Тәжібек МҰСАЕВ, Түркістан қаласының әкімі: «ОРЫНБАСАР БОЛАМЫН» ДЕП ТЕ, «ӘКІМ БОЛАМЫН» ДЕП ТЕ ҰМТЫЛҒАН ЕМЕСПІН»

«Ауыл шаруашылығының өзінен 1 жылда 14 миллиард теңге өсім бермек ниеттеміз» 

– Тәжібек Қалманұлы, былтыр жылдың соңына таман 262 мыңнан астам халқы бар Түркістан шаһарына әкім болып тағайындалдыңыз. Содан бері 4 айыңыз сырғып өте шығыпты. Дегенмен Түркістан сізге бөтен емес қой. Алдыңғы лауазымдарыңызды айтпағанда, тек соңғы 4 жылдың өзінде қала әкімінің орынбасары болдыңыз. Осынау мерзім аралығында қаланың көсегесін көгертуге қатысты жоспар құрып, меже белгілей алдыңыз ба? Иә, түсінеміз, ОҚО әкімінің 1-орынбасары болып Шымкентке бет алған Әліпбек Өсербаевтан кейін қала тізгіні Сізге тапсырылғанда, жыл түгесіліп-ақ қалып еді. Әйткенмен 2017 жылдың қорытындысы хақында аз-маз сұрамасақ, тағы болмас. 

– 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, Түркістан қаласының жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 108 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде ауыл шаруашылығының үлесі – 40 пайызды, кәсіпкерлік – 14, қызмет көрсету салалары – 34,4, құрылыс саласы 11 пайызды құрап отыр. Негізі, шаһардың дамуында 3 бағыт – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм маңызды рөл ойнайды. Сол себепті қаланың даму тұжырымдамасын осы салаларға негіздедік. Оны жуырда облыс әкімінің алдында қорғап шықтық.

Елбасы өзінің Жолдауында, әсіресе, ауыл шаруашылығы өндірісін алдағы 5 жылда 2,5 есеге ұлғайтуды тапсырған-ды. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде Түркістанның ЖІӨ-індегі 108 миллиард теңгенің 44 миллиарды ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Әрине, бұл ретте Жолдауда жүктелген міндеттің үдесінен шығу оңай шаруа емес. Сондықтан біз агросекторда ауқымды тірліктерді қолға алып жатырмыз. Бірінші кезекте жаңа инновациялық жобаларды енгізуіміз керек. Агротехникалық шараларды өз деңгейінде ұйымдастыру мен егістіктің барлығын сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге, қайта өңдейтін цехтарды ашу мен айналымға жаңа суармалы жерлерді қосуға қатысты көптеген жоспарларымызды бекіттік. Бәрі нақты. Соның нәтижесінде биыл, сәтін салса, ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесін 58 миллиард теңгеге арттыруды межелеп отырмыз. Яғни 2017 жылмен салыстырғанда, ауыл шаруашылығының өзінен 1 жылда 14 миллиард теңге өсім бермек ниеттеміз. Оған мүмкіндіктеріміз жеткілікті.

Бұл ретте, Елбасының тапсырмасына сәйкес, шағын су қоймаларын салуды қолға алғанымыздың да пайдасы тимек. Су қоймасы, біріншіден, су тасқынының алдын алуға, екіншіден, суармалы жерлердің көлемін арттыруға септігін тигізбек. Бүгінгі таңда шағын 8 су қоймасын салуға бекіндік. Қала әкімдігінен талап етілетін тиісті құжаттарының барлығын реттеп, облыстық құрылыс басқармасына өткізіп қойдық. Биыл техникалық-экономикалық негіздемесіне қаржы бөлінеді деген үміттеміз.

Естеріңізде болса, өткен жылы желтоқсан айында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен Үшқайық ауылдық округінде жаңадан «Қарашық» шағын су қоймасы пайдалануға берілді. Ол төңіректе қосымша 350-400 гектар алқап игеріледі деген жоспар бар.

Жалпы, Сырдария өзенінің бойында игерілмей жатқан жерлер жеткілікті, соның әзірге 4 мың гектарға жуығын кәдеге асырмақ ойдамыз. Ол жерде 2 ауылдық округіміз орналасқан, биыл біреуі – 300 гектар, екіншісі 110 гектар алқапты суармалы жер ретінде айналымға қосады. Яғни биылдың өзінде 800-900 гектар жерді егістікке айналдыруға мүмкіндік бар.

Есептеп көрдік, 1 гектар аумағыңыз – әжептәуір табыстың көзі. Мәселен, мақтадан орташа есеппен 3 мың доллардай немесе 500 мың теңгенің төңірегінде, ал бақшалардан – миллион теңгенің үстінде, көкөністен 1,5 миллион теңгедей өнім алуға болады. Иә, соңғы уақытта облыс әкімі қарқынды баудан 20 мың долларға дейін өнім алуға болатынын жиі-жиі еске салады. Әйткенмен қарқынды бау Түркістанның топырағына келіңкіремейді. Біздің жеріміз мақта, жүгері, бидай, мақсары, көкөніс, бақша дақылдарынан өнім алуға бейімделген. Сондықтан суармалы жерлерді айналымға қосу арқылы, қалай болғанда да, өнім көлемін арттырамыз. Бұл – бір. Екіншіден, «ақ алтын» тұқымының сапасына соңғы жылдары ерекше көңіл бөле бастадық. Осында «Тұран» атты шаруа қожалығы бар. Соның базасында ғалымдармен бірлесіп, «Түркістан» деген сортты дүниеге әкелдік. Оны аталмыш шаруашылықтың егіс алқабында іс-тәжірибеден өткізіп, қолданысқа енгіздік. Ол өткен жылы нәтижесін берді. Мысалы, кешеге дейін Кеңес дәуірінен келе жатқан «С-4727» дейтін сортты егетінбіз. Оның өнімділігі гектарына 20-22 центнерден аспайтын. Ал былтыр бұл көрсеткіш 27 центнерге жетті. Яғни «Түркістан» сортының өнімділігі шынында да жоғары екеніне, сондай-ақ басқа да параметрлерінің дұрыстығына көз жеткіздік. Биыл енді тіпті Мақтаарал ауданынан осы шитке сұраныс пайда бола бастады. «Не ексең, соны орасың» демекші, сондықтан тек сапалы тұқымға көңіл бөлуіміз керек. Бұл бағытта шаруаларға бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өйткені бұрын бір жылдық басым дақылдарға мемлекет субсидия беретін. Өткен жылы 3 түрлі дақылға берді. Ал биыл ешқайсысына берілмейді. Тек мақтаның алынған өніміне ғана субсидия беретін көрінеді.

Иә, кешеге дейін мақта алқабының гектарына 20 мың теңгеден субсидия төленетін, яғни 10 гектар ексеңіз, 200 мың теңге –  қалтаңызда. Әрине, диқанның шығыны көп: жерді жыртады, өңдейді, суарады, т.б. Бірақ ол жерге егіп жатқан тұқымыңыз сапалы ма, сапасыз ба? Субсидияны гектарына беретін болғандықтан, бұл мәселе кейінгі планға сырғып кететін. Енді өнімділікке берсе, сіз тұқымның сапасына ерекше көңіл бөлесіз. Осыны шаруаларға егжей-тегжейлі түсіндіріп жатырмыз.

Агросектордың екінші бағыты – мал шаруашылығына келсек. Асыл тұқымды малдардың үлесін көбейтуге күш салып жатырмыз. Себебі қарапайым мал мен асылтұқымдысын салыстырсаңыз, айырмашылығы бірден байқалады. Ет бағытында да, сүт бағытында да. Қазіргі таңда Түркістанда асылтұқымды уақ мал бойынша 5 шаруашылық бар. Бұйыртса, тағы үшеуін қатарға қоспақшымыз. Өзі асылтұқымды уақ малдың, ірі қараның, жылқының шаруашылығын тіркейтін республикалық палаталар бар, әлгі 3 шаруашылықты да соған тіркеп, мәртебесін белгілесек, ертең ол өзінің төлдерін басқа шаруа қожалықтарына сата алады. Сатып алған шаруа қожалығына мемлекет субсидия береді. Мұндағы түпкі нәтиже еттен, сүттен алынатын өнім көлеміне әсер етеді.

Бұдан бөлек құс шаруашылығы да назар аударуды қажет етеді. Жан басына шаққанда, бір жылда адам қанша жұмыртқа тұтынуы керектігін анықтайтын норматив бар. Соған сайсақ, Түркістан қаласының тұрғындарына жылына 36 миллион жұмыртқа қажет екен. Біз соның 10-ақ миллионын жергілікті жерде өндіріп отырмыз. Ар жағындағы 26 миллионын сырттан тасимыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Оранғай ауылдық округінде «Яссы құс» шаруа қожалығы құрылды. Онда немістің көп жұмыртқалайтын тұқымының тауықтары өсірілуде. Былтыр жұмыртқа бағытындағы 22 мың шөжені Алматыдан әкеліп, жобаның 1-кезеңін іске қосты. Бұл тауықтар 26 сағатта 1 жұмыртқа салады. Есептеңіз, 22 мың құс күніне 20 мың жұмыртқа табады десек, бір жылда 7 миллионнан асады екен. Енді соның 2-кезеңін іске қосқалы жатырмыз. Шаруашылық иесі АТФБанктен 73 миллион теңге несие алды. 15 пайыздық үстемеақымен. Оның 7 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекет төлейді де, сонда кәсіпкерге 8 пайызы ғана қалады. Бүгінде Бельгиядан қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп, жұмыртқа бағытындағы 32 мың бас құсты өсіруде. Екі айдан кейін іске қосылады. Яғни келер жылы Түркістан қаласын біршама өзімізде өндірілген жұмыртқамен қамтамасыз етеміз.

Мемлекет қолдау көрсетіп жатқандықтан, қазір бұл бағытта шаруалардың ынта-ықыласы жақсы. Бір жылда кем дегенде 20 миллион жұмыртқа өндірсеңіз, мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Данасына 2 теңгеден субсидия беріледі. Егер «Яссы құс» өз шаруашылығының 3-кезеңін іске қосса, бұл межені бір өзі-ақ бағындыруға қауқарлы. Сонда 40 миллион теңге субсидия алады деген сөз. Бұдан мемлекет те, кәсіпкер де ұтылмайды. Қала әкімдігінің көрсеткіштері жақсарады. Қаншама адам жұмыспен қамтылады. Салық түсімдері есебінен бюджет толығады.

Сонымен қатар «Бекзат» шағынауданында «Golden Camel Group LTD» ЖШС атты қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны түйе сүтін өңдейтін үлкен зауыт салып жатыр. Құрылысы өткен жылы басталған. Биыл тамыз айында іске қосылмақ. Бұл – түйе шаруашылығын дамытуға ерекше серпін беретін жоба. Тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеп, таблетка жасап, 7 түрлі энергетикалық сусын шығармақшы.       

– Тамаша жоба екен. Бірақ 100 тоннаны тауып беруге Түркістан қаласының әлеуеті жете ме? Әлде ол өндіріс ошағының өз шаруашылығы бола ма?

– Біздің мүмкіндігіміз – 6-7 тонна ғана. Сондықтан бұл зауыт өндірісіне қажетті түйе сүтін тауып беруді облыс көлемінде жоспарлап отырмыз. Барлық аудандардағы түйе шаруашылықтарының қуаттылығын есептеп қарасақ, күніне шамамен 70-80 тонна сүт өндіріледі екен. Осыған орай аталмыш кәсіпорын жер-жерлерде сүт қабылдау бекеттерін ашпақшы. Ең қарқынды дамыған түйе шаруашылығы –  Созақ ауданында. Одан кейін – Отырар, Шардара аудандары мен Түркістан қаласы. Ордабасы ауданында аздап бар. Сондай-ақ іргеміздегі Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарымен байланыс орнатып, сүт қабылдау бекеттерін ашып, зауытты өз деңгейінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ондай бекеттерді Алматы мен Жамбыл облыстарынан да ашу артықтық етпейді.       

– Түйе сүтін өңдеудің технологиясы қандай екен?

– Зауыттың басы-қасында жүрген мамандардың есептеуінше, 10 литр сүттен 1 келі ұнтақ немесе таблетка алынады. Ол нарықта 60 доллар тұрады екен. Яғни 19 бен 20 мың теңгенің арасы. Олар биылғы тамыз, қыркүйек, қазанда – бас-аяғы 3 айда 100 тонна ұнтақ не таблетка өндіруді жоспарлап отыр. Сонда 1 миллиард 980 миллион теңгенің өнімін өндіреді екен. Шамамен 2 миллиард теңге. Оған энергетикалық сусындар өндірісін қосыңыз. Келер жылғы меже – 500 тонна, ары қарай – 1000, 1500, 2000 тоннаға дейін ұлғайту. Бұл зауыттың шаруасы дөңгелейтініне сенімімізді күшейтетін бір жайт: түйе сүтін қайта өңдеу цехтарына өткізсеңіз, мемлекеттен былтыр 92 теңгеден субсидия берілген. Сондықтан үміт көп. Қазір түйе сүті қолдан-қолға өтіп, Алматы мен Астана қалаларына сатылып жатыр ғой. Ертең қабылдау цехы ашылып, мемлекет қолдау көрсетіп жатса, зауыт жұмысы өз деңгейінде жүреді деген ойдамыз.

– Ол ұнтақ нарықта өте қояр ма екен?

– Құны 7 жарым миллиард теңге тұратын зауытты соғардан алдын қожайындары нарықты әбден зерттеген ғой. Таяу Шығыс, Еуропа елдерінде сұраныс жоғары екен.

– Демек, экспортқа негіздеп отыр екен ғой.

– Иә, негізгі бағыт экспортты көздейді. Осы сияқты тағы да жобаларымыз баршылық. Әлгі зауыттың жанынан 80 гектар аумаққа агроиндустриялық аймақ құрғанбыз. Сол тұстан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры өтіп жатыр. Осы инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, жылыжай салмақшымыз. Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша 67 гектар жылыжай бар. Соның 20 гектардайы – өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай. Соны біртіндеп дамытып, жылыжай салуға ниетті кәсіпкерлерге сол аумақтан жер беріп жатырмыз. Табиғи газ жақын, құбырдың түбінен тарту қиындық тудырмайды. Әзірге сондағы 1 гектар жерді былтыр бір кәсіпкер алып, жылыжай салып қойды. Биыл тағы 2 гектарды кәдеге асырмақшы. Одан бөлек жақында сол жерден қосымша 2 гектар алқапты тағы бір кәсіпкерге бердік. Биылдың өзінде сол аумақтан 5 гектар жылыжайды іске қосуды жоспарлап отырмыз.

– Сүт дегеннен шығады, Ескі Иқанда да сүт өндірісі тәп-тәуір жолға қойылған деуші еді…

– Ескі Иқан ауылдық округінде сүт өңдейтін цех бар. «Тұран» шаруа қожалығына тиесілі. Іске қосылғанына 3 жылға кетіп барады. Сүт өнімдерінің барлық түрін шығарады. Сары май мен ірімшік өндірісіне мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асатын, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге қатысты бағдарлама бар, соған орай «Тұран» да ұнтақ шығаратын желіні қалыптастырып жатыр. 43 миллион теңгенің грантын жеңіп алды. Биыл іске қосады. Ол да 10 литр сүттен 1 келі ұнтақ шығарады. Жаздыгүні сүт көп кезде ұнтақ әзірлеуге жұмыс істейді. Сонда қыстыгүні сүт азайғанда жұртшылық ұнтақ пайдаланады. Ұнтағының келісі 1200 теңге екен.

Бұған қоса Ескі Иқан ауылдық округінде жылына 1200 тонна сүт өңдейтін цехты биыл іске қоспақшымыз. Былтыр жер телімін бергенбіз, бүгінде құрал-жабдықтарын әкеп орнатуда.

Балмұздақ шығаратын кәсіпорнымыз да бар. 6 ай жұмыс істейді. Сәуір айынан қазан айына дейін. Жылына 300 тонна балмұздақ өндіреді. Иесіне біз цехтың екінші желісін іске қосып, балмұздақтан бөлек сүт, айран, йогурт, т.б. өнімдерді шығару жөнінде ұсыныс жасадық. Осыған орай қазір қаржы институттарымен жұмыс істеудеміз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 7 пайызын төлеп береді. Егер биыл жүзеге асып кетсе, өнім көлемі ұлғаяды.

Тауарымызды шикізат күйінде сата бермей, қайта өңдейтін кәсіпорындарды көбейтуіміз керек қой. Себебі шикізатты неғұрлым қайта өңдеген сайын оның бағасы көтеріңкі болады. Қаншама адам жұмыспен қамтылады.

Өндіріс саласында, міне, осы секілді жобаларымыз көп-ақ. Ол қаланың даму тұжырымдамасынан көрініс тапқан да.

– Өнеркәсіп демекші, Түркістандағы индустриялық аймақтың тыныс-тіршілігіне тоқтала өтіңізші.

– «Бекзат» шағынауданында индустриялық аймақ құрғанбыз. Жалпы аумағы – 40 гектар. Ол жаққа 13 жобаны орналастырдық. Әлі де 7 жобаны орналастыруға мүмкіндік бар. 7 гектар жер телімі бос тұр. Алайда жаңа инновациялық жобаларды ғана енгізсек деп, тізгінді сәл тартыңқырап тұрмыз. Кезінде темір-бетон бұйымдарын шығаратын, сондай-ақ кірпіш зауыттарын орналастырып тастап едік. Ол жерде қазір 5 мекеме жұмыс істеуде. Дәлірегі, 2 кірпіш зауыты, 2 темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт және жиһаз шығаратын үлкен цех бар. Соңғысы тәулігіне 80 комплект жиһаз шығарады. 70-80 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ол да жұмысының арнасын ары қарай кеңейту үшін Халық банкінен былтыр 200 миллион теңге несие алған. Несиесінен құтылу үшін «Даму» қоры арқылы мемлекеттен қолдау көрсетілуде. 30 адам қосымша жұмыспен қамтылады ғой. Технологиясын жаңартып, қазір монтаж жасап жатыр. Бір айдың көлемінде іске қосылады.

«Айбек» ЖШС және «CORDIAL Exclusive» атты 2 кәсіпорнымыз бар. Биыл индустриялық аймақта солардың тұсауын кескелі отырмыз. Алғашқысы ортопедиялық матрастар шығарады. Мұндай тауар елімізде өндірілмейді екен. Кәсіпкерлер оны Қазақстанға Еуропадан әкеліп сатады екен. Осы іспен шұғылданып жүргендердің айтуынша, айына 400-дей матрас әкеліп сататын көрінеді. Сонда жылына 4800-5000-дай болады. Оның біреуі 1000 доллардың төңірегінде тұрады екен. Енді аталмыш тауарды Түркістанда шығару үшін кәсіпкер құрал-жабдықтарын Түркия мен Германиядан әкелу қам-қарекетімен жүр. Әйткенмен шикізатын Еуропадан әкеледі. Бұл матрастар адамның тірек-қимыл жүйесіне пайдалы. Жылдың соңында іске қоспақшымыз.  

Ал «CORDIAL Exclusive» жұмсақ жиһаз шығармақ. Құрал-жабдықтарын Түркиядан әкеліп орнатып жатыр. Сәуірдің 1-інде іске қосуды жоспарлап еді, үлгермеді. 20-сына қарай іске қосылады.

Жалпы, қаланың даму тұжырымдамасында түрлі салалар бойынша атқарылатын жұмыстардың бағыт-бағдарларының барлығы көрсетілген. Мысалы, өнеркәсіп саласында былтыр 14 миллиард 813 миллион теңгенің өнімін өндірсек, биыл оны 18 миллиардқа жеткізуіміз керек. Бұл үшін нақты жоспарларымыз бар. «Қандай мекемелермен жұмыс істеу керек? Қайсысының өндірістік қуаттылығын арттыруымыз керек?..» дегендей.

– Түркістан қала болғанымен, өндіріс пен ауыл шаруашылығының ұштасып жатқан жері ғой. Екеуінің үлесін теңестіру үшін 2021 жылға дейін концепция әзірленді деп естіп едік.

– Ол рас. Өйткені шаһар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі мен теміржолдың бойында орналасқан. Өнеркәсіпті дамытуға өте қолайлы жағдай бар. Сол себепті инвесторлармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, индустриялық аймаққа орналастыру үшін жылына 15 мың тонна жүгері өңдейтін зауыттың құжаттарын тиісті комиссияға жолдап қойдық. Қазір таңда кәсіпкерлер құрал-жабдықтарын әкелудің қам-қарекетімен Иран мен Түркияда жүр. Биыл тұсауы кесіледі. Иелері – аталмыш мемлекеттерден көшіп келген қандастарымыз. Оралмандар. Өндірген тауарларын нарықта өткізу мәселесін де жан-жақты ойластырған. Жүгеріні шаруалардан сатып алып, кептіріп, дәнін собығынан ажыратып, қаптамаға салып, шетелге шығарады. Негізінен Иранға экспорттайды. Бағаларына дейін белгілеп қойыпты. Бизнесін экспортқа жоспарлайтын осындай өндіріс ошақтарының пайда болғаны қандай ғанибет! Қаншама адам жұмыспен қамтылады. 

Сонымен бірге Ескі Иқаннан көкөніс өңдейтін цех ашу мәселесімен инвесторлармен ақылдасып жатырмыз.

Қаладан қоқыс-қалдықтарды өңдейтін зауыт салу жөнінде бір компаниямен меморандум жасастық. Алматылық кәсіпкер. Алматы, Қарағанды облыстарында сондай зауыт салған екен. (Мұның алдында осы мақсатта бір шетелдік компаниямен сөйлесіп көргенбіз, олар қалдықты 100 пайыз қалдықсыз өңдейді екен, бірақ құны қымбатқа түсті). Қазіргі таңда жер телімін белгілеп бердік. Келесі айдан құрал-жабдықтарын әкеле бастамақ. Сәтін салса, биыл күзге қарай іске қосылады. Бұл зауыт қоқыс-қалдықтарды 80 пайызға дейін өңдейді. Бәрібір 20 пайыз қалдық қалады екен. Алайда «Біртіндеп қалдықсыз технологияға апарамыз» деп отыр. Бұл кәсіпорын бой көтерсе, қаланың тазалығы ретке келіп қалар еді. 

 

«Халық мемлекет ұсынған бағаны азырқанып, «қосыңдар» дейді»

 

– Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» концепциясы әзірленгенін және оның 3 кезеңде жүзеге асырылатынын білеміз. Қазір қай кезеңіне келдіңіздер?

– Бірінші кезеңіне сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы бетінде орналасқан 12,3 гектар жер бар. Сол аумақта бұзылуға жататын 129 тұрғын үйді мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алып, бұзып, орнын тазалап, онда сыртқы келбеті ортағасырлық қалашыққа ұқсайтын, күллі түркі тектес халықтардың орталықтарын салу жоспарланған. Яғни ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына мүше елдердің әрқайсысы сол аумақта өздерінің орталығын салып, сол жерде өздерінің қонақүйлері, шеберханалары, кітапханалары сияқты әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін дәріптейтін кешендер пайда болса дейміз. Мақсатымыз – Түркістанға келген қонақтардың сонда арнайы ат басын бұрғызып, түркі халықтарының тарихымен, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарымен танысуға жағдай жасау.

– Ол үйлерді мемлекеттік қажеттілікке сатып алу жағы қалай шешілді? Бағалау мәселесінде халықпен ортақ мәмілеге келе алдыңыздар ма?

– Ол үйлердің барлығын бағалап, жалпы құнын 1 миллиард 290 миллион теңге деп есептегенбіз. Соған байланысты халықпен кездесу өткіздік. Бірақ әлгі баспаналардың қожайындары біз ұсынған бағамен келіспей, сатып алу жағы қазір уақытша тоқтап тұр. Оның үстіне ол жер «құрылыс салуды реттеу аймағы» деп аталады. Кесене еншісіндегі жер көлемі 88,7 гектар болса, оған іргелес жатқан қорғау аймағында жұмыс істеуіміз үшін міндетті түрде Мәдениет және спорт министрлігінің келісімі қажет. Кесене ЮНЕСКО-ның тізіміне енгендіктен, министрлік тиісті құжаттарды сол органға жолдаған. Жартыжылдықта ЮНЕСКО-ның келісімін алсақ, жұмысты қайтадан бастаймыз.

– Әзірге бірде-бір үй сатып алынған жоқ қой…

– Бірде-бір үй сатып алынған жоқ. Бір жағынан халықтың да наразылығына тап болғымыз келмейді. 

– Сіздер ұсынған қаржыға көнбей жатыр ғой шамасы.

– Ол да бар. Бірақ тұрғын үйдің құнын нақты бағалайтын лицензиясы бар мекеменің басы екеу емес қой,  ертеңгі күні басымен жауап береді ғой мемлекеттің ақшасына. Ал халық мемлекет ұсынған бағаны азырқанып, «қосыңдар» дейді. Біз қосатын деңгейіне дейін апардық. «Одан артық қосуға болмайды» деп түсіндірдік те…

– Ол үйлерге шамамен қанша ұсынып жатырсыздар?

– Үйінің, жерінің көлеміне байланысты әртүрлі. Шамамен 5, 6, 7, 10, 15 миллион теңге көлемінде. Биыл маусым айында ЮНЕСКО-ның келісімін аламыз деп отырмыз. Мұнан соң әлгі 12,3 гектар аумақтағы үйлерді бағалауды қайта бастаймыз. Өйткені үйлерді бағалаған құжат 3 айдан кейін жарамсыз болып қалады. Халыққа тағы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені ол жерде түркі тектес халықтардың орталығы міндетті түрде салынуы керек. Өткен жылы кесенеге ұзын-ырғасы 1 миллион 200 мыңдай халық келсе, соның 35 мыңдайы алыс-жақын шетелдерден келгендер екен. Жылдан-жылға ат арытып жететін туристер саны артуда. Яғни түркі тектес халықтардың орталығын салсақ, қонақтар қазіргідей кесенені аралап, Ескі Сауранға немесе Үкаша атаға барып, 4-5 сағат аялдап, кетіп қалмай, олар міндетті түрде осында қонып, қаланы аралап, сол жердің атмосферасын сезінер еді. Оның үстіне әр қонақ жүріп-тұруы мен тамағына, жатын орнына қаржы жұмсайды. Кемі 100 доллар қалдырып кеткеннің өзінде қалаға қаншама қосымша табыс түскен болар еді. 1 миллион 200 мың қонақ дегеніңіз аз көрсеткіш емес. Әлгі орталықтар түссе, тағы көбеюі мүмкін.        

Ал 2-кезеңіне келсек, ар жағында тағы 45 гектар жеріміз бар. Ол жерде бұрынғы тарихи қалашықтың іздерін сақтай отырып этносаябақ жасаймыз. Келген туристер сонда ашық аспан астында саябақты аралап, тарихи көшені аралап жүргендей әсерде болады. Оның да жобасын жасап, дайындап отырмыз. Бастайын десек, облыстық қала құрылысы кеңесінде тағы қарап, өзгерістер енгізіле ме деп отырмыз.

– «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой, өзі соңғы уақытта «Түркістан облыстың орталығы болады екен» деген әңгіме елдің аузында жүр ғой. Егер расында да сол шындыққа айналса, бұл шаһардың жаңа тынысы ашылып, тірліктеріңіз біраз ширайтын шығар… Жарайды, осы жерден әңгіме ауанын сәл бұрсақ. Біздің редакциямызға осындағы балабақшаларда жұмыс істейтін қызметкерлер хабарласқан-тын. Айтуларынша, жекеменшік балабақшалар көбейіп, онда 2 топты ғана қазақ тілінде тәрбие беретін етіп, қалғанының барлығын орыс тобы етіп ашып, салдарынан қазақ топтарындағы тәрбиешілер жұмыссыз қалып жатқан көрінеді. Қазақ топтарындағы баланың саны азайған соң, ондағы тәрбиешілердің де жалақылары қысқартып жатыр екен. Осыны зерттеп көрсеңіздер. Мемлекеттік тілдің көсегесін көгертеміз десек… Идеологияға әсер ететін нәрсе ғой. Өзбек отбасылар балаларын міндетті түрде орыс топтарына береді екен.

– Бізде жалпы 75 балабақша бар. Соның 41-і – жекеменшік, 34-і – мемлекеттік. Елбасының тапсырмасына орай 2020 жылға дейін мектепке дейінгі балаларды балабақшамен толық қамтамасыз етуіміз керек. Былтыр бұл көрсеткішіміз 87,5 пайыз болса, биыл 90 пайызға жеткізбекшіміз. 3-4 жыл бұрын балабақшаға орналастыру проблема еді, қазір қарасы көбейгеннен кейін жекеменшік балабақшалар өздері бала іздеп жүр. Мемлекеттік тапсырыстың аясында ың-шыңсыз жұмыс істеп жатыр.

Ал орыс тобына қатысты бізде проблема жоқ. №31 балабақша-мектеп деген бар. Әрі балабақша, әрі 4 жылдық мектеп жұмыс істейді. Сонда орыс топтары барын білемін. Одан бөлек тағы 2 жерде бар. Бірі №19 мектептің жанындағы «Бөбек» балабақшасында орыс тобы ашылды. Екіншісі – тағы бір мектептің жанындағы балабақшада. Бас-аяғы үш-ақ балабақшада орыс топтары бар.

Жалпы, биылғы 1 қаңтардағы статистикаға сүйенсек, Түркістан қаласында 262 мың 455 халық мекендейді. 36,5 пайызы – өзбектер, 3 пайызы – түрлі ұлттың өкілдері, қалғаны – қазақ халқы. Иә, Түркістандағы өзбек ағайындардың барлығы қазақша біледі, сол себепті балалары орыс тілін де үйренсін деген ниетпен орыс тобына беруге бейімдеу шығар. Бұл оның үстіне әр ата-ананың өз құқығы ғой.

Ал жалпы орта білімге келсек, бізде қазақ-орыс тілінде білім беретін 2-ақ мектеп бар. Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия және Мағжан Жұмабаев атындағы №15 жалпы орта мектеп.      

– Айтпақшы, Иқандағы ауызсу жырының бітетін түрі бар ма? Осыдан 2-3 жыл бұрын бұл туралы республикалық «Корреспондент» қоғамдық-саяси газетінде қалам тербегенбіз. Естуімізше, өкінішке қарай, ол әлі шешілмепті… 

– Мен ол тұста қала әкімінің орынбасары едім. Иә, кезінде жобаға сәйкес бәрі жасалған. Ауызсу құбыры толық жүргізілген. Алайда ол уақытта жерасты су қорын зерттеу деген болмайтын. Соның салдарынан су тапшылығы орын алды. Иқаннан бөлек Ескі Сауран, Қаражон елді мекендері бар. Ал қазір механизм өзгерді: жерасты су қорын зерттеп, скважинаны бір жылы қазады, талап бойынша қазғаннан кейін бір жыл тұрады. Сосын мамандар келіп зерттеп, жерастындағы судың көлемі жететін болса, содан соң ғана ауызсу құбырын жүргізеді. Қазіргі талап осындай. Қазір аталмыш 2 елді мекен бойынша жерасты су қоры зерттеліп, биыл қаржы бөлініп, құрылысы жүріп жатыр. Иқанда да жерасты су қорын зерттеу үшін скважинаны қазып қойды. Жерасты су қорының жететіні-жетпейтіні биыл анықталады. Жетсе, дайын тұрған ауызсу құбырына қосады. Жетпесе, ары қарай тереңдете ме, басқаша әрекет ете ме, қажетті шаралар жүргізіледі.

– Қайбір жылы Түркістан қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын салу жоспарланып, бұл мақсатта арнайы аумақ белгіленіп еді. Ол жаққа ннфрақұрылым жеткізілген шығар.

– Бұл төңіректен «Отырар» атты жаңа шағынаудан бой көтеріп келеді. Инфрақұрылымдары бар. Бүгінде 5 қабатты 10 үй пайдалануға берілген. Одан бөлек «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ салған 9 қабатты 2 үй бар. Тұрғын үйдің барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынады. Бүгінгі таңда 20 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық құжаттары дайындалды. Соның 11-іне облыс бюджетінен қаржы бөлінді. Енді конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталса, құрылысты бастаймыз. Жаздағы бюджетті нақтылауда қаржы сұрасақ, тағы 9 үйдің құрылысы жүргізілмек. Сонымен, ағымдағы жылы 20 үйдің құрылысы басталады деп отырмыз. Ол әлеуметтік жағынан әлсіз топтар мен баспана кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. 

– Түркістанда тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 5 жарым мыңнан, ал баспана салу мақсатында жер телімін алу кезегінде тұрғандар 25 мыңнан асатынын білеміз. Демек, мұндағы көпқабатты үйлердің құрылысы бұл мәселені шешуге біршама септігін тигізетін болып тұр ғой.

– Қазіргі таңда мұндағы 640 гектар жерге ғана егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасалса, ар жағында әлі бір жарым мың гектар жеріміз бар. Алғашқыда ол жерге көпқабатты 100 үй түседі дегенбіз, енді онда 500 үйге дейін түсіруге мүмкіндік бар. 500 үйдің әрқайсысында 60 пәтерден болғанда, 30 мың пәтер пайдалануға беріледі. Осының есебінен баспана мәселесі шешілетіні анық. Жаңа үйлер Шымкент және Кентау бағытына қарай салынады. Ол бізге инфрақұрылым, т.б. факторлар жағынан алғанда, қолайлы.    

– Инфрақұрылым демекші, «Түркістанға табиғи газ берілді» дегелі, бірнеше жыл болды. Алайда қаланың 16 пайызы ғана газдандырылды деп естіп едік…

– Табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 3 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 1-кезеңі бойынша 10513 абонент «көгілдір отынмен» қамтылған. Биыл магистралды газ құбырларына – 2, 3-кезеңдеріне мемлекеттен қаржы бөлінді. Инвестор есебінен атқарылатын да шаруалар бар. Бірақ ол бір жылда бітпейді, бұл жерде гәп – қаржының бөлінуіне байланысты. Республикалық бюджеттен. Әр жоба миллиардтаған теңгені құрайды. Сондықтан газдандыру 2021 жылға дейін созылуы ықтимал. Егер бұл реттегі жұмыстар толық біткен жағдайда қаланың газдандырылуы 16,4 пайыздан 75-80 пайызға жетіп қалады.

Одан бөлек Түркістан қаласына қарасты 35 елді мекен бар. Бүгінде Ескі Иқан ауылдық округіне газ жеткізу үшін қаржы бөлінді. Оның құрылысы биыл жыл соңында аяқталады. Үшқайық ауылдық округіндегі 4 елді мекенге де «көгілдір отын» құбырын тарту жұмыстары басталды. Келесі жылы бітуі мүмкін. Тағы 3 ауылдық округті газбен қамту жобасына ақша бөлінді. Әрине, газдандыруда басымдық бірінші кезекте қалаға берілгенімен, ауылдарды да қоса-қабат алып жүрміз. 2022-2023 жылдарға қарай Түркістан қаласы бар, оған қарасты ауылдары бар, толық газданады.     

– Үш ауысымды, апатты мектептер жоқ па?

– Бізде жалпы 73 мектеп болса, соның 11-і ғана ыңғайластырылған, қалғанының барлығы типтік. Апатты жағдайдағы мектеп жоқ. Алайда қалаға жақын маңда орналасқан, бұрын Қарашық ауылдық округіне қараған Бірлік елді мекені бар, сондағы Е.Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебіміз үш ауысымды. Бұрнағы жылдары онша мән берілмеген бе, назардан тыс қалыпты. Осыған орай ар жағынан құрылыс салынатын жер телімін белгілеп, 300 орындық мектептің жобасына қаржы қарастырып жатырмыз. Қаржыландыру мәселесі биыл бітсе, ендігі жылы құрылысы басталуы керек.

 

«Мемлекеттік қызметтің талаптары жылдан-жылға күшейіп барады»

 

– Мәслихат депутаттарының өзіңізді қолдауы қалай?

– Халық қалаулыларымен тізе қосып жұмыс атқарудамыз. Рас, өткен жылы күзде бірді-екілі депутаттар «Парасат» саябағына қатысты жобамызды қолдамай, «оған жұмсалған қаржыға көпқабатты бір үй салайық» деген ұсыныс айтқан-ды. Алайда көпқабатты 20 үйдің мемлекеттік сараптамасына оң қорытынды алынып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, 20-сы да бой көтереді ғой. 19 үйге беріп, біреуіне бермей қоймайды. Өйткені барлығының құжаты түгел. Осыны көлденең тартып, «Одан дағы «Парасат» саябағы салына берсін» дегенімізде, депутаттармен арамызда кішкене түсінбестік орын алған-тын. Ал қисынға салсақ, Түркістан үлкен қала ғой, шаһардың ортасында баяғыдан келе жатқан бір саябақ бар, бірақ қала аумағы ұлғайды емес пе?! Мүмкіндік болса, қаржы болса, қаланың төрт бұрышынан 4 саябақ салсақ та, артық емес. Қаланың тұрғындары мен қонақтары серуендейтін, бала-шағасын апарып, қыдыратын саябақ болуы керек қой. Міне, осыған депутаттардың көзін жеткізе отырып, қаржыны қайтартқыздық.

Иә, мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты түрлі мәселелер төңірегінде пікір таластыратын, тіпті тартысатын сәттер болады. Ол да қажет шығар. Депутаттар өз ұсыныстарын айтады, біз өз ұстанымымызды білдіреміз. Ақырында бір тұжырымға, ортақ мәмілеге келеміз. Сондықтан анау айтқандай келіспеушіліктер болмайды.   

– Тәжеке, Түркістан қаласының әкімі болып бір күнде қалыптасқан жоқсыз ғой, өмірде һәм қызметте жүріп өткен жолыңыз бар, сол себепті өзіңіздің туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз сұхбат соңында.

– Кентау қаласына қарасты Ащысай поселкесі бар. Сол жақта көп балалы шаңырақта дүниеге келдім. Бір кіндіктен 11 бала тарадық. Әкеміз кен орнында еңбек етті. Сондағы Максим Горький атындағы жалпы орта мектепті бітірдім. Мұнан соң Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» факультетінде жоғары білім алдым. Қолға диплом тигесін жолдамамен Жамбыл облысына барып, жұмыс істедім. Соңыра туған жеріме оралып, Кентау қаласындағы автобус паркінде 2-3 жыл еңбек еттім. Механик, жанар-жағармай инженері болдым. Араға екі жыл салып өзімнің мамандығым бойынша Түркістан аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына ауыстым. Бұл 1985 жылы еді. Міне, содан бері осы салада ұзақ жыл тер төктім. Ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман, аға маман, бас инженер лауазымдарын атқардым. 1997 жылы біздің аудандық басқарманы қалаға қосты. Қосқан кезде қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі болып құрылды. Сөйтіп жүргенде қаладан шағынаудандар ашылды да, мені сектор меңгерушісі етіп жіберді. Иассы ауылдық округінің әкімі болдым. Кейін Түркістан қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып 4 жыл қызмет еттім. 2013 жылдың қазан айынан 2017 жылдың желтоқсанында Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін 4 жыл қала әкімінің орынбасары болдым.

Сірә, Алланың қалауы шығар, қала әкімі лауазымы бұйырып отыр. Әйтпесе өз басым «орынбасар боламын» деп те, «әкім боламын» деп те ұмтылған емеспін. Тіпті бір кездері орынбасарлыққа ұсынғанда, «Болмай-ақ қояйыншы. Бөлім басшысы болып жүре берейінші. Орынбасарлықты өз деңгейін алып кете аламын ба, жоқ па…» деген сияқты уәж айтып, жұмысқа шықпай, уақыт созып алған сәттер де өтті ғой. Әкім «Жұмысқа шықпасаң, босатамын» деген соң, орынбасар болған жағдайым бар. Әлі есімнен кетпейді.

– Биыл Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай «Алпыс – тал түске» қадам басып отырсыз. Алпысында адам не туралы ойлайды екен? Шынымен де тал түс пе екен?

– Мен өзімді тал түс сияқты жас сезінемін. Сырт келбетіме қарап көбінесе жұртшылық алпысты бермейді. 

– Тіл-көзіміз тасқа, реңіңіз елуге енді келе жатқан адамның кейпіндей…

– Алланың нәсіп еткен қызметін атқарып жатырмыз. Шүкіршілік! «Енді облыс басшылығы ұсынған лауазымды абыроймен атқарып, халыққа адал қызмет етсек, соңымыздан бөтен сөз ермесе. Зейнеткерлік жасқа абыроймен шықсақ» дегеннен басқа ой жоқ. Осы күнге дейін елдің көз алдында, бірқалыпты келе жатырмын. Одан асқан қандай бақыт керек! Сондықтан жоғары басшылық қандай жауапкершілік жүктесе де, қолымнан келгенінше еңбек етуге дайынмын.  

– Перзенттеріңіз жолыңызды қуып, шенеунік болды ма?

– Мен жастайымнан мемлекеттік қызметтемін. Жауапкершілігі өте ауыр ғой. Оны балаларым көріп өсті, айтып та отырамын. Оның үстіне мемлекеттік қызметтің талаптары жылдан-жылға күшейіп барады. Білімің де соған сай болуы керек.

Үлкен ұлым Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Экономика» факультетін бітірген. Кейін сырттай заңгерлікті тәмамдады. Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Оны мен де құптадым. Осы қалада тұрады. Оңтүстік Кореяға барып, автокөлік бөлшектерін әкеліп сатады. Бұйырған несібесін тауып жүр. Екінші ұлым – Алматыда. Қазақ-түрік лицейінде оқып, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің дипломын алды. Қазір КИМЭП-тің магистратурасында оқып жатыр. Бітіргесін немен айналысарын көрерміз. Бірақ Түркістанға келгісі жоқ. «Ағылшын тілін тереңдете үйрен» дедім. Француз тілін де меңгеріп жүр, жазда Францияға бармақшы. Өзім шетелдік компанияға жұмысқа тұрғанын қалап отырмын. Бірнеше тілді біледі: қазақ, түрік, ағылшын, француз.

Ал қызым Астанада тұрады. Ол да кәсіпкерлікпен айналысады.      

– Әңгімеңізге рахмет! Қазақтың рухани астанасын көркейтуге, еңсесін әрқашан биік етуге бағытталған еңбегіңіз жана берсін!

Сұхбаттасқандар: Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.