Көршілер әріптестікке мүдделі
Павлодар облысы мен Башқұртстан Республикасы арасында өзара тиімді әріптестік байланыс орнады. Сонымен бірге, Ертіс-Баян өңірі Башқұртстан мен Қытай арасындағы әрекеттестікті дамытатын алтын көпірге айналады.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен кездескен Башқұртстан Республикасының басшысы Рустам Хамитов қазіргі таңда көршілес өңірлермен әріптестікті дамыту аса маңызы екендігін атап өтті.
— Қазақстан біздің ең жақын көршіміз, — деді ол. – Біздің қарым-қатынастарымыз әлі де жоғары деңгейге шыққан жоқ. Павлодарлық әріптестеріміздің өзара әрекеттестікті ұсынған бастамасы өте маңызды. Павлодар облысында әктас пен тұздың аса мол кені бар екенін білеміз. Сонымен бірге, осы өңір арқылы біздің кәсіпкерлер Қытайға баруға мүмкіндік алады.
Анықталғандай, башқұрт кәсіпкерлері павлодарлық әріптестерінің көмегімен Қытайға ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізу мәселесін шешу мүмкіндігіне ие болады. Болат Бақауов олармен әріптестіктің кез-келген түріне дайын екенін атап өтті.
— Делегацияның құрамындағы ірі шаруа қожалықтарының өкілдері сүт-тауарлы фермаларымен және өсімдік шаруашылықтарымен танысқысы келеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысу саласындағы өзара әріптестікке назар аударуды ұсынамыз, — деді ол. – Ғылым мен білім саласына келсек, біздің жоғарғы оқу орындары бұл саладағы жұмысты бастап кетті. 2015-2018 жылдар аралығында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 35 магистранты Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінде тағылымдамадан өтті.
Кездесу соңында Рустам Хамитов Болат Бақауовқа жасаған сапары үшін алғыс айтып, Павлодарға келу ойы бар екенін жеткізді. Алдын-ала мәлімет бойынша, Башқұртстан Республикасының басшысы облысымызға осы жылы жаздың соңында немесе күздің басында келуі мүмкін.
Өз тілшімізден