БҰЛ — ЕРТЕГІ, БІРАҚ…
Ертеде қорасы қойға толы, бірақ өзі арам ойлы бір Сиқыршы болыпты. Ол қорадағы қойларынан күнде бірін ұстап, сойып жейді екен. Араларынан күнде бірін сойып жейтін Сиқыршыдан қойлары да өте қатты қорқады екен. Ал Сиқыршы қойлардың бірін ұстап алып сойып жеу үшін көп қуалап үнемі шаршайтындықтан, олармен бір-бірлеп оңаша кездесіп, жеке-жеке сөйлесіп оның қой емес екендігін түсіндіріпті:
«Сен қой емессің, менімен бірдей адамсың, сен менен қорықпа. Мен тек мына малдарды ғана жеймін»,- деп біразына сендіріпті.
Ал кейбіреулеріне: «Сен менен несіне қаша бересің, сен менің ең жақсы досым емессің бе, мен тек мына ақымақ қойларды ғана жеймін ғой, ал сен қой емес қасқыр емессің бе»,- деп сендіріпті.
Осылай әрбір қоймен сөйлескеннен кейін қойлардың әрқайсысы өздерін қой емес, Сиқыршының ең жақын досы екендігіне сеніп тынышталыпты.
Ақыры қойлар қиыншылық-ауыртпалық, өлім-жітім туралы артық ойлардан арылып, көңіл-күйлері орныққандықтан олардың еті де жұмсақ , әрі дәмді болған екен. Сиқыршы да еш әуреленбестен қойларды бір-бірден шақырып, білдірмей сойып жей беретін болыпты.
Сиқыршының басты табысы қойлардың өзі оған көмектесетін болғанында еді. Араларынан қандайбір сенімсіз қой ақиқатты біліп қойып қарсы сөздер айтып, бүлік шығара бастаса әлгі Сиқыршының ең жақын досы болған Қой-Адам, Қой-Қасқыр, Қой-Арыстандар Сиқыршыға дереу хабарлап «оппозицияға өткен» қойдың қолын қол, бұтын бұт қылдырып, үнін өшіретін болыпты дейді…
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ