Ақсу қаласында Smart City жобасы іске асырылды
Ақсу қаласында «Smart City Aksu» жобасының тұсаукесері өтті. Енді осы элекрондық қосымша арқылы тұрғындар жергілікті полиция, тұрғын үй инспекциясы, жер қатынастары, ішкі саясат, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет және спорт, тұрғын үй шаруашылығы мен білім беру бөлімдері сияқты тоғыз мемлекеттік органның қызметіне қол жеткізе алатын болады.
Жоба авторы – «BFGroup» компаниясының директоры Сергей Голышев. Ол бұған дейін Павлодарда «Ақылды үй» қосымшасын әзірлеген.
– ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктер» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, бүгінгі күні еліміздің қоғамының алдында 10 негізгі міндет тұр. Олардың біреуі – «Smart City ақылды қалалар» концепциясы. Президент мемлекет қалаларын басқару үрдісіне заманауи технологияларды енгізу мен халық үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттілігі жөнінде ерекше айтып өтті. Бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан бағдарлама ел тұрғындары үшін пайдалы болмақ. Қаланың кез келген азаматы білгісі келетін әлеуметтік сұрақтардың жауабын осыдан алатын болады, — деді Ақсу қаласы әкімі аппаратының басшысы Бибігүл Нұркенова.
Қалыптасқан дәстүр бойынша бірінші болып тіркелген қосымша қолданушысы сыйлыққа ие болды. Бұл жолы сыйлық Самал Белгібаеваға бұйырды.