Павлодар облысының әкімі Башқұртстанға барды
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Башқұртстанның Уфа қаласына екі күнге жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы ол жақта өндірістік және мұнайгаз кәсіпорындарын аралап көреді. Солардың ішінде «Башнефть» компаниясының зауыты, Уфа моторқұрылыстық өндірістік бірлестігі мен «УфаОргСинтез» КАҚ-дағы күмбез өндірісінің жұмысымен танысады. Жұмыс сапарының соңында Болат Бақауов Башқұртстан республикасының басшысы Рустэм Хамитовпен кездесті.
Сонымен қатар, құрамына өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік мекемелердің басшылары бар Павлодар делегациясы Уфа индустриалды паркін тамашалайды. Ал, аймақ басшысы Уфа қаласында 22-25 мамыр аралығында өтетін «Газ.Мұнай.Технологиялар» атты көрмеге қатысты. Аймақ басшысы одан кейін Уфадағы мұнай және ағаш өңдеу зауыттарында болды. Уфалық «Башнефть» көпшілік акционерлік қоғамының құрамына кіретін мұнай өңдеу зауытының өкілдерінің сөзінше, мұнда жыл сайын алты миллионға жуық мұнай өндіреді. Жанармайдан бөлек мұнда қысқы және жазғы дизель отыны мен жүк мазуты шығарылады. Айта кетейік, «Башнефть» уфалық филиалында алты мыңнан астам адам қызмет етеді.
– Бізде кадр тапшылығы мәселесі жоқ, – дейді акционерлік қоғамның бөлімше директоры Антон Зайцев. – Мәскеу маңындағылар астанамызға барып жатыр. Ол жақта маман жетіспейді. Ал, бізде жағдай қалыпты. Көп қызметкерлеріміз 15-20 жылдан бері еңбек етуде.
Әлемдегі ең ірі ағаш өңдеу зауытының ең басты тұтынушыларының бірі – Қазақстан. 100 жылдан астам тарихы бар «Kronospan» компаниясы қазақстандықтармен, соның ішінде Павлодар облысымен тұрақты байланысты болатынын атап өтті.
– Біз қазіргі күні бір айдан соң іске қосылатын плита жоңқасын шығаратын зауыттың құрылысымен айналысудамыз, – дейді «Kronospan-Башқортостанның» коммерциялық директоры Барыш Джан. – Өнімнің 56 пайызын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікістан, Қытайға экспорттаймыз. Болашақта Оңтүстік Америкамен қарым-қатынас орнату жоспарда бар.
Өз тілшіміз