Оң жақты жақсы көру

Халқымызда барлық істерді оңшылдықты жақсы көру үрдісі бар. Игілікті іс бастағанда «Іс оң болсын!» деп тілек тілеген. Мейрам-мерекеде «Ұлыс оң болсын!» деп құттықтаған. Әрбір істі оң жақтан бастағанды дұрыс көрген. Адамдармен амандасқанда оң қолмен амандасқан, бірдеңе бергенде немесе алғанда оң қолмен, оң жақтан бастаған. Үйге кіргенде оң аяқпен кірген. Жаңа түскен келінді босағадан оң аяғымен аттатқан. Алғаш қадам басқан балаға, жаңадан келген кісіге «Қадамың оң болсын!» деген тілек айтқан. Жағымды нәрсені «оңды» деп бағалаған. Жалпы, оң жақты жағымды, ал сол жақты теріс, жағымсыз деп ұғынған. Бұл ұғымның мұсылмандық ұстанымға қатысы бар. Құран Кәрімде Уақиға сүресінің 27-аятында жұмақтықтар «оң жақ иелері» деп сипатталған. Хаққа сүресінің 19-шы, 25-ші аяттарында жұмақтық пенденің амал дәптері оң жағынан беріліп, ал тозақтықтың амал дәптері сол жағынан берілетіндігі айтылған.

Сондай-ақ, Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір істі оң жақтан бастағанды ұнатқан әрі үмбетіне де солай үйреткен.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا ذَكَرَتْ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يُحِبُّ التَّيَامُنَ مَا اسْتَطَاعَ فِي طُهُورِهِ وَنَعْلِهِ وَتَرَجُّلِهِ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Айша анамыздың (Оған Алла разы болсын)  айтуынша Аланың Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  дәрет алғанда да, аяқ киім кигенде де, шашын тарағанда да оң жақтан бастағанды ұнататын[1].

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُحِبُّ التَّيَامُنَ يَأَخُذُ بِيَمِينِهِ وَيُعْطِي بِيَمِينِهِ وَيُحِبُّ التَّيَمُّنَ فِي جَمِيعِ أُمُورِهِ». رَوَاهُ النَّسَائِيُّ.

Айша анамыз (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оң жақтан бастағанды жақсы көретін. Оң қолымен беріп, оң қолымен алатын. Барлық істерінде оңшылдықты жақсы көретін»[2].


[1] Бұхари, Мүслім, Нәсәи риуаят еткен.
[2] Нәсәи риуаят еткен.

Муслим.кз