Ғасыр індетімен күрес қалай?
БҰҰ мен ДСҰ мәліметтері бойынша әлемде АИТВ (адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы) жұқтырған 42 млн. адам өмір сүріп жатыр. Өкінішке қарай, күн сайын олардың қатарына 14-15 мың адам қосылып отырады. Сондай-ақ, ресми дерек АИТВ індетін жұқтырғандардың көпшілігі 30 жасқа дейінгі жастар екендігін де растайды.
Жер бетінде ЖИТС-пен (жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі) ауыратындардың үштен екісі – Африка тұрғындары. Бұл елде жыл сайын 18 жасқа дейінгі 12 млн. бала жетім қалуда. Тіпті халқының 90 пайызы АИТВ жұқтырған мемлекеттер де бар.
Ал, біздің елдегі, оның ішінде Алматы облысындағы ахуал қандай? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының мамандары тарқатып айтып берді.
ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алудың Халықаралық күніне орай көтеріліп отырған бұл тақырып өзекті. Себебі, АИТВ\ЖИТС әлеуметтік орта, жас талғамайтын сырқат.
Алматы облысында АИТВ жұқтырған 2277 адам тіркеуде тұрған көрінеді. Олардың 41,09% - 30-39 жастағы азаматтар болса, 30,4% -ы 20-29 жастағы жастар. Сол науқастардың 48,45%-ы нашақорлар, ал соған жетеғабыл көрсеткіш, яғни 47,33%-ы жыныстық жолмен жұқтырғандардың еншісінде.
Ал үстіміздегі жылдың үш айының өзінде АИТВ жұқтырған 77 адам есепке алынған. Бұрын Алматы облысы бойынша мұндай келеңсіз оқиғалар санаулы ғана аудандарда бой көтеріп келген болса, соңғы үш жылда бұл дерт облыстың барлық ауданында тіркеліп отыр. Жоғарыда аталған 2277 адамның 37-сі әртүрлі жастағы балалар. Әрине, оларға ауру анасы арқылы берілген.
- АИТВ-ның алдын алу мәселелері саласында соңғы жылдарда қол жеткізген жетістіктердің бірі – ананың босануы кезінде сәбиге аурудың берілу қаупін төмендету әдісі. Арнайы профилактикалық емдеу курсының көмегімен өмірге талай дені сау ұрпақ келіп жатыр. Әлем ғалымдары АИТВ-жұқпасына қарсы тиімді дәріні жасауға жұмыстар жүргізіп, біршама жетістіктерге жеткенімен, бұл дерттің тамырына балта шабатын нақты екпе табылған жоқ. Сол себепті одан сақтанудың ең тиімді және кепілдендірілген жолы әр адамның өз қолында, - деген Алматы облыстық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гаухария Қызырханқызы осы бағытта істеліп жатқан пәрменді жұмыстарымен бөлісті.
«ЕлАна»