Смағұл Елубай: Көшпенді тірлікті көрген ұрпақ азайып барады
Кеше Елбасы қазақтың маңдайына біткен талантты жазушылары, рухани тарихымыздың тамыршылары, көркем әдебиет пен кинодағы тарихи жадымызға айналған Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Смағұл Елубайды қабылдады. Онда Елбасы өз мақаласында айтылған ойлар мен қоғамдағы бірқатар қордалы мәселені сөз етті.
Бұдан бөлек, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көп сериалы «Қазақ елі» фильмі өткен наурызда көрерменге жол тартқан болатын. Фильмге сын айтушылар да, мін айтушылар да, мақтаушылар да, жақтаушылар да аз болған жоқ.
Осы екі жағдайға орай жазушы, кино сценарист Смағұл Елубаймен әуежайда жолығып, бір-екі ауыз пікір алмасудың сәті түскен еді. Әңгімеміз әуелі Елбасымен болған кездесу жайлы өрбіді.
«Кездесудегі әңгімеміз сол Елбасы мақаласын талдаудан басталды. Өте мазмұнды, салиқалы, тартымды әңгіме болды. Өзара түсіністік болды. Келелі кеңесіміз екі жарым сағаттай уақытқа созылды. Ол жерде барлық мәселе айтылды. Тіл, дін, әліпби ауыстыру, оралман, демография, кино, әдебиет, мәдениет, бәрінің де мәселесі тілге тиек етілді. Мектептердегі үштілділікте жан-жақты талқыланды» — дейді жазушы.
Елбасымен кездесу барысында ерекше көңіл толып, сүйсіндірген бір мәселе осы үштілділікке қатысты ойлар болды деген жазушы өзінің ұсынысын Елбасы ықыласпен қолдағанын айтады.
«Мен кездесуге келгенде бір мәселенің басын ашып алуды ойладым. Ол – мектептердегі үштілділік жайы еді. Осы «үштілділік» деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тиеді. Себебі үштілділік дегенде мемлекеттік тіл мен қалған орыс, ағылшын тілі екеуінің мәртебесін бірдей қойғандай боламыз. Үш тілді де мемлекеттік деңгейде тең дәрежеде көтергендей боламыз. Олай болмауы керек. Қанша дегенмен қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан меніңше, балабақшадан бастап, ешкімнің де ұлтына қарамай мемлекеттік тілде тәрбиеленуі керек. Мектепте де тура солай болуы керек. Бірақ, орыс тіліне арналған пәндер болуы керек, ағылшын тіліне арналған пәндер болуы керек. Негізгі тәрбие мен оқу мемлекеттік тілде жүруі керек. Сонда ғана 11 жыл мемлекеттік тілде оқыған кез келген ұлттың баласы үш тілде сайрап шықса, тіл мәселесі өз өзінен күн тәртібінен түсіп қалатын болады. Ал үш тілді толық меңгерген жас, әсіресе мемлекеттік тілде білім алған баланың бойында қазақтың тарихына, әдебиетіне, жалпы Қазақстанға деген патриоттык сезімі оянады. Сөйтіп біртұтас қазақстандық ұлттың рухы қалыптаса бастайтын болады. Ал егер, олай болмайтын болса, ана әліпби бірінікі, мына әліпби бірінікі болып, орыс мектебі бір бөлек, қазақ мектебі бір бөлек болатын болса, онда бұл өзінен-өзі екіге бөліну болып саналады. Оның болашағы қандай болатыны бәрімізге белгілі» — дейді Смағұл Елубай.
Иә, Елбасының өзі еліміздің бірлігіне баса назар аударып отырғанда, мұндай бөлінушіліктің бізге керекгі де жоқ. Рухани жаңғыруды бастаған Қазақстан үшін мызғымас біртұтастыққа жетер байлық жоқ.
Білім саласындағы біркелкілікті алыстан емес, өз көршілерімізден-ақ байқауға болады. Мысалы Қытайда мектеп мемлекеттік тілде оқытылады. Ресейде, Өзбекстанда, Германияда, Францияда – кез келген мемлекетте мемлекеттік мектептер мемлекеттік тілде оқытылады. Біз соған көшуіміз керек деген ойымды айттым. Бұл ұсынысымды Елбасы қолдады. Менің қуанышым осы болды», — дейді жазушы.
Бұдан кейін де өз ойын сабақтаған мемлекеттік сыйлықтың иегері еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі оралмандар тағдырына алаңдаушылық танытқанын айтады.
«Оралмандар мәселесі туралы да сөз болды. Өкінішке қарай «Нұрлы көш» сәл-пәл саябырсып қалды. «Нұрлы көшке» серпін керек. Жаңа серпін керек, бұл көшке де жаңғыру керек. Себебі онсыз біз осынау ұлттық құндылықтар мәселесін шеше алмаймыз. Неге? Халықтың саны аз, жер кең. Халық саны көбейер болса, ұлттық мәселелер де өз-өзінен шешімін табады. Сондықтан осы мәселеге де қайтадан оралуымыз керек сияқты. Әсіресе біздің Үкімет оралмандар мәселесіне бей-жай қарамауы керек. Өз басым Президентке разы болғаным, осы мәселелерді айтқан кезде ол кісі мақұлдады», — дейді Смағұл Абатұлы.
Мұнан кейін әңгімеміз кино тақырыбына ауысты. Смағұл Елубай бұл тақырыпта Президентпен кездесу барысында да сөз болғанын айтты.
«Әрбір екі-үш жылда бір мықты тарихи фильм шығып тұруы керектігі айтылды. Өйткені кешегі шыққан «Алмас қылыш – Қазақ хандығы» елді дүрліктіріп, еңсесін көтерді. Рухымызды асқақтатты. Тарихи фильмдерге деген сұраныстың өте жоғары деңгейде екенін танытты. Осы ретте Арыстанбек Мұхамедиұлы дұрыс бағытта жұмыс істеп жатыр», — дейді жазушы.
Сәті келгенде біз де өз ойымыздағы сауалды қойдық. Осы «Қазақ хандығы» сериалындағы көшпенділік тұрмыстың жұтаңдығын, ондағы көшпелі тұрмысымызды көрсетер жекелеген детальдардың кемшіліктері барын аңғарттық.
«Оның себебін айтайын. Жалпы Қазақстанда көшпенді болып көрген ұрпақ аз қалды. Киностудияда көшпенді тірлік дегеннің не екенін білетін жалғыз адам жүр. Ол мына алдыңызда тұрған сценарий авторы – мен. Бірақ сценарий авторы анау алаңда түсіріліп жатқан киноның қасына баруға мүмкіндігі жоқ. Тұрақты түрде сол жерде жүруге міндетті емес. Түсіру алаңында редактор мен режиссер жүреді. Ал андай-мұндай кемшіліктер кетіп жатса, оған мен жауап бере алмаймын. Сценарий диологқа, жалпы құрылымына, сюжетіне жауап береді. Сценарийде ол жазылған. Ал детальдарға, үйді қалай тігетініне, атты қайда байлап, отты қайда жағуды немесе ана көр қазып жатқан жер үйге жақын тұрды деген секілді ескертулерге сценарист жауап бере алмайды. Бұндай кемшіліктер қазақтың көшпенді тірлігін көрмеген балалардың ісінің «нәтижесі» деуге болады. Егер өзім түсіру алаңында жүрген болсам, ондай детальдерге мән берген болар едім», — дейді «Қазақ хандығы» сериалының сценарий авторларының бірі Смағұл Елубай.
Әңгімеміз әуежайда өрбігендіктен уақыттың тығыздығына байланысты келте қайыруға тура келді. Дегенмен, осы хандық туралы фильмге орай алдағы уақытта жазушымен келелі сұқбат өткіземіз деген ойдамын.
BAQ.KZ сайтынан