Тәуелсіздіктің қарлығашы- Қайрат тірегі — Астана
Өткен ғасырдың 1960 жылдары Шу ауданының Төле би (бұрынғы Новотроицкі) ауылындағы қазақ-орта мектебінің іргесіндегі пансион-интернатта әр ауылдан жиналған ұл-қыздар бір үйдің баласындай тәрбиеленіп, білім алып шыққан едік. Ұрпақтар сабақтастығымен мектеп бітіргеніміздің 40 және 50 жылдығын зор ұйымшылдықпен атап өтіп, сүйікті білім ордамыз бен ұстаздарымызға да сый-сыяпат көрсеттік. Алдымыз 70 жастан аса бастаған шағымызға қарамастан қуаныштарымызды бөлісіп, от бастарымызбен сыйластықты аралас-құраластамыз. Осындай игі іс-шараның бел ортасында жүретін кластасымыз Мәкен (Уақов Фермебай) Уақтегінің табанды- еңбекқорлығын айрықша атап өтуге тұрарлықтай. Жақында Мәкен Жүмәділұлымен жолығып, көптен ел арасында игі іс-шаралармен айналысып жатқаның белгілі, солар жайында кеңінен атап өтсең, дегенімде:
Мәкен Уақтегі:- Қоғамдық істермен Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында автокөлік жүргізуші жұмысында жүргенде –ақ айналыса бастағанмын. Яғни,нақтылап айтсам:
- 1988 жылдың қыркүйегінде Мойынқұм аудандық КПК хатшысы мен Көктерек кеңшары деректірінің арасында орын алған бүркемелі-жемқорлық әрекетті әшкерелеп, екеуінің де партия қатарынан шығарылып, қызметтерінен шеттетулеріне тікелей ықпал еткенім аймақтағы аға буын өкілдеріне белгілі жайт.
- 1989 жылдың қыркүйегінде «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда Көктерек кеңшарындағы бастауыш ұйымды басқарып бірталай іс-шаралар атқаруға мұрындық болдым. Ең негізгісі, Жамбыл облысы көлемінде алғашқы болып 1990 жылдың қыркүйегінде 6 мыңға жуық халық тұратын Бірлік ауылында жаяу-жалпылай жүріп «Ақсақалдар Кеңесін» құрдым. Жарты ай өтер-өтпестен 3 қазанда жергілікті ұлт өкілдері мен күрді ағайындардың арасында айтарлықтай жанжал туындап, аудан, облыс басшылары және сақадай-сай қаруланған ОМОН жасақшылары мен құқық қорғау орындарының өкілдері екі-үш күн бойы тарқата алмаған наразы көпшілікті Кеңес мүшелері:- Т. Іңкәрбеков, Т. Сүйкімбеков, С. Қожаназаров пен осы жолдардың авторы іспеттес ауыл ағалары ақылмен әрі сабырмен екі халық өкілдерін татуластырып, оларды ың-шыңсыз тарқатуға айтарлықтай еңбектенді. Ата- бабаларымыздың осындай ізгі қасиеттерін мойындай білген облыс басшылары Кеңес төрағасы Тасболат Іңкәрбековты марапаттап, өзге аудандарда да «Ақсақалдар Кеңесі» ұйымдарын құрғыза бастады. 1994 жылы көктем айында Алматыдағы «Мұрагер» ғылыми-мәдени альманағының жауапты хатшысы Бақытжан Жиенғалиев:- Мәкен, Мойынқұм ауданында «Ақсақалдар кеңесі» құрылып, айтарлықтай шаралар атқарылғанынан хабардармыз, осы жайлы іс-тәжрибелеріңді толықтай жазып, кешіктірмей тезірек жеткізсең. Өйіткені, Республика көлемінде 2-3 ауылда ғана Ақсақалдар ұйымы құрылған екен. Жоғарыда республикалық деңгейде қоғамдық ұйым қүрылмақшы, сол үшін атқарылған тәжрибелер ауадай қажет болып тұр, деген еді. Бақытжан ағаның тілегін дер кезінде орындадым. Көп кешікпей 1995 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда Халықтар Ассамблеясы отау құрып, шаңырақ көтергені ел-жұртқа белгілі.
Төреқұл Әлханұлы: — осы ұлағатты шаралар жайлы БАҚ беттерінде жарияланды ма?
М. Уақтегі:- Бүкіл облысты дүр сілкіндірген толқу жайлы С. Қожаназаровтың «Бірлікке бірлік керек» мақаласы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде 6 қазан 1990 жылы, «Ауқымды шаралар бастаған едік…» туындым «Мұрагер» ғылыми-мәдени альманағында 02. 1995 жылы 20000 данамен жарияланды.
Т. Әлханұлы:- әйгілі Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы- Қ. Рысқұлбековты ақтап, оның рухын құрметтеуге байланысты да біршама шара атқарған секілді едің…?
Мәкен Уақтегі:- Тағдырдың маған сыйлаған ерекше тартуы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жарық жұлдызы Қ. Рысқұлбековтың ата-анасымен жақын қызметтес болып, Қайратты жастайынан жете танып-білуім еді. 1980 жылдары Көктерек кеңшарында сүт таситын автокөлікті жүргізетінмін. Қайраттың ата-анасы товарлы-сүт фермасында бақташы-сауыншылық жұмыста еді. Шу ауданындағы мектеп-интернатта оқыған Қайрат ауылға келгенде, оқуға қайтарда көбіне менің автокөлігіммен қатынайтын. Тентектеу балаларға қосылмай, көбіне ата-анасына көмектесіп мал бағысып, сиыр сауысып тіптен ыдыстарын жуысатын…. Сондықтан қыршын боздақтың алғашқы қорғаушы ұстазы Сейіткерім Қожаназаровпен 1990 жылдан бастап бірлесе оны жалған жалалардан ақтап, жастарымызды ұлтжанды-адамгершілікке тәрбиелеу үшін Қ. Рысқұлбеков атындағы қор құрып, өзекті шаралар атқаруға тікелей атсалыстым. Ең алдыменен Бірлік ауылындағы «Киров» атындағы орта мектепке Қайраттың есімін бергізуге күш жұмсадық. Алдына белгітас орнатқыздық. Бірлік ауылының орталығына Алматыдан ескерткіш жасаттырып әкеліп қойғыздық. Алматыдағы Обручев көшесі, Астанадағы – Абылай хан мен Ш. Құдайбердіұлы даңғылдарымен қиылысатын жаңа көшенің Қ.Рысқұлбековтың есімімен аталуына тікелей ықпал еттік. 8 жыл оқыған Төл би ауылындағы С. Шәкіров атындағы орта мектеп қабырғасына Тақта тас орнаттырып, Мұражай бөлмесін ашқыздым. Айрықша атап өтерлік жайт, 1988 жылы 21 мамырда Семей түрмесінде құпия жағдайда қайтыс болғандықтан, біршама әуре-сарсаңға түсіп 1993 жылы шілденің соңында Рахат Алтайұлы т.б. ұлтжанды азаматтармен ол жатқан түрменің 21- камерасына кіріп мәйітін алғаш көрген дәрігер-сарапшы Болат Шалағановпен пікірлесе келе Қайраттың өміріне қастандық жасалғанын анықтауға қол жеткіздім. Нәтижесінде Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қ. Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Сондай-ақ, ұлтжанды да өнегелі қасиеттерімен ерекшеленген Ресейдің Омбы қаласындағы қазақтың «Мөлдір» мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісоваға және т.б. Қайрат Рысқұлбеков атында сыйлық тапсырдық. Осы игі-істер туралы баспасөз беттерінде кеңінен жарияланды.
Т. Әлханұлы:— Кейінгі кезеңдерде нендей шаралармен айналысудасың?
М. Уақтегі :- Қайрат және Желтоқсан көтерілісін зерттеумен шұғылданып «Ер намысы, ел намысы», «Қайрат және Желтоқсан көтерілісі», «Қайрат танытқан қайраткерлер», «Қайрат. Желтоқсан. Тәуелсіздік.», «Хантауы- Қазақ хандығының бесігі» кітаптарын жарыққа шығардым. Сонымен бірге 2000 жылдан бастап дәстүрлі де тұрақты түрде Шу қалалық таэквондо «WTF» федерациясының президенті Марат Тілеуқұловпен бірлесіп шығыс жекпе-жегінен жастар мен жасөспірімдер арасында «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық турнирдің ойдағыдай өткізілуіне белсене атсалысып келемін.
Т. Әлханұлы: — халық болып тойлағалы отырған Елорданың 20 жылдығы…
М. Уақтегі:- «Сын орынды айтылмай, мін түзелмес…» демекші, билік пен әкім-қаралар тарапынан жіберілген кейбір ағатты істерін ашық айтып, жазып жүргеніммен, Нұрсұлтан Әбішұлының 1990 жылдардың басында астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдағаным да жалған емес. Геосаяси маңызы зор шараға әубаста ару қала Алматыдағы жылы орнынан айырылғысы келмеген шенеуніктердің қарасы көбейіп, жандарын сала қарсыласқандары жетіп артылатын. Осыған орай, 1994 жылы 30 тамызда «Жас Алашта» «Сарыуайымшыл Солженицынның сандырағы жүзеге аспасын десек…» атпен Елбасының бастамасын қолдаған мақалам жарық көрген еді… Жуырда жолым түсіп құдандалы іс-сапармен Астана қаласына барып қайтуыма тура келді. Елорданың адам танымастай қанатын кеңге жая көріктеніп өзгергеніне таң-тамаша қалып, ширек ғасырдай бұрынғы бүкілхалықтық бастамалы ұлағатты да ауқымды шараға болашаққа деген үмітті –сеніммен дер кезінде қолдау білдіргеніме мерейім көтеріліп қалды. Дейтұрғанменен көптеген айтулы ғалымдардың тұжырымымен киелі Шу өңірінде Қазақ хандығының туы 1458 жылы көтерілуіне орай биыл 560 жыл толып отыр. Соған байланысты Астананың 20 жылдығын Қазақ хандығының 560 жылдығымен орайластыру керек еді… Өткен жылдары Шу ауданының бұрынғы әкімі Рүстем Дәулетті қайта-қайта мазалай жүре аудан орталығы Төле би ауылындағы орталық алаңға Керей –Жәнібек хандар және Қайрат Рысқұлбеков пен Алтын адамға арналған «Мәңгілік ел» горельефін орнаттырдым….
Желтоқсандықтармен бірге 2016 ж.
Соңғы жылдары Елбасының бастамаларының бірі- халқымыздың әлеуметті тыныс-тіршілігін жақсарту жолындағы басым бағыттардың бірінен саналатын елді мекендерді газдандыру шараларын қолдаудың орнына, тек өз бас пайдаларын ғана күйіттеп, аспандаған бағамен жұртшылықтың наразылығын тудырып отырған меңменсіген мердігер мен ауылдық округ әкімінің жағымсыз іс-қылықтарын әшкерелей отыра, көпшілікке қолжетімді бағамен басқа мердігер компаниясын тарту жолында Шу ауданы орталығы ардагерлерімен бірлесе әрекеттенудемін.
Мәке, әсерлі сұхбатыңызға рахмет!
Мәкен Уақтегі
Әлем халықтары Жазушылары одағы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Шу ауданының Құрметті азаматы. 8 777 430 9903. жсн 481116301078
Сұхбаттасқан Төреқұл Әлханұлы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Шу ауданы, Ақсу ауылы.
17.05.2018 жыл