Тарихи өлке үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор
Қазақстанның қай өлкесін алып қарасаңыз да, тау-тасы да, аққан бұлағы мен қара топырағына шейін тарихтан сыр шертеді. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан Әулиеата өңірі туралы жарты сағат баяндау аз екені онсыз да белгілі. Десе де, дәстүрден ауытқымай, өткен аптада Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Астанадағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста атқарылған және жоспарға қойылған жұмыстар жөнінде БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
Облыс әкімінің мәлімдемесіне сүйенсек, тарихы тереңде жатқан Тараз өңірінде 2017 жылы бағдарлама аясында 1,1 млрд. теңге бөлініп, 24 жоба мен түрлі іс-шаралар өтіпті. Аталған қаржының 81,7%-ы атымтай жомарттардан жиналған қаржы екенін айта кеткен
жөн. Сондай-ақ, биылға жоспарланған 122 жоба мен 77 іс-шараға облыс бюджетінен 400 млн. теңге бөлінсе, 3,4 млрд. теңге қолы ашық меценаттар есебінен көзделген. Облыс орталығы Таразда және аудан орталықтарында жыл басынан бері, әсіресе, «Атамекен», «Туған жерге туыңды тік!» ауқымды акциялары тұрақты түрде өтіп келеді. Акция аясында 80-ге жуық атымтай жомарт ниет білдіріп, осы жарты жылдықта 1 млрд. теңгедей қаражат игерілсе, жыл соңына дейін 2 млрд. теңгеден астам қаржы тартылмақ.
Қайта-қайта тілге тиек етіп отырған атымтай жомарт жамбылдық кәсіпкерлердің есебінен былтыр облыс бойынша жалпы құны 837,6 млн теңгеге 28 әлеуметтік нысан,оның ішінде 2 балабақша, 11 спорт нысаны, 3 мед.пункт, 1 интернат пайдалануға берілсе, биыл олардың қатары 43 нысанға көбеймек. Ел игілігіне берілетін 19 спорттық, 7 мәдени және 17 әлеуметтік нысанның құрылысына 1,7 млрд. теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр.
«Taraz түлегі» – тың жоба болмақ
Тізе берсек, «Рухани жаңғыру» идеологиялық құжатына сәйкес, облыста атқарылып жатқан жұмыс көп. «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап» секілді бағдарламалық жобалар көпшіліктің көңілінен шығып жатса, бірқатар азаматтардың екі қолға бір күрек табуына да сеп болып отырғаны шындық. А.Мырзахметов баяндап берген жобалардың ішінде «Taraz түлегі» жобасы көзімізге оттай басылды. Өйткені, мектеп оқушыларына мұхиттың арғы бетінен Online дәріс өткізу идеясы сайын даламызда бұрын-соңды болмаған. Әсіресе, ауыл мектептерінің түлектері үшін үлкен тосын сый десек артық емес сияқты. Соңғы қоңырау күндері АҚШ-та білімін жетілдіріп жатқан Қайрат Әшім мен Кембридж университетінен Назипа Аюбаева Online форматында ынталандыру, ақпараттандыру дәрісін өткізбек. Бұл интерактивті дәріс алтын ұя мектептерінде ең соңғы қоңыраудың үнін естігелі отырған жас түлектердің қиялына қанат бітіреді деген сенімдемін дейді облыс басшысы.
Бұдан бөлек, өскен өңірінің атын шығарып, еліне адал қызмет етіп жүрген белгілі тұлғалардың қатысуымен мектептерде дәріс жүргізу, кездесу, мастер-класстар өткізу жамбылдықтар үшін ең оңай жұмысқа айналып кеткен. Мәселен, халық қаһарманы Б.Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.Миразова, ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Азия чемпионы және олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, «Ustady» ЖШС-нің бас директоры Ж.Рахмани, «Шаушен» ЖШС-нің басшысы С.Дөненбаев және басқа да азаматтар өздері түлеп ұшқан ауылдарда, мектептерде жасөспірімдермен жүздесіп, жетістікке жету құпиясымен бөліскен. А.Мырзахметовтің айтуынша, бүгінгі таңға дейін жамбылдық түлектер тарапынан 250 дәріс оқылып, мастер-класстар өткен.
«Цифрландыру» тарихи мұрамызды таныта түспек
Бір ғана Айша-Бибі кесенесі сан ғасырлардан бергі тарихты көз алдыңызға әкелетін Жамбыл облысы қойнауы шежіреге бай өлке екенін жоғарыда айтып өттік. Десе де, насихаттың аздығынан, дүниетанымның тарылып бара жатқан себебінен көненің көзіндей болған ескерткіштерге мойын бұрып, мән беріп қарайтындардың қарасы азайған. Қазір он
адамның оны да телефонындағы әлемде өмір сүретіндіктен, қоғам жаппай цифрлық технологияға көшуге мәжбүр болды. Заман талабы дегенмен өткенді ұмытпай, керісінше ұлықтау мақсатында Президенттің бұйрығымен былтыр «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» дайындалған болатын. Бұл бағытта Жамбыл облысының да атқарып жатқан жұмыстары аз емес екен.
-Биыл «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұған 25 млн.теңге қаралды. Картаға «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттар және аңыз әңгімелерін жинақтаймыз. «Әулиеатаның киелі жерлері» атты арнайы сайт ашылып, виртуалды онлайн карта жасалмақ. Мультимедиялық өнімдер, карта және 3 тілде кітап-альбом шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакральды картаның» 3D форматы енгізіледі,-дейді А.Исабекұлы.
Бұдан түсінгеніміз – цифрлы ақпараттық технологияларды енгізу арқылы киелі жерлеріміздің танымалдылығы күшейіп, қолжетімділігі арта түседі. Өңір басшысының айтуынша, «Қазақстанның виртуалды картасы» жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейіне «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» галлограммасы орнатылған. Сол арқылы келушілер облыстағы киелі орындарды (Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-хатун кесенелері мен Ақыртас сарай-кешені), тарихи-мәдени нысандарды тамашалай алады.
-«Рухани жаңғыру» жобалық офисінің интерактивті киоскі арқылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне 3D виртуалды тур жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мүмкіншілікке өздеріңізде көз жеткізе аласыздар. Осында арнайы интерактивті киоскін орнатып отырмыз. Бағдарлама аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен аудандарда 10 цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды. Бұл мақсатқа 45,5 млн. теңге қаралған. Аталмыш Орталықтарда әртүрлі сала бойынша әлеуметтік маңызды 452 қызмет бойынша қажетті ақпараттар мен мәлімет алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, осы мақсатта алғашқы 26 елді мекенде заманауи үлгіде салынатын мәдениет ошақтарында дацифрландырылған ақпараттық мәдениет орталықтарын кезең-кезеңімен 2020 жылға дейін ашуды жоспарға қойдық,-дейді ол.
А.Мырзахметовтің мазмұнды мәлімдемесінен түйгеніміз, біреуден ілгері, біреуден кейін қоңыр тіршілік кешіп жатқан Жамбыл облысының халқы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын маңызды идеологиялық құжат деп есептейді. Қазақтың арғы-бергі тарихында талайға таңдай қақтырған ақын да, батыр да, балуан да, сөзге шешен жырау да шыққан бұл өлкенің еліміз үшін алар орны ерекше. Басқасын айтпай-ақ қойғанда, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне облыстан 8 азамат енген. Олар: З.Габидуллина, С.Сейдазимов, А. Пошкаев, Е.Бақтыгерей, М.Саршаев, Ғ.Арыстанбаев, А.Таңатаров, Б.Исламхан. Айтпақшы, А.Мырзахметовтің брифингінен бірер күн бұрын ғана аталмыш «100 жаңа есімге» енген белгілі спортшы, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Жамбыл облысына қарасты «Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры қызметіне тағайындалған болатын. Олимпиадада чемпиондары мен әлемді мойындатқан спортшылар шыққан Әулиеата өңірі алдағы уақытта да атағы жер жарған сайыпқырандарын дайындайды деген сенімдеміз.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ