Павлодар облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыратын болады
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Павлодар облысында жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 183 жоба жүзеге асырылмақшы. Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингде мәлімдеді.
Бұл аймақтың экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 52 жоба, ал осы жылы 131 жоба жүзеге асырылды. Аймақтың осы бағдарламалар аясында атқарған жұмыс нәтижелері «ҚазМедиаОрталықтың» холында ұйымдастырылған арнайы көрмеде де көрсетілді. Қала тұрғындарының ең сүйікті жобаларына айналған «Ұлы Дала елі» этнофестивалі 2017 жылы жүзеге асырылған ең негізгі жобалардың бірі болды.
– «Ұлы Дала елі» этнофестивалі күннен-күнге танымал болып барады. 70 мыңнан астам көрермен этнофестивальді тамашалау үшін келді. Қонақтар біздің және көрші облыстардан ғана емес, сонымен қатар диаспоралар Ресейдің Алтай өлкесінен, Омбы, Новосібір облыстарынан, Саратов қаласынан шақырылды. Шетелдіктер де жиі келіп тұрады. Олардың көбі осы фестивальдің өткізілетіні жайында біліп, демалыстарын сол уақытқа келтіріп алады. Германияға кетіп қалған адамдардың ішінде де осы мерекені көргісі келетіндер аз емес. Өткен жылы этнофестиваль қонақтары қатарында Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен келген этникалық қазақтар болды. Олармен біз бірталай мәселелерді талқыладық, – деді аймақ басшысы.
Биыл Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы, Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығы, Естайдың 150 жылдығы және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы аталып өтілуде. Барлық салтанатты іс-шаралардың түйіні «Ұлы Дала фестивалінде» болады. Арнайы республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр.
-Павлодар облысында салт-дәстүрмен байланысты орындардың инфрақұрылымы жақсартылып келеді. Ғалымдар Есім ханның ордасы орналасқан жерде зерттеулер жүргізбек. Сонымен қатар өңірде Қазақстан мәдениетін көрсетіп дәріптейтін «Әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» жобасы жүзеге асырылып келеді. Иса Байзақов атындағы филармониялық қоғамның симфониялық оркестрі Италияның 7 қаласын аралап, 22 концерт берді. Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры Египет мемлекетін аралап, өнерін көрсетпек, – деп атап өтті Болат Бақауов.
Брифинг барысында облыс әкімі жаңа мұражайдың жағдайына байланысты сұраққа жауап берді. Галереяның ашылуы келесі жылға жоспарланып отыр. – Біз ERG компаниясымен серіктестік жөнінде меморандум жасастық. Оған сәйкес мұражайдың салынуына 300 миллион теңге бөлінетін болады, – деп мәлімдеді Болат Бақауов.
Өз тілшіміз.