Ораза ұстаушылар кіретін жәннат есігі
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) хадис-шәріпiнде: «Жәннатта бiр есiк бар. Оның аты — Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», — дегенде, олар орындарынан тұрып осы есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», — деген.
Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын): «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі», — дейді.
Демек, Жаратқан тәңіріміз Алла тағала үшін ораза аса мәртебелі ғибадат. Сондықтан, Алла тағала ораза ұстаушының тілеген тілегін береді. Ораза ұстаушыға берілетін сауаптардай сауаптар басқа ғибадаттарда жоқ. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық. Оразаның ораза ұстаған адамға берері де мол. Ораза адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Сондай қасиеттердің бірі — тақуалық.
Жоғарыда келтірілген аятта:
«Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса», — деп айтылған.
Ал сонда «тақуалық» деген не? Тақуалық деп — жаманнан жиренуді, жақсы, көркем мінездерге бейімделуді айтады.
Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі болсын): «Иман — жалаңаш, тақуалық — иманның киімі», — деген. Демек, тақуалығың болмаса, имандымын деп айтудан ұял дегені. Пайғамбарымыздан (Алланың сәлемі болсын): «Тақуалық қайда?», — деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Алла тағала: «Жәннатқа тақуалы жандар кіреді», — деп қасиетті Құранның бірнеше аятында баяндайды.
Сондай-ақ қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің ең алғашқы аятында: «Бұл Құран тақуалы жандарды ғана тура жолға бастайтын кітап», — дейді.
Демек, тақуалық — адам бойындағы ең жақсы қасиет. Егер аяттағы «тақуалықтан үміттерің болса», — деп айтылуына мән берсек, онда оразаның мұсылманды тақуалы етуі үшін парыз болғаны ақиқат. Ораза — тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа бет бұруы керек. Ал егер кім ораза ұстаса, бірақ көкірегінде тақуалық сезім пайда болмаса, яғни, жаманнан жиренетін, көркем мінездерге өзін бейімдейтін сезімі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы ықыласымен ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын! Келе жатқан рамазан айында ораза ғибадатын шынай ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін. Жаратқан баршамызға өзі жар болғай!
Қасиетті Құранда: «Рамазан — адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят), — делінген.
Дайындаған — Мирас Кесебаев