Сен кімсің, Сергей?
Иә, әлемнің мен деген өнер майталмандары, сахна саңлақтары көз тігетін Канн кинофестивалінде биыл тұңғыш рет қазақ әртісінің есімі айтылды. «Айтылды» дегеніміз бер жағы, дұрысы «айшықталды».
Нақтылай айтқанда, қазақ актрисасы Самал Еслямова «Ең үздік әйел рөлі» үшін марапатталды. Демін ішіне тартып «кімді лайық көрер екен» дескен киномайталмандарының алдына қазақтың қызы шығып, ұлттық оюмен көмкерілген көйлегімен ғана емес, «Баршаңызға үлкен рахмет!» деп қазақша үн қатуымен де елдің ықыласына бөленді.
Кинорежиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған 34 жастағы Самал Еслямова Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында туып өскен. Кеше Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Самалдың ата-анасына арнайы кіріп, қыздарының үлкен жетістігімен құттықтады. Самал бүгінде кинотүсірілімдерге байланысты уақытша Мәскеуде тұрып жатқаны болмаса, қазақтың қызы, Қазақстанда, ата-анасымен бірге Аралағашта тұратыны мәлім болды.
Ал, әлемдік деңгейдегі мамандарды мойындатқан киноны түсірген Сергей Дворцевой болса, өзіміздің шымкенттік. Сергей Владимирович Дворцевой 1962 жылы 18 тамызда Шымкентте туған. Н.Михалковтың «Ника» сыйлығының лауреаты. Анасы Дворцевая Вера Петровна инженер-картограф болып қызмет еткен, қазір де Шымкентте тұрады. Әкесі марқұм Дворцевой Владимир Александрович инженер-геодезист болып Шымкентте қызмет атқарған.
Сергейдің өзі Шымкенттегі № 29 мектепті бітірген. Мектептің байырғы ұстаздарының айтуынша ол сабақтан тыс уақытта футболға қызыққан. Тіпті мықты ойыншы ретінде Екібастұздың «Угольщик» командасына шақырылған екен. Футболдан бөлек авиацияға да қызыққан бозбаланың бала жастан қиялы ұшқыр болғанын айтады білетіндер. Авиация училищесін тәмамдаған ол 1982-1990 жылдары Шымкенттегі авиаотрядта жұмыс істеген.
Ал, газеттен кинорежиссура мамандығына Қазақстаннан талапкерлер қабылдау басталғаны жөніндегі хабарландыруды оқығанда қиялшыл Сергей бағын сынап көргісі келген. Осылайша Кинорежиссерлер мен сценаристердің жоғарғы курсына оқуға түсіп, онда Л. Гуревич, С. Зеликиннің кино шеберханасында білім алу мүмкіндігіне ие болған Сергейдің курстық жұмысы ретінде түсірілген «Счастье» және дипломдық жұмысы «Хлебный день» картиналарын ұстаздары жоғары бағалайды.
Шымкенттік белгілі журналист Кеңесбай Исмаиловтың айтуынша қайбір жылы Сергей елге келіп, «Тюльпан» атты кино түсірген. Сол картинаны түсіру үшін аспанмен шектесетін тұсы анық көрінетін, кең жайлаулы даланы іздеген. Кеңесбай Исмаилов Созақ ауданындағы жазықтықты, Бетпақдаланы ұсыныпты. Іздегенге сұраған болған бұл аймақ кинорежисердің де ойынан шығып, «Тюльпан» Созақ даласында түсіріледі. «Маған 360 градуста тоқтамай кеңістікті көрсете түсіретін орын керек еді» деді. Мен Бетпақдаланы ұсындым. «Тюльпанның» басы сол Бетпақдаладан басталады. Ал, қалған эпизодтары Жуантөбеде түсірілді» дейді Кеңесбай Исмаилов. «Тюльпан» 2008 жылы өткен Канны кинофестивальінде «Ерекше көзқарас» аталымы бойынша марапатталған.
Сергейдің жоғары марапатқа ие болып отырған кинолары қазақтың жерімен, қазақтың дәстүрімен, болмысымен біте қайнасуы арқасында әлемді мойындатып отыр. Кеше ғана Самалды марапатқа ие еткен «Айка» фильмі Мәскеуге келген қырғыз қызының ауыр тағдыры мен психологиялық бітім-болмысын боямасыз суреттеуімен ерекшеленеді.
Бет қатталып жатқанда:
Біз Сергей Дворцевойға телефон арқылы хабарласып, жерлестері, шымкенттіктер атынан қол жеткізген табысына қуанышты екенімізді айтып, құттықтадық.
—О, Шымкенттен бе? Қандай ғанибет! — деп қуанышын жасырмаған оған жерлестерінің қуанышы дем бергендей болды.
—Өзім жұмыс бабымен Ресейде жүргеніммен, анам әлі күнге Шымкентте тұрады. Мен үшін жерлестерімнің қуанып жатқаны үлкен абырой. Әттең уақыттың тарлығын-ай… телеарнаға сұхбат бергелі жатыр едім, айып етпеңіздер. Студияда отырмын. Әне-міне камера қосылғалы жатыр. Алда әлі талай сұхбаттасармыз,- деді уақытының тығыздығына дөп келгеніміз үшін қайта қайта кешірім сұрай отырып.
Амандық болса, талантты кинорежиссер жерлесіміз Сергей жайлы өз оқырмандарымызды әлі талай хабардар етерімізге сенімді болып, біз де ісіне сәттілік тілеп қала бердік.
Жәмила МАМЫРӘЛІ,
«Оңтүстік Қазақстан».