Сіз қандайсыз … Жағымпаз емессіз бе?

Жиі естиміз. Жағымпаздардың сөздерін. Май ішкендей қылады. Ұялмайды да. Сонысын мақтаныш тұтады. Тіпті, той-томалақтың өзінде жағымпаздықтың «жақсы үлгісін» көрсететін ағаларымыз қаншама. Ал ұлықтардың ұлтарағына айналуға бейіл жағымпаздар туралы айтпасақ та болады.
Еске сала кетейін, бұл өткенде өздеріңіз менің парақшамнан оқыған «ҚҰЛДЫҚ САНА», «ЖЕМҚОРЛЫҚ», «ПАРАҚОРЛЫҚ» сияқты ұлттың дамуына бірінші кезекте кері әсері бар әдеттерден арылу, һәм РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ ӘРКІМ ӨЗІНЕН БАСТАУ ТУРАЛЫ әңгіменің жалғасы.
Байқағандарыңыздай, бұл жолғы әңгіме Кеңес заманынан қалған жаман әдеттің бірі – ЖАҒЫМПАЗДЫҚ туралы.
Бұл – қоғамды, жеке басқа табынуға, қожайын және құл бөлып бөлінуге апаратын қатерлі мінез. Аузы дуалы ақсүйек қожайынының аузынан бір ауыз сөз шықса «ләпбай тақсыр» деп мақтай жөнелетін пәтшағарлардың қатары көбейді. Қолында билігі бар, мейлі ол әкім немесе, бір компанияның жетекшісі, орган, құрылым басшысы, тіпті бір мекеменің директоры болса да олардың «штатный» жағымпаздары бар. Ал ауызы дуалы адамдар елге қаратып әжептәуір әңгіме айтса, әлгіні жағымпаздар қағып алып, «не деген сөз, не деген сөз!» деп жалаң мадақтай жөнеледі. Онда көтерілген мәселе жайында қалады. Машықтанып алған. Кезекті науқан дерсің. Сүйегін жұқартып, сүйкімін кетіріп дүбірлетеді келіп. Айғайға аттан қосады. Кей адамдардың мемлекет қамы үшін нақты ұсыныс пікір қосайын деген емес, «бір көрініп қалайын» деген жағымпаздық ниеті айқайлап тұрады.
Уикипедия — ашық энциклопедиясы: «Жағымпаздық — адам мінезіндегі ұнамсыз сипат; оның айналасындағы адамдар мен қызметтестеріне, өзінен қызмет жағдайында жоғары тұратын адамдарға жақсы көріну үшін шектен тыс қошеметшіл болуы. Көбінесе, өз қабілетіне өзі сенбейтін, оңай жолмен артық пайда табуды не билік-мансапқа қол жеткізуді өмірінің мақсаты тұтқан адамдар бойында кездеседі. Жағымпаздықтың әлеуметтік ортаға, қоғамға тигізетін зияны көп. Жағымпаздық орын алған әлеуметтік ортада адамгершілік принциптері мен шынайы құндылықтар рөлі төмендеп, адамдар қарым-қатынасында жалған өлшемдер белең алады. Сондықтан халық жағымпаздықты ащы күлкімен шенеп отырған» деген анықтама беріпті.
(ПОДХАЛИ́М, подхалима, муж. (разг. презр.). Низкий льстец, лакействтющий человек, готовый на подлость ради достижения своих целей, личный выгод.)
Ебіл-дебіліміз шығып, қатарына енсек-ау деп жүрген елдерге қараңызшы, жоғары қызметтегі немесе дуалы ауыз марқасқалары ортаға қандай да бір ой тастаса оны бүге шігесіне дейін талқылайды, нақты ұсыныстарын айтады, кемшілігі болса сынға алады. Бас салып қолпаштап, мақтап жатқандарын байқамайсыз.
Жағымпаздық – рухсыздықтан, жасқаншақтықтан, өзіне сенімсіздіктен туындайтын нәрсе. Ешкім сізді жағымпаздан деп мәжбүрлемейді, өтінбейді, сұрамайды. Оған мұхтаж болмауы да мүмкін. Оны Сіз өзіңіз істейсіз. Оны психологияда өзіне сенімсіздік («комплекс неполноценности») деп атайды. Ауру ретінде емдейді. Егер онымен әркім күреспесе, бойыңызда бар болса, одан арылмасаңыз, қоғамда Сіздің де бағаңыз көк тиын.
Рухы жоқ, ділі жоқ,
Діні шала, тілі жоқ,
Дүбаралардан шаршадым,
Адам болар түрі жоқ.
Төреге өзін балайтын,
дүниеге тұлға санайтын,
Кісімсініп қарайтын,
Мықты шықса өзінен,
Табандарын жалайтын.
Озғанын көрсе өзгенің,
Көре алмай, итше талайтын,
Жағымпаздардан шаршаумен,
Шыдап бақтым талай күн,
Арыстары Алаштың,
Сөзінен рух тарайтын,
Қолыңа тегі бірі жоқ,
Су құюға жарайтын,- деп жазып едім бір күйінгенде.
Тіпті кейде осы көтере мақтау мен жағымпаздыққа толы пікірлерді жастардың, мектеп оқушыларының аузынан естігенде, ертеңгі күннің жағымпаздары қаулап өсіп келе жатқандай үрей билейді.
Имидж, пиар деген мәселе сауатты жасалуға тиіс. Жағымпаздардың жаппай мақтауы пиар емес, имиджге келетін нұқсан. Мұндайда қазақ «Әжептәуір әнімді пұшық шіркін қор қылды» дейді. Қысқасы, рухани жаңғырамыз десек, жағымпаздықтан арылып, саналы пікір айта білу тұрғысында да санамызды өзгерту керек.
Сіз қандайсыз, жағымпаз емессіз бе?

Әділбек ҚАБА

Фб парақшасынан