Қаламы намыс қайрағына айналған, Нұртөре
Президент сыйлығының және Қазақстан журналистер, Б.Бұлқышев, С.Садуақасов атындағы сыйлықтарының иегері, журналистер академиясының және Гуманитарлық академияның мүшесі, халықаралық ПЕН-клуб мүшесі, «Алтын жұлдыз»-2000 сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіп бауырым «Біз кімнен кембіз?», «Елес пен белес», «Егемендік лебі» «Ел мен жер» атты бірнеше публицистикалық жинақтардың авторы. Менің інімнің бұл атақ, дәрежелерден басқа өкімет тарапынан алған марапаттаулары жетерлік. «Құрмет» орденінің, «Тіл жанашыры» республикалық төс белгісінің, 2014 жылғы «Халықтың сүйіктісі» атты республикалық конкурстың «Ең өткір публицист» коминациясының жеңімпазы, Қызылорда облысы, Шиелі ауданының құрметті азаматы. Медалдарыда бар. Сонау «Егемен Қазақстаннан» бастап (бас редактордың орынбасары, Бас директоры) республикалық ірі газеттерде бас редактор қызметін атқарған Нұртөре қазір «Айқын» республикалық қоғамдық саяси газетінің басшысы.
Нұртөре туралы көп жазылып жүр. Мен оның бір қырын ғана сөзге тиек еткім келеді. Билік басылымдарында жүргендердің дені жағымпаздық жібін есіп, халықтың мұң мұқтажы, ұлттық мәселелер туралы тек сипама мақалалар жазады. Нұртөреге құдай берген тамаша талант, өзгелердің көрмегенін көріп, соны терең бағамдап, пайымдап, шиырып, өткірлеп жаза білуінде. Оның мақаласы жаныңды жадыратып, «е-е, осылай жазылуы тиіс қой» деген ризашылық сезім жетегінде тұщымды оқылады. Ол ұлт мәселесіне келгенде намысын жанып, шегінбей, жеріне жеткізе жазады. Қызылсөздікке берілмей нақтылыққа жүгінеді. Бізде солай етелік. Жақында оның «Мың құмырысқа және біз» атты құнан қойдың құнындай қалың жинағы шықты. Тақырыбын тосын, ешкімге ұқсатпай қойған кітап оқылады. Жинақтарға негізінен оқырман тосырқай қарайды. Бұл кітапты әп дегеннен қолға алып оқи бастағаннан иіріміне қалай түсіп кеткеніңді білмей қаласың. Сонымен кітаптағы үзік-үзік ойларға көз жүгіртелік. «Бізде біреу біреуді зорласа, заң жүзінде жауапқа тартуға болады. Ал ана тіліңді тал түсте зорласа ше?! Қазақ тіліг қалай болса солай бұрмалап, неше түрлі бөтен сзбен былғап, алабажақ қылып шұбарлап жүрген қандас бауырларымыз осы әрекеті арқылы өз анасының тілін зорлап жатқандарын біле ме екен?! Тілді шұбарлау – тілді зорлау емей немене? Тілді шұбарлау – елді қорлау емей немене?» «Қайран Мұқаң! Мұхтар Әуезов! «Ел болам десең, бесігіңді түзе. Бесікті түзеу үшін – әуелі әйелдің халін түзе!» демеп пе еді?! Осы сөзді Үкіметтің маңдайшасына жазып қойса ғой, шіркін! Жұматай Жақыпбайдың «Ақымақ әлем алған ба, Ақынның тілін бер рет» деген өлеңін осы заманға бұрып, тақырыпқа шығарып отырмын. «Ақымақ әлем алған ба, әйелдің тілін бір рет» деп те көрдім. Бірақ мынау дұрыс секілді. Әңгүдік қоғам алған ба, Әуезов тілін бір рет?» *** «Жерден де, көктен де оңай ақша жасауға үйренген қазақстандықтар жуыр маңда құлқынқұмарлықтан тыйыла қоймас. Өйткені Қазақстанда жеу мен талаудың ең әдемі жүйесі әлдеқашан орнығып үлгерді. Енді одан жынды болмаса, есі дұрыс адам өз еркімен бас тарта ма?» *** «Осыдан елу, жүз жыл бұрынғы қазақ мүлдем басқа қазақ еді: бауырын көрсе жауырынын төсеп тұратын, ет-жүрегі елжіреп, бауыры езіліп тұатын; бүгінде бір қазақ екінші қазақты көрсе қарадай жиреніп тұратын болды, қазақтың қазаққа деген өшпенділігі қарадай көзге ұрып тұратын болды: қазақтың мақтап жүрген батырлығы да өзіне ғана әлі жеткен әлсізді әбігерге салды: тіреуі мықты тізесін батырады, шамасызға шошаңдайды, қауқарсызға қоқаңдайды. Қазақтың қазаққа қырын қарауы тегін емес тәрізді. Елдің құтын қашыратын екпе егілмеді ме екен бізге?!. Сізге?!» *** Абай атаның айтатыны бар еді: қазақты қазақ қылып тұрған екі нәрсе, бірі – намысқойлығы, екіншісі – үлкенін сыйлауы деп… «У ішсең – руыңмен» дегенде, қазақ бірден у іше салып, өле қал демеген: не болса да бірге көр, қиындық болса бірге көтер, жесіріңді жылатпа, жетіміңді тентіретпе деген… У іше аласыз ба? Ел үшін?! Ел қамын жейтін ер үшін?! Атамекен жер үшін?!» *** «Былтыр Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне сапар жасадым. Олар бізден әлдеқайда озып кеткен. «Әлемдегі ең мықты отыз елдің қатарына кіреміз» деп күшеніп отырмыз. Біз қуып жеткенше, озып кеткен елдер «қазақтар келе жатыр екен» деп күтіп тұра ма? Олар осы қарқынмен дами береді. «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген. Біз артымызға қарамай, әлемді мойындатқымыз келеді. Не болса да әлемдік дәрежемен өлшейтін болдық. Бірдеңе салсақ, «әлемде теңдесі жоқ құрылыс салдық» деп жаһанға жар саламыз. «Аттыға ерем деп жаяудың таңы айырылыпты» дегеннің кері келіп жүре ме деп қорқамын. Қит еткен нәрсе болса, әлем-әлем деп қиқу сала бермей, өзіміздің әлем-жәлем тұрмысымызды, кетеуі кеткен қиқы тірлігімізді, ықпалы кеміген ынтымағымызды, ыдысы төгілген ырысымызды түгендеп алсақ та жаман болмас еді». Нұртөре баспасөзде бұрын жиі көрінетін. Өзінің «Айқыныңда» қаншама дүр мақалалары жарық көрді. Бір жазса тоқтамай, тосылмай күркіретіп жазады. Сонғы кездері Нұрекең тосылып тұр. Бір кездескенде ініме осы ойымды жеткіздім. Үндемеді. Төмен қарады. Жо-жоқ Нұртөрежан! «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!» Тосылма, тоқтама, мүдірме, төменге қарама! Ер жерге қарамауы тиіс. Сенің отты тілің, терең ойларың, қарымды қайырымдарың ұлтыңа да «билікке де қажет!» «Ей, уақыт! Ей, заман!» көзіңді ашып, қазаққа қара: ескен желдей, көшкен сеңдей, қиындықты еңсеріп, қайратты жиып белсеніп, біз келеміз!» Иә, Нұрекебай, осылай өзің айтпақшы белсенді болайықшы.
Ертай Айғалиұлы