Жазушылардың бәрі советтік идеологияға дем беретін, мадақтайтын шығармалар жазуға мәжбүр болған

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ: Жәкең (Жамбыл) 36-жылы ғана танылған ғой. Содан дүниеден өткен 1945 жылға дейін арадағы 10 жылда оған төрт-бес ақын кезек-кезек хатшы болды. Атайтын болсақ, Қасым Тоғызақов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, ең соңында Ғали Орманов. Бұларды неге жіберіп отыр ұлы жырауға? Әрине, өлең өндіру үшін. Өлең дегенде Жәкеңе арнап жоспар жасалған. Мен ЦК-ның архивінен бір құжатты көрдім. 1938 жылы Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінде «Жамбыл биыл қандай өлеңдер жазуы керек?» деген тізім жасалыпты. Оның ішінде «Сталиндік бесжылдықтар, челюскиншілер, Шота Руставелидің 750 жылдығы» секілді көптеген тақырыптар белгіленген. Челюскиншілерді, Руставелиді Жәкең білмеуі мүмкін. Алайда жанындағы хатшылар соны түсіндіріп, осыларға арнап өлең шығаруын талап етіп отырған. Міне, ұлы жырау Жәкең де еркін болмаған. Оған да көкейдегісін жырлата бермей, тапсырыспен өлең шығаруды міндеттеген. Ол кезде бәрі қадағалауда болды. Ал бұғауды бұзып-жарып шығам деушілер болса, жазасын алды. Жазғандары жойылды. Солай бола тұрса да, сол бір дәуірде қазақ әдебиеті керемет шоқтығы биік дүниелерді бере алды. Рас, ол тұста жазушыларға партия жаман қараған жоқ. Жағдайын жасады, үйін берді, қомақты қаламақы төледі. Қара теңіз бе, Балтық теңізі ме, әлде Мәскеу түбіндегі демалыс орны ма, сондай жерлерге жіберіп отырды. Бір қарасаң, бәрі жақсы. Бірақ шылбырды үзіп кететіндей еркіндік бермеді. Жазған дүниеңді лупамен қарады, сүзгіден өткізді. Сол себепті жазушылардың бәрі советтік идеологияға дем беретін, мадақтайтын шығармалар жазуға мәжбүр болды.