Қазақ ғылымына қосылған қазына

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде шет тілінен аударылған 18 түрлі кітаптың тұсукесері болды.

Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әлемнің ең мықты ғалымдарының үздік оқулықтарын қазақ тіліне аударып, оны отандық оқу орындар бағдарламасына енгізуді тапсырған болатын. Ал, осы жоба бойынша дайындалған алғашқы 18 кітаптың таныстырылуына қатысқан Елбасы: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», — деген болатын.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышевтың айтуынша, тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, тіл, медиа, экономика, менеджмент және бизнес салалары бойынша аударылған 18 түрлі оқулықтың 1506 данасы келіп түскен.

— Бұл – отандық білім беру жүйесінде орын алған айтулы оқиға. Яғни, бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуымызға және ұлттық санамызды жаңғыртып, жаңаша ойлауға серпін береді. Әлемдік өркениетке гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарды дамыту арқылы қол жеткіземіз. Қазақ тіліне аударылған бұл оқулықтар еліміздің зияткерлік капиталын қалыптастыруға зор үлесін қосары анық. Жаңа оқулықтарды біздің студенттер де тиімді пайдалана біледі деп сенеміз. Осы кітаптар арқылы олар әлемдік гуманитарлық пәндер ғылымымен таныса алады. Сонымен қатар, қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, тіліміз ғылым тілі ретінде дами түседі, — деді Арман Айтмұхамбетұлы.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше әлемдік ғылымның көшбасында тұрған 800 кітап таңдалып, кейін соның 100-і іріктеліп алынған. Оқулықтарды аударуға еліміздің ең танымал ғалымдары жұмылдырылған. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 30 түрлі кітап қазақ тіліне аударылатын болады.

— Оқулықтарды аудару барысында бірнеше сатыдан тұратын сараптамадан өтті. Алдымен тахниканың көмегімен автоматты түрде аударып, одан кейін толығымен ғылыми сараптама жасалады. Сондай-ақ, аудармалардың әдеби көркемдігіне көп мән берілді. Бірінші кезеңде аударылған 18 оқулық 20 мың данамен басылып шығып, еліміздің барлық оқу орындарына таратылды. Кітаптардың 16-сы ағылшын, біреуі француз, біреуі орыс тілінен тәржімаланды. Бұл біздің гуманитарлық білім саласына үлкен өзгеріс әкеліп, жаңашы көзқарас қалыптастыратын аса құнды туындылар. Жаңа кітаптар келесі оқу жылынан бастап оқытылады, — дейді ол.

Айман ЗЕЙНУЛИНА, Қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі:

— Біз үшін «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Медиаэтика» және «Жалпы тілтану» кітаптары жоғары сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Мысалы, кітап авторы, ресейлік ғалым Светлана Тер-Минасова шет тілдерін оқу мәселесін қарастырып, тілді жетік меңгеру үшін халықтың танымын, психологиясын тереңнен білу керектігін айтады. Бұл ғылыми еңбектердың дәстүрлі әдістерден айырмашылығы көп. Сондықтан гуманитарлық білім беру сапасына оң әсерін тигізбек.

Тілеуберді САХАБА