ХАЗІРЕТ ӘЛИДІҢ ӨСИЕТІ
Күмәйіл ибн Зияд (р.а.) әңгімелеуде:
Бірде мені хазірет Али (р.а.) қолымнан жетектеген күйі ауыл сыртына шықтық. Бір төбенің басына бардық. Біраз үнсіз отырғаннан кейін ол маған мынаны айтты:
– Күмәйіл, қазір менің айтқанымды жақсылап ұғып ал. Адамдар үш түрге жатады.
Алғашқы топ – ғұламалар.
Екіншілер – Алла жолында білім ізденушілер.
Үшінші топ – надан қара тобыр. Соңғылардың табанында бүр болмайды, жел қайда айдаса, сонда жүре береді. Білім нұрынан мақұрым болғандықтан, олардың жеке дүниетанымы да жұтаң тартып тұрады.
Білім – малдан қайырлы. Білім сені қорғайды, ал малды сен қорғайсың. Білім амалмен толысады, мал жұмсалған сайын азаяды. Ғалымды жақсы көру – кім-кімге де міндет. Білім ғалымға өмір бойы қадір-құрмет әкеледі, тіпті ғалым адам өлгеннен кейін де жұрт сол білімінің арқасында еске алады. Бірақ малмен біткен абырой-атақ мал кеткенде бірге кетеді. Тірі күнінде-ақ өлі саналған байлар, өзі өлсе де сөзі өлмейтін ғалымдар бар, – деп күрсініп үнсіз қалды.
Бір уақытта қолымен кеудесін көрсетіп:
– Мына жердегі ілімді тарқатып айтып, бөлісе алатын біреуді таба алмадым. Шын ғұламалардың өлуімен білім де өледі екен. Жоқ, Раббым, бұлай етпе. Бар екеніңді дәлелдейтін ғалымдар бұл дүниеге керек. Олар өмірде өте аз. Бірақ Алла алдындағы дәрежелері өте жоғары. Алла ұлы дінін солар арқылы қорғайды. Ол ғалымдар өздеріне жүктелген аманатты лайық болғандарға ғана жеткізеді. Дүние қызығына масайрағандардың арасында олар барынша биязы, жұмсақ. Міне, бұлар ақиқатты қорғаушылар, Исламның қызметшілері. Солармен жолыға алғанымда…, – деп мұңайды.
Қ.Сабыржанұлы