Ата-бабаларымыз салт-дəстүрді берік ұстанып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Сондай-ақ, ру сұрасып, жеті атадан аспаса үйлендірмеген. Осының бәрін қанның тазалығы үшін, ұрпағының ақыл-есінің дұрыс, денінің сау болу үшін жасаған.

Жалпы алғанда, қан мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Оған дәлел ретінде ежелден келе жатқан мысалдар баршылық. Мәселен, ізгі іс жасаған азаматтарды тегіне тартып туған ғой деп жатады. Сондай-ақ, халқымызда “Қанына тартпағанның қары сынсын” деген нақыл сөз бекерден бекер айтылмаған.

Қазақ халқы қашаннан ру сұрасуды жөн санаған. Арғы атасын білмегенді “Жеті атасын білмеген – жетесіз” деп сөккен.

Бүгінде балалы болғысы келген әйелдер жеті атасын түгендемек түгілі, тегі белгісіз, көрмеген, танымайтын ер адамның ұрығын сатып алып, жасанды жолмен бала көтере береді. Ал қан тазалығы сақталып жатыр ма? Жалпы қолдан балалы болудың құны қанша?

Аты-жөнін айтпаймыз

Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола алады. Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса аталық ұрығын тапсыра алады.

Кейбір адамдарда білінбейтін генетикалық ақаулардың тасымалдаушылары болуы мүмкін. Сондықтан, сол ауытқушылықтың алдын алу үшін генетикалық зерттеуден өтеді.

Одан бөлек, ең маңызды тестердің бірі – криотолеранттық тексеріс. Онда еркектің шәуқаты алдымен тексеріледі, – дейді дәрігер-репродуктолог, Еcomed медицина орталығының директоры Алмаз Ибрагимов.

Мұздатып, ерітіп, қайта қатырып көреміз

Яғни, алдымен ұрықты минус 196 градуста қатырып, сосын ерітіп көреді. Қаншалықты шыдамды екені анықталады.

Мысалы жыныстық жолмен берілетін адамның иммундық тапшылығының вирусы (АИТВ – ВИЧ), мерез (сифилис), сары аурудың (гепатит) В, С түрлеріне тексереді де, үш айға қатырады, сосын қайта тексереді. Одан кейін үш айға тағы қатырады. Қайта тексереді.

Ұрық осындай

Ұрық осындай климат-бокста сақталады/ Скриншот ecomed медициналық орталығы дайындаған бейнероликтен жасалды

Тек осыдан кейін талдау қортындылары жақсы болса ғана, ол ұрықты қолдануға болады. Егер шәуқатта соз ауруы (гонорея), цитомегаловирус, хламидия, трихомонад, сары аурудың (гепатит) В,С түрлері, АИТВ (ВИЧ) инфекциялары болса, ұрық жарамсыз болып табылады.

Бұл жерде мынаны ескеру керек. Мәселен дені сау адамның қанында цитомегаловирус, ұшық (герпес), қызамық (краснуха, корь, скарлатина) иммуноглобулині G бар деуге болады. Бұл – қалыпты көрсеткіш. Оны вирус деп айтуға да келмейді. Қайсы да бір індетпен күрескен ағзада оған қарсы иммуноглобулин пайда болады.

Әрбір зерттеу қорытындысының нақтылық деңгейі жоғары болған кезде ғана шешім қабылданады.

Қалқан құлақ, қоңқақ мұрындылар жарамайды…

Донор боламын, ұрық тапсырамын деген еркектің кескін-келбетіне, бойына – бәріне ерекше мән беріледі. Орта не ұзын бойлы, қазақтарға тән орташа көрсеткішке ие болуы керек. Артық салмақ болмауы шарт.

Сымбатты болғаны дұрыс. Мысалы, қалқан құлақ, қоңқақ мұрынды, иегі, жақ сүйегі өрескел шығыңқы, немесе кемиек еркек жарамайды. Бірақ ұрықты пайдаланатын әйел адамға оның тек анкетадағы сипаты ғана беріледі, фотосуреті көрсетілмейді.

Білім деңгейі, қандай салада жұмыс істейтіні, көзінің пішіні, терісінің түсі деген сияқты. Олар еркектің ұрығын анкетадағы осы сипаттары бойынша таңдайды.

Ұрығын тапсырғысы келетін ер адамдарға үш күн жыныстық қатынаста болмау туралы шарт міндетті түрде қойылады. Үш күннен кейінгі шәует құрамы ең жақсы болып танылады.

Еркектің ата-тегі анкетада руымен шектеледі

– Инцест дегеніміз туысқандардың арасындағы байланыс. Оны болдырмау үшін біз міндетті түрде анкетада еркектің руы мен жүзін ашық береміз. Қазақ қыздары да соған үлкен мән беріп сұрап жатады.

Жалпы ұрығын тапсыруға ер адамды әртүрлі жағдай әкеледі. Кейбіреулер жоқшылықтан тарығып, қаржылық қиындықтан келуге мәжбүр болса, енді бірі таныстарына көмектесу үшін тапсырып жатады. Бірақ бұл жерде оларға ата-аналық міндет жүктелмейді, – дейді Алмаз Ибрагимов.

Шәуқаттың бір порциясы – 40 мың теңге

Жалпы қазақтардың ішінде ұрық тапсыруға өз еркімен келетіндер аз. Бұл қазақтың ұрпағына деген көзқарасынан және ұрық тапсыруды қазаққа жат деген ұғымынан болуы да мүмкін. Бұған қаржылық сыйақының аздығы да әсер етеді дейді мамандар.

Мысалы, бір реткі тапсырылған шәуқаттың құны – 40 мың теңге. Оның жартысы донорға ұрығын тапсырған бойда төленеді, қалғанын алты айдан кейін сараптаманың қорытындысы оң нәтиже берсе ғана алады.

Және шектеу бар. Бір еркек өз ұрығын тек 10-20 рет қана тапсыра алады. Одан көп болмайды. Сол 20-ның ішінен, түсік тастайтыны бар, іште шетінегені бар, орта есеппен 6-8 бала ғана дүниеге келеді.

Ұрығын тапсырған еркекті тіркейтін ортақ база жоқ

Сондықтан, бір клиникаға келіп 20 рет, екіншісіне 20 рет ұрығын сататындар болуы мүмкін.

Негізі, ұрығын тапсыруға келген адаммен алдымен психолог жан-жақты жұмыс жасайды. Сонымен қатар, репродуктолог мамандар да өзара ақпаратпен бөлісіп отырады.

Бірақ, біздің клиникаға келетіндердің барлығы – аталық ұрық іздегендер емес, көбі науқас. Ұрық мәселесімен келетіндер емделушілердің бес пайызын ғана құрайды.

Жалпы руын, тегін білмейтін балалар – ЭКҰ (экстракорпоральді ұрықтандыру) арқылы дүниеге келгендер ғана емес. Балалар үйінде, перзентханаларда ата тегін білмейтін қаншама бала өсіп жатыр. Оларды басқалар асырап алып жатыр ғой. Бұл жерде де қауіп бар, – дейді Алмаз Ибрагимов.

Ұрық тапсырушының бұрынғы өмірін біле алмаймыз

– Ер адам ұрығын тапсырар кезде, психологтармен бірге жан-жақты әңгімелесеміз. Сол кезде ортақ бір шешімге келеміз. Одан өткен адам алдағы екі апта ішінде ұрығын тапсыра алады.

Ер адамның бұрынғы өмір сүру ережесін білудің жолы осы ғана, басқаша біле алмаймыз. Ал аталық ұрықтың сапасын көріп тұрсақ, ол жақсы болса, оның бұрынғы өмір салты маңызды емес.

Бұл – маскүнем, нашақорлар өтіп кетеді деген сөз емес. Ұрықты тексерген кезде ағзада интоксикация болса, ол сараптамадан анық байқалады, – дейді Алмаз.

Аналық ұрық құны 300 мың теңгеге дейін

18-ден 35 жасқа дейінгі әйел адамдар да аналық ұрығын сата алады. Ол үшін кем дегенде дені сау бір перзентінің болуы шарт.

Бірақ әйел адамдардың ұрығын кез келген күйінде де ұрықтандыруға болады. Ер адам сияқты алты ай күту шарт емес. Сыйақысы алынған аналық ұрықтың санына байланысты. 150-ден 300 мың теңгеге дейін. Орта есеппен бір жолғы тапсырыста 10-нан 20-ға дейін аналық ұрық шығуы мүмкін.

Бір ескерер жәйт, аналық ұрық наркоз берілу арқылы алынады. Донор әйел көп зерттеуден, гормоналдық стимуляциядан өтеді. Тек содан кейін ғана ұрық алынады.

Аналық ұрықты алу процедурасы

Аналық ұрықты алу процедурасы / Фото informburo.kz

Ол үшін ең үлкен доминанттық фолликуланың көлемі 18-20 мм-ге жеткен кезде фолликуланы жарып шығуы үшін тағы бір дәрі беріледі. Содан кейін жіңішке ине арқылы фолликуладағы сұйықтықты сорып алынады. Оны арнайы микроскоппен қарап, ішінде ұрықтың бар-жоғы тексеріледі. Аналық ұрықты алынып, инкубаторға салынады. Оның температурасы, қолайлылығы бәрі әйелдің жатырындағыдай етіп жасалған.

Елу еркектің екеуі ғана жарамды

Бір рет тапсырылған шәуқаттың мөлшері шамамен бір миллилитр болады. Әдетте ондағы 20 миллиондай аталық ұрықтың 25 пайызы ғана белсенді. Бірақ, оның бәрі аналық клетканы ұрықтандырмайды.

Ол 5-6 аналықты ұрықтандыруға жетеді. Бір екеуі ғана жақсы эмбрион шығарады.

Оның үстіне зерттелген 50 еркектің, екеуі ғана жарамды болып шығып жүр.

Қазақ әйел қазақтың ұрығын сұрайды

Қазақ қызы келіп өзге ұлттың ұрығын салып бер дегенін естігем жоқ. Қазақтың ұрығын қалайды. Көбінесе, қай жерде туып-өскенін сұрайды.

Әйелдер келіп көзінің түсіне дейін таңдап алады деген қауесет – жалған. Жалпылама анкеталық мәлімет қана ұсынылады. Біз жақсы адамдарды таңдап, донор қылуға тырысамыз.

Бірақ донор ұрығы әр жерде жүрмеу үшін ортақ бір база керек.

Әрине әйел адамның тұрмысқа шығып, балалы болғаны дұрыс. Бірақ баланың әкесінің де шешесінің де болғаны керек. Бірақ, әйел тұрмысқа шықпай, жасы келген болса, жалғыз қалмау үшін бала сүйгісі келетіні де дұрыс, – деген пікірде Алмаз Ибрагимов.

22 жасар қыз ұрығын сақтап қойды

Шетелде әйел адамның ағзасында қатерлі ісік болса, химия не басқа терапия жүргізбес бұрын дәрігерлер аналық ұрығыңызды қатырып сақтап қойыңыз, сосын емдейміз дейді. Себебі ондай емнен кейін аналық ұрық қалмайды.

Жақында бір қазақ қызы Оңтүстік Кореяға барып емделді. Тұрмысқа шықпаған қыздың жасы 22-де. Бір жағындағы аналық бездегі қатерлі ісікке ота жасатқан. Сол жақтағы дәрігерлердің кеңесі бойынша бізге келіп, сегіз аналық ұрығын қатырып қойды.

Енді кез-келген ем-домын ала береді. Болашақта, тұрмыс құрған соң, өзінің ұрығымен бала да көтере алады. Жалпы лабораториялық жағдайда, егер медициналық талаптардың, сақтау шарттарының барлығын дұрыс орындаса, аналық ұрықты 5-15 жылға дейін қолдана беруге болады.

Ең жоғарғы сапалысы 30 жасқа дейінгілерде

Аналық ұрықты сақтау үшін алу құны ЭКҰ бағдарламасына жақын. Шамамен 500-600 мың теңге тұрады. Қатыру – 100 мың теңге, ай сайын сақталуы үш мың теңгеден. Мерзімін ұзарта аласың. Сұйық азотта сақталады.

Бүгінде 20-25 қыздың аналық ұрығы сақтауда тұр.

Ең жоғары сапалысы 30 жасқа дейінгілерде болады. Одан кейін сапасы төмендей бастайды. 35 жастан кейін күрт түседі.

Ер адамның ұрығы қашан да жарамды

Еркек донорға қойылатын талап шектеулі – 35 жас. Бірақ, ер адамда 40 жаста да ұрықтандыру қабілеті сақталады.

Біздің клиникада жылына донорлық ұрықтандыру арқылы 5-10 бала дүниеге келеді.

Негізі қойылған талаптарға сәйкес келсе, донор сияқты зерттеп, бауырының ұрығын пайдалануды ұсынамыз. Ұрықты тапсыру – 40 мың, сатып алу – 50 мың теңге, – дейді Алмаз Ибрагимов.

Ұрықтанудың екі жолы бар

Егер денсаулығы жақсы, жатыр түтіктері таза, аналық безі сау әйелді донор ұрығымен ұрықтандыру инсеминация жолымен жасалады. Яғни, ұрық тек жатырына енгізіледі, әрі қарай табиғи түрде өзі ұрықтанады. Ұрықты 50 мың теңгеге сатып алады. Жатыр ішіндегі инсеминация үшін 25-40 мың теңге арасында төлейді. Бір рет не екі рет – істелуіне байланысты.

Бірақ, одан бұрын тапсыратын анализдері бар. Оны кез келген жерден өтіп келуіне болады.

Егер жатыр түтіктері таза болмай, бітеліп тұрса, инсеминация көмектеспейді. Денеден тыс ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі қолданылады. Бұл жағдайда, жалпы ЭКҰ-ның құнына 50 мың теңге қосылады. Ал ЭКҰ-ның бағасы 300 мыңнан 900 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Баға қосымша жасалатын процедураларға және олардың күрделігіне байланысты.

Экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ – орысша ЭКО) дегеніміз, аналық ұрықпен аталық ұрықты жатырдың сыртынан тыс лабораторияда қосып, жатыр қуысына енгізу.

Әйелдер ары кетсе бес алты рет ғана ұрықтарын тапсыра алады. Өйткені, олар тапсырмас бұрын көп гармондар ішеді. Ұрықты әр алған сайын наркоз беріледі.

Қажетті гормондарды қабылдамаса, әйел ағзасында айына бір ғана аналық ұрық өседі. Ал бір аналық ұрық алу тиімсіз, әрі сатып алушыға қымбатқа түседі. Бір алғанда 10-15 ұрық алсақ ішінен үш-төрт жақсы дегенін таңдап алуға болады. Міне сол үшін гормондық терапияға жүгінуге тура келеді.

40% әйелдердің бедеулігінен, 30% еркектердің белсіздігінен болады

Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Лошкиннің айтуынша, статистика бойынша Қазақстанда отбасы құрған жұптардың 15% бедеулікке, белсіздікке шалдыққан.

Егер бір жылда шамамен 150 мың неке тіркеледі десек, оның 15% – яғни 20-21 мың жұп баласыз. Олардың 60% әр түрлі жолдармен (гормонды дәрі-дәрмек ішіп, ота жасатып) емделеді. 40% қосымша репродуктивті технологияларға жүгінеді. 40% әйелдердің бедеулігінен, 30% еркектердің белсіздігінен, 30% екеуінен бірдей болғандықтан жылына 6500 жұп ЭКҰ жасатады екен.

Кең таралған аңыз

Жасанды жолмен ұрықтану арқылы дүниеге келген бала бедеу болады деген аңыз кең тараған.

Жасанды ұрықтану арқылы дүниеге келген бала ұрпақ тарата алмайды деу де қате. Бұл әдіске 2012 жылы Нобель сыйлығы берілген. Шет елдерде бұл әдіспен туылған балалардың қазір өз балалары бар.

Қауіп қашанда бар. Ешқандай кепілдік бере алмаймыз

Ер азаматтың генетикалық жасушаларының ішінде ақауы бар хромосоманың бар-жоғын анықтай аламыз. Ал өмірде дені сау әке-шешеден де мүгедек балалар туылып жатыр ғой. Дәл солай, күнделікті өмірде кездесетін қауіптер бар.

Біз ол ұрықты қолдан жасап, сатып жатқан жоқпыз. Бір адамнан алғанды басқаларына салып береміз. Бұл – табиғи жағдай.

Қанша отбасыға бақыт сыйладым, жұмыста алғыс көп естимін. Біз өз тарапымыздан жұмысымызды жоғары деңгейде атқарамыз, бірақ еш кепілдік бере алмаймыз, – дейді Алмаз Ибрагимов.

Дереккөзі: informburo.kz