Тарих. Түн. Саяхат.
Г.Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейінде халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні» шарасы ұйымдастырылды. Шараға жиналған жұрт осыдан сан ғасыр бұрынғы палеонтология дәуірінен бастап қазіргі заман мәдениетін тамашалады. Сонымен қатар, музей қызметкерлері театрландырылған экскурсиялар ұйымдастырып, облысымыз құрылғаннан бергі 80 жыл уақыт ішінде әр салада орын алған тарихи оқиғаларды кезең-кезеңмен бейнеледі.
Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің басшысы Гүлнәр Нұрахметованың сөзінше, «Музей түні» шарасы осымен 11-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Аталмыш шараның мақсаты – халықтың назарын музейлерге аудару және тарихи-мәдени орын екенін түсіндіру.
Биылғы шараға Ақсу, Екібастұз, Шарбақты, Железин аудандарындағы музей қызметкерлері келіп, өз аймақтарының тарихына және киелі орындарына қатысты көрме ұсынды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы музей мекемелері де ұлттық бағыттағы түрлі әдеби, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, мерекеге жиналған жұртқа ерекше көңіл күй сыйлады. Мысалы, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері поэзия сағатын ұйымдастырып, Жарқынбек Амантайұлы, Мәрес Байрон, Оразбек Саяхат сынды облысымызға белгілі жас ақындар Бұқар жыраудың, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін оқыды. Ал, Әскери Даңқ музейінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарын еске түсірді. Мамандар дайындаған сахналық көріністен соғысқа шақырылған сарбаздар мен оларды майданға қимастықпен аттандырып тұрған арулар бейнесін көруге болады. Бұл шаралардың барлығы музей ғимараты алдында құрылған сахнада өтті. Ал, музей ішіндегі экспозиция бөлімдері мен көрме залдарына кірсеңіз осыдан бірнеше ғасырға кейін шегінгендей әсер аласыз. ХVII-XVIII ғасырлардағы жоңғарлар бейнесі мен қазақ батырларының тарихи тұлғасын ондай-ақ, андронов мәдениетіндегі әйелдер бейнесі шебер жасалған. Сондай-ақ, осыдан оншақты ғасыр бұрын қазақ даласындағы Ислам мәдениетін, яғни, ғұламалар кесенелері мен сол кезде елді имандылыққа шақырған ақ шапанды, ақ сәлделі молда-қожаларды да көруге болады.
— «Музей түні» шарасына жыл сайын қатысамыз. Былтыр біздің әріптестерімізбен дәстүрлі ән, жыр, терме кешін өткізген едік. Биыл Павлодар музыкалық колледжінің студенттерін шақырып, күй сайысын ұйымдастырдық. Жиынға келіп, музей қызметімен танысушылардың қатары жыл санап артып келеді, — дейді Майра музейінің қызметкері Айнұр Шакарова.
Жылына бір рет ұйымдастырылатын ерекше тарихи шара аз уақыттың ішінде халықтың қызығушылығын арттырды. Себебі, түнгі тыныштықпен бірге өткенге саяхат жасап, ғасырлар қойнауына ену – ерекше әсер қалдырары сөзсіз.
Тілеуберді САХАБА