ЖАТ ЖЕРДЕ ӨЛГЕН АТАҚТЫ ТҰЛҒАЛАР!

Осы тақырыппен ВК-дан алынып берілген автор Айдар Қазақтың жарияланымын оқып отырып, ойға қалдым. Біздің мұнда аты аталған, аталмаған қаншама азаматтарымыз осы қазақ елінің болашағы, Тәуелсіздігі, ғылымы мен білімін дамыту жолында күресе жүріп, жат жерде дүние салды. «Тірі жүрсем қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген ұлы тұлғалар соңғы демі үзілер алдында жусан иісі аңқыған қазақ жерін, елін ойлаған болар. Олардың сүйегі сонда жерленгенмен, рухы, жаны елімен бірге екені анық. «Ер азамат белгісі, елде туып, түзде өлген» демекші, олардың тар жол тайғақ кешуге толы тағдырлары нағыз ерліктің, күрескерліктің, ұлтшылдықтың, отаншылдықтың үлгісі. Бірі ғылым-білім іздеп, сол мақсатына жетіп, әлемдік дамуға шексіз үлес қосса, екіншісі ел азаттығы, болашағы, жерінің тұтастығы мен тілінің, дінінің сақталуы үшін күресті. Біз бүгінгі өміріміз үшін оларға және осы ұлан ғайыр елді, жерді сақтаған барша ұлы бабаларымызға шексіз қарыздармыз. Бас ие жүрейік!

Әділбек Қаба

СИРИЯ
Əбу Насыр əл-Фараби – Отырарда туып, əлемге даңқы жайылған шығыстың ұлы ойшылы. Философ, математик, астроном, физик, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Əл-Фараби бабамыз 970 жылы Шам шаһарында, қазіргі Сирияның Дамаск қаласындағы Баб əс- Сағир зиратына жерленген. Кесенесі 2010 жылы Қазақстан Үкіметінің ат салысуымен қайта қалпына келтірілді.

ЕГИПЕТ
Бейбарыс сұлтан – 1223-1277 жылдары Мысырда билік құрған. Қыпшақ даласында туған даңқты əмірші Каирде жерленген. 2010 жылы қайта қалпына келтірілген 6 тарихи нысанның тізімінде Бейбарыс бабамыздың да кесенесі бар.

Қайтпай (Толық ныспысы – əл- Əшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай) 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілген. Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мəмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468-1496) болған. Ол Мекке, Мəдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дамашық (Дамаск), Халеб (Алеппо), Александрия секілді шаһарлардың құрылы-сында өз қолтаңбасын қалдырды. Сұлтан 1496 жылы дүниеден өтті. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешеніне жерленген.

ҮНДІСТАН
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) – əйгілі тарихшы, əдебиетші, Моғолстанмен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы. Үндістанның Кашмир штатындағы «Мазари-и Салатин» қорымында жерленген.
ТҮРКИЯ
Хасен Оралтай (1933-2010) – шетелдегі қазақтардың азаттық үшін күрес символына айналған тұлға. Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін 40 жылға жуық басқарған, азаттық идеясын жер жүзіндегі қазақ баласына ұзақ жылдар бойы насихаттаған. Бейіті – Түркияның Салихлы қаласындағы мұсылман зиратында.

Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) – таэк- вондо спортынан əлемнің алты дүркін чемпионы, 6-шы дан иегері. Мұсылман əлеміндегі осындай биіктікті бағындырған жалғыз адам. Атамекеніне оралған арда азамат 1995 жылы Алматыда белгісіз жағдайда көз жұмды. Сүйегі Ыстамбұлдағы зиратта.

ГЕРМАНИЯ
Мұстафа Шоқай (1890-1941) – көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, түркі дүниесінің даңқты күрескері. Қызыл империяның қысымынан елден безіп, алдымен Грузия, сонан соң Түркия арқылы Германияға, одан Францияға барып орнығады. Алаш жұртының қайсар перзенті 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлиндегі «Түрік шаһитлігі мешіті» аумағындағы шағын зиратқа жерленген.

Мəжит Айтбаев (1914, Қызылорда облысы – 1945, Дрезден) – ақын, публицист. Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, немістердің тұтқынында болған. Топырақ Дрезден қаласынан бұйырды.
Махмет Құлмағамбетов (1930-2008) – Орта Азиядан шыққан тұңғыш диссидент. Саяси көзқарасы үшін жазықсыз бас бостандығынан айырылып, жеті жыл түрменің дəмін татқан. Қазақстан тəуел- сіздік алғаннан кейін, Жоғарғы соттың үкімімен ақталды. Мюнхенде көз жұмды.

ҚЫТАЙ
Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) – Қытай, Моңғолия қазақтары арасынан шыққан көрнекті ақын, ағартушы, қоғам қайраткері. Құрандытұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, кітаптары өртеліп, түрмеде азапталып өлтірілген.

Зұқа Сəбитұлы (1867-1928) – қоғам қайраткері, батыр. Жергілікті қазақтарды қытай ұлықтарының қыспағынан қорғауға күш салған. 1928 жылы Қытай əскерлерінің қолынан Зұқа батыр мен оның серіктері қапыда қаза табады. «Өкіметке қарсы шыққандардың көретіні осы» деп жергілікті қазақтарды үрейлендіру мақсатымен Сарсүмбе қаласындағы көпірге Зұқа батырдың басын іліп қояды. Ерлігін құрметтейтін халық кейін оны Белқұдыққа жерлеп, басына үлкен қорған тұрғызған.

Оспан батыр (1899-1951) – Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған əйгілі батыр. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық оны ақ киізге отырғызып хан көтерген. Батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсірген. 1951 жылы 28 сəуірде Үрімжіде асылған.

Əсет Найманбайұлы (1867-1923) – əйгілі ақын, əнші, сазгер. «Əсеттің Кемпір баймен қоштасуы», «Мақпал», «Қара көз», «Майда қоңыр», «Қоңыр қаз», «Қысымет», «Ардақ» секілді əндері халық арасына кеңінен танымал. Аңдаусызда алмаспен уланған дарын иесі қапыда көз жұмды. Қабірі ҚХР, Құлжа уəлаятының Көкқамыр жайлауында.

Жүсіпбек Шайхысламұлы (1854- 1936) – қиссашы, қазақтың ауыз əдебиеті үлгілерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы. Араб, парсы тілдерін жетік білген. 1936 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле ауданының тау баурайында қайтыс болған.

Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) – ақын. 1940 жылдан бастап Қытай үкіметі қазақтың бетке ұстар тұлғаларын аяусыз басып-жаншыған тұста түрмеге қамалып, жан төзгісіз азапқа ұшырайды. 1947 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Зираты ҚХР- дың Іле аймағының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауында.

Дəлелхан Сүгірбайұлы (1906-1949) – саяси қайраткер. Қытайдағы Алтай аймағының уəлиі (губернатор), Алтай атты əскерлер полкының командирі. 1949 жылы Бейжіңге мемлекеттік дəрежедегі арнайы жиынға ұшып бара жатып, ұшақ құлап, қаза тапты.

Жақыпберді Солтанбекұлы (1884, Алматы облысы, Райымбек ауданы – 1932, ҚХР, Жанбұлақ қорымы) – батыр, мерген. Кеңес жəне Қытай өкіметі тарапынан қуғынға ұшыраған тарихи тұлға. 1916 жылы Қарқара көтерілісінде тұтқынға алынған ел ағаларын босатып алу үшін атқа қонған халық жасағына басшылық жасаған. 1933 жылы Күре қамалында Қытай əскері қасында 24 адамы бар Жақыпберді мергенді оққа байлайды. Сүйегі Шыңжаңдағы Жанбұлақ қорымына жерленген.

Мергенбай Жаманкөзұлы (1882, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылы – 1931, ҚХР, Құрманжан көпірі) – батыр, мерген. Алғашқыда Қызыл əскер қатарында қызмет етіп, Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Бірақ кейінгі асыра сілтеушілік саясат Мергенбайдың көзқарасын өзгертуге себепші болады. 1931 жылы көш бастап Қытай жеріне өткенде қалмақтармен шайқаста қаза табады. Батырдың денесі Текес өзені бойындағы, Құрманжан көпірінің оңтүстік-шығысындағы төбешікке жерленген.

Қажығұмар Шабданұлы (1925-2011) – жазушы. Саяси жаламен өмірінің қырық жылға жуығын жазалау лагерінде, түрмеде өткізген. «Қылмыс» трилогиясының авторы. 2011 жылдың ақпан айында өмірден озған қаламгердің сүйегі ҚХР-дың Шəуешек қаласындағы мұсылман қорымында жатыр.

Мүтəліп Əміреұлы (1928-1988) – əйгілі театр жəне кино актері. «Тянь- Шань қызыл гүлі», «Қыз бейіті», «Жетім қыздың махаббаты» сынды атақты кино-фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.

ТИБЕТ
Бөке батыр Жырғалаңұлы (1846- 1904) – ұлт қайраткері. Халқының қамын ойлаған ер, артына жұртын ертіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса қаласына шақырады. Осы сапардан еліне оралған тұста Бөке ауырып, қайтыс болды. Сүйегі Тибет автономиялы районы Алтынтоқ ауданына жерленген.

РЕСЕЙ
Доспамбет жырау (1490 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Ростов облысында дүниеге келіп, 1523 жылы Астрахань маңындағы Азау қаласында дүниеден өткен) – жырау, қолбасшы. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрген. Дешті Қыпшақты көп аралаған. Бақшасарайда, Ыстамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген əскери жорықтарға қатысқан. Тайпааралық ұрыстардың бірінде қаза тапты.

Қадырғали Жалайри (1530-1605) – атақты ғалым, шежіреші. Тəуекел ханның сарайында қызмет етіп, ақылшы міндетін атқарған. Оразмұхаммед сұлтанмен бірге Ресей патшасы Борис Годуновтың қол ас- тында аманатта болған. 1602 жылы жарық көрген «Жылнамалар жинағының» авторы. Ресейдің Рязань облысы, Касымов қаласындағы мұсылман қорымына жерленген.

Бөкей хан Нұралыұлы (туған жылы белгісіз – 1815) – Бөкей ордасының ханы. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын 1580 жылдан Ресей патшалығы иеленіп келген еді. Бөкей хан Ресей патшасы ІІ Павелден қазақтардың осы жерге қоныстануына рұқсат алып, Бөкей ордасының іргесі қаланып, еліміздің батысындағы Ресеймен арадағы шекара шегенделді. Бөкей хан 1815 жылдың 21 мамырында көз жұмды. Зираты қазіргі Ресейдің Астрахань облысы, Красный Яр ауданы, «Малый арал» ауылына жақын жерде.

Арынғазы хан Əбілғазизұлы (1758- 1833) – көрнекті мемлекет қайраткері, дəулескер күйші. Халқына жағымды болғаны үшін ел аузында «Тыным хан» атанған. 1823 жылы патшалық Ресей үкіметі оны қапыда алдап қолға түсіріп, Калугаға жер аударды. Арынғазы хан айдауда жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған.

Құрманғазы Сағырбайұлы (1823- 1896) – қазақтың ұлы күйшісі. «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Балбырауын», «Қуаныш», «Көбік шашқан», «Кішкентай» сынды көптеген күйдің авторы. Күйшінің сүйегі Астрахань облысының Володар ауданына қарасты «Құрманғазы төбе» деп аталатын жерде жатыр.

Сəлімгерей Жантөрин (1864-1926) – ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, меценат. Атақты «Ғалия» медресесін салуға қаржылай ықпал еткен, «Əл-Ғалами əл-Ислами» (мұсылман əлемі) діни-саяси газетінің құрылтайшысы һəм идеялық бағыттаушысы болған. «Алаш» партиясының көсемдерімен араласып, оларға қолдау көрсеткен. 1926 жылы жұмбақ жағдайда өмірден озған Сəлімгерей Жантөрин Уфада жерленді.

Əлихан Бөкейханов (1876-1937) – ұлт тарихында өшпес із қалдырған Алашорда көсемі, қазақ жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі бар байлығы қазаққа қызмет етуін армандап өткен аса көрнекті тұлға. 1937 жылдың тамызында нақақ жаланың құрбаны болып Мəскеуде ату жазасына кесілді.

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақ халқының азаттығы үшін күрескен ұлт қайраткері, классик жазушы, ағартушы ғалым. 1929 жылы «ұлтшыл ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, 1931 жылы ату жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарылды. Мəскеуде жерленген.

Нығмет Нұрмақов (1895-1937) – көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, қаламгер публицист. Алаш арысы Əлихан Бөкейхановпен бір күнде, бір статьямен Мəскеуде атылған.

Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) – мемлекет жəне қоғам қайраткері, ғалым, публицист. Астананы Орынбордан Қызылордаға көшіруде, бұрмаланып келген «киргиз» деген атты «қазақ» деп түзетуде ерен қайрат көрсеткен.

Нəзір Төреқұлов (1892-1937) – мемлекет жəне қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кəсіби дипломат. КСРО- ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дəреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – мемлекет жəне қоғам қайраткері. Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары дəрежесіне дейін көтерілді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген жерінде «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды, Мəскеуде атылды.

Ахмет Бірімжанов (1871-1927) – Алаш жұртының азаттығы үшін күрескен тұлға. Ресейдің І жəне ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сүйегі Ленинградтағы «Волков» зиратында.

Қамбар Медетов (1901-1938) – атақты күйші, өнер қайраткері. Күйшілік талантымен Сталинді таңғалдырған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, Солтүстік Қиыр Шығыста қайтыс болды.

Ғани Мұратбаев (1902-1925) – Орталық Азиямен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мəскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді.

Елизавета Əлиханқызы Сəдуақасова (1903-1971) – «Алаш» қозғалысының көсемі Əлихан Бөкейхановтың қызы, ұлт қайраткері Смағұл Сəдуақасовтың жары. Дəрігер-терапевт, медицина ғылымының докторы. Екінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанған. Мəскеу қаласында қайтыс болған.

Қайырболат Майданов (1956-2000) – Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған жалғыз қазақ. Ауған жерінде барлығы 1250 тапсырма орындап, 1100 сағат уақытын əуеде өткізген. 2000 жылы Чешенстандағы соғыста ерлікпен қаза тапқаннан кейін Ресей Федерациясының Батыры атағы берілді. Қазақтың қыран қанатты қаһарман ұлы Санкт-Петербургте жер қойнына тапсырылған.

Ерік Құрманғалиев (1959-2007) – əйгілі опера əншісі, актер. 1992 жылы «Мадам Баттерфляй» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресейде «Жылдың үздік актері» атанған. Аса сирек кездесетін дауыс иесі 2007 жылы көз жұмып, Мəскеудегі «Ваганьков» зиратына жерленді.

ИРАН
Жарылғап Қырықмылтық (1908- 1990) – Иран қазақтарынан шыққан əйгілі ақын. Туған елге деген жүрекжарды сезімнен туған жырлары отандық мерзімді басылымдарда жиі жарияланған. Гүмбез-Қауыс қаласының іргесіндегі қазақ ауылында өмірден озды.

ӨЗБЕКСТАН
Ер Қосай (1507-1594) – Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ер Қосай түрікменнің ЕрСарыкөсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Ер Қосаймен Оғылмеңлі ана Нүкіс қаласының Бестөбе жерінде мəңгілікке дамыл тапқан.

Тəуекел хан – 1583-1598 жылдары билік құрған қазақ ханы. Бұхар хандығымен күресте Мəскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы елші аттандырған. Бұхара қаласын алу үшін болған ұрыста ауыр жараланып, Ташкентке келіп қайтыс болды. Самарқан қаласында жерленген.

Шығай хан – 1580-1582 жылдары билік жүргізген қазақ ханы. Шайбани мұрагерлерінің арасындағы тақ тартысын қазақ мемлекеттілігін нығайтуға сəтті пайдаланған. Самарқан қаласында жерленген.

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – батыр қолбасшы, би. Батырдың денесі Самарқан өңіріндегі Дағбид қыстағында жерленген.

Төле би (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты би. Тəукені хан етіп сайлап, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға ұйытқы болған. Төле би Ташкенттегі Шайқантəуір зиратына жерленген.

Əйтеке би (1644-1700) – қазақ халқының атақты үш биінің бірі. Тəукені хан етіп сайлауға қатысқан. Əйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Науаи облысының Нұрата деген жерінде.

Сырым Датұлы (1723-1802) – қолбасшы батыр, би, шешен. 1783-1797 жылдардағы орыс отаршыларына қарсы ұлт- азаттық көтерілістің жетекшісі. Патша əскерінен бас сауғалаған Сырым Хиуа хандығыныңжеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оны қапыда улап өлтірген. Сүйегі Қарақалпақстанда жерленген.

Базар Оңдасұлы (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жа- ғын жырау ретінде аралайды. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жыраудың өлеңдері 1925 жылы Ташкентте шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың əдебиет нұс қалары» атты кітапқа енді. Базар жыраудың зираты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде.

Шəді Жəңгіров (1855-1933) – ақын. Ол 30-ға жуық дастан жəне көптеген өлеңдер жазған. Көлемді шығармаларынан қазірше табылғаны – 18 дастан. Өзбекстанның Сырдария облысы Қаратөбе елдімекенінде дүние салған.
Вк. Əлем тарихы