«Желаяқ» министрлер журналистерден қашпасын!
Президент Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен Үкімет мүшелеріне «журналисттерден қашпаңдар, мәселенің ақ-қарасын ашып көрсетіңдер» деген қатаң ескерту жасады. Демек, журналистерді көрсе, құбыжық көргендей тіксінетін басшылардың бар екенін елбасы естіген. Соған күйініп барып осылай дегені анық. Сол сәтте көпшіліктің есіне қазақ ертегілеріндегі желаяқ түскені даусыз. Құстай ұшқан желаяқ «баратын жеріме тақағанда қарқынымды тежей алмай қаламын» деп, аяғына тас байлап алатыны бар ғой. Тап соның кейпі елбасы ескертуінен кейін министрлер арасында іске асатынына сеніміміз зор. Өйткені баяндамасын бітіре сала, «құстай ұшатын» шенділердің аяғына «тұсау салынбаса» өздерін тоқтатуы қиын-ау….
Ақордада кеңес өткізген Нұрсұлтан Назарбаев журналистерден, жалпы, қоғамнан қашатын шенеуніктер мен саясаткерлерге ескерту жасады. «Біз экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі ұйымның стандарттарына талпынып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсат ұстанып отырмыз. Бұл ұйымдағы, жалпы, дамыған елдердің ең бір жақсы стандарты — бұндай елдердің Үкіметі халық алдына күнде шығады, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Ол елдердің министрлері бір мәселе туындай қалса, жедел пікір білдіреді. Ал бізде қалай? Менің айтарым, брифингке келіп, журналистердің алдында қағазға жазылған мәтінді оқып беру — ақпараттық жұмыс емес. Біздің министрлер брифингтерде журналистерден қашқанда, алдына жан салмайды, қарапайым сұраққа жауап бермейді»,-деп қадап айтты президент. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазір әрбір министрлік өз саласындағы саясатты түсіндіретін ақпаратты органға айналғанын, сондықтан, қоғамнан «тығылу» тиімсіз жұмыстың басты себебі екенін атап өтті. «Қазір біз министрліктерді белгілі бір саладағы саясатты жүргізетін орган қылдық. Саясаткер халықпен сөйлесіп, қоғамның сенімін жаулап алуы керек. Халықпен жиі-жиі кездескен дұрыс…»,—деп бағыт-бағдар да берді елбасы. Өткен аптада билік сатысында аз-кем ауыстүйіс орын алғанын айта кетейік. Жерді сату мен арендаға беруді жан тәнімен қолдап, біраз тер төккен Ерболат Досаевтың орнына Қуандық Бишімбаев Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Бірнеше рет ескерту алса да, орынтағынан қозғалмаған Асылжан Мамытбеков те осы жолы «дауылдың қатты соққандығынан» орнын босатып, Ауыл шаруашылығы министрлігін Асқар Мырзахметовке тапсырды. Ал, жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігін бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы болып келген Дәурен Абаев басқармақ. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарлығына Мұхтар Құл-Мұхаммед тағайындалды. Сонымен, тілшілерден қашатын министрлер кімдер? Дәп қазір оларды тізбелеп шығу мүмкін емес. Өйткені «көңіл-күйлеріне» байланысты, астананың ауа-райы секілді құбылып тұратын шенділер өте көп. Бүгін «шаң қаптырып» кетсе, ертесіне «жүзінен мейірім төгіліп» журналистердің алдында тұратындары бар. Сондықтан «бірдей бие, бірде түйе» секілді мінез көрсететіндерді «желкелеп», «желаяқтардың» қатарына қосып жіберу обал. Бірақ бір «бағытты ұстанған», «өз көзқарасынан» айнымайтын шенеуніктер де жоқ емес. Соның біреуі Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев. Ол микрофон көрсе, үркек аттай жалт береді. Тура келсең тарпып кетуі де кәдік. Қыңыр мінезді қаһарманның тіпті тілшілерге дүрсе қоя берген кездері ел есінде. Жүйріктігімен көпке танымал болып қалған Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов. Генерал-полковник журналистерді көрсе, кез келген тесікке, кешіріңіздер есікке кіріп, арғы жағынан саңылау тауып шығып кетуге шебер. Бұл екі мырза елбасы ескертуінен кейін «жуасып», «қолжетімді» болады деген ойдамыз. Ал су жаңа министрлер ішінде сынға ілігіп, “марафонға” жүгіріп жүрген министр Сағадиев. Ол да сабасына түсер алдағы уақытта. Өздеріне тықыр таянғанын сезді ме, экс министрлер Ерболат Досаев пен Асылжан Мамытбеков соңғы күндері журналистермен жиі жүздесіп, істеп жатқан жұмыстарының барысын егжей-тегжей баяндай бастап еді. Қайтейік, қадамдары құтты болмады. Сонымен бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған 13 министрлікке жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігі қосылды. Алдағы уақытта министрлер журналисттерді өздері іздеп тауып, мән-жайдан хабар беріп тұратындай көрінеді. Лайым солай болсын!