның бұл еңбектері 1907-1912 жылдары аралығында Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспасында басылып шыққан. Кітаптары мен қолжазбаларының дені Алматыдағы ғылыми кітапхана қорына 1950 жылдары түсіпті. Құнды мұраларды кітапханаға Мәшһүр Жүсіптің туыстары және көзін көрген жақын адамдары тапсырыпты. Сонымен қатар, қазақ зерттеушілерінің Мәскеу, Қазан, Ташкент сынды үлкен қалаларға жасаған ғылыми экспедициясы барысында көп құжаттар табылған екен.
— Мәшһүр Жүсіптің бізде сақталған қолжазбаларының көбі қазақ фольклорына тарихына, әдебиетіне және мәдениетіне қатысты жазылған. Мысалы ретінде айтсақ, ешбір жерде кездеспейтін бата үлгілері, жар-жар, беташар, жоқтау, жұбату жырлары бар. Бұдан бөлек, Жанақ пен Түбек айтысы, Ұлбике мен Күдері айтысы, Мөңке мен Опан айтысы, Ақбала мен Боздақ айтысын оқуға болады. Сонымен қатар, Абылай хан және сол кездегі батырлар туралы жазбалары мен дін туралы аңыз-дастандары бар, — дейді Қарлығаш Ескендірқызы.
«Ғұлама тағылымы» көрмесіне Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларынан бөлек кесене жанындағы мемориалдық мұражайында сақталған жеке заттары да әкелінді. Яғни, көрмеге келгендер ғұламаның кезінде өзі пайдаланған Құран кітабын, қалта сағатын, бой тұмарын, кісе белбеуін, дәрет алған құманын, ақша салған әмиянын, тіз тазалайтын мүстігін тамашалай алады.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі директорының міндетін атқарушы Жеңіс Молдабековтің сөзінше, көрме үш күнге жалғасады. Сондықтан, Мәшһүр Жүсіптің бұрын-соңды біздің өңірде қойылмаған құнды мұралары мен жеке заттарын тамашалаймын деушілерге есігіміз ашық дейді ол.
Тілеуберді САХАБА