«Кісікиік Хасуха»
Кавказ халқында «Абрек» деген ұғым бар, әзірбайжандарда — «Гашаг». Қазақшаласақ — «Кісікиік». Билікке, заң-зәкүнге, әулетіне, ауылдастарына немесе қоғамға наразы адам Алла Тағалаға ант беріп, тауға кету, қоғамнан өзін-өзі аластау, ішкен қасамына сай қанды кек қайтару секілді бұл әрекеттің жолы ауыр, күні санаулы.
Хасуха Магомадов — шешен халқының соңғы абрегі. Өмірінің соңғы 35 жылдан астам уақытын Кеңес үкіметіне наразылықпен, айқасып жүріп өткізген соңғы кісікиік.
1905 жылы Шатой ауданындағы шағын ауылда туған Хасуха жасы 32-ге толғанша өз бетімен араб, орыс тілдерін меңгеріп алып, қарапайым тіршілік кешкен. Тіл білгенінің арқасында оны үнемі орыстың басқыншы билігі тілмаштыққа жалдап, сол аудармашы боп жүрген кезінде Хасуха кеңес үкіметінің озбыр саясаты мен езілген шешен халқының ауыр тұрмысына, қызыл биліктің біржақты үстемдік құрған әділетсіздігі мен қаскөйлігіне әбден қанығады. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ұлттық езгіні өз көзімен көреді.
1939 жылы Хасуха үлкен даудың үстінде абайсызда өз ауылдасын өлтіріп алады. Құдай қарасқанда, әлгі марқұм өлер алдында ауылдастарына бұл оқиғаға Хасуханың жазығы жоқ екенін, барлығына өзі кінәлі екенін айтып кеткен екен. Шариғат соты мен марқұмның отбасы Хасухаға кешірім жасап, жазаламағанымен, бұл хабар кеңес үкіметінің жандайшаптарының құлағына жетіп, Магомадовты түрмеге жабады.
Грозныйдағы түрмеден қашып шыққан Хасуха тауда бой тасалап жүрген өзі секілді үкімет пен билікке наразы топқа барып қосылады. Көп ұзамай ол топ кеңес әскерімен қақтығысып, кеңестер жағынан 20 жауынгер опат боп, ал шешендер жақтан тек Хасуха ғана аман қалады.
1944 жылы шешендерді Қазақстан мен Қырғызстанға жер аударып жатқан репрессия кезінде Хасуха тау ішіндегі Хайбах ауылында 700-ден аса адамды ат қораға қамап, тірідей өртеп жібергеніне куә болады. Сол кезден бастап ол кеңес үкіметіне қызмет ететін адамдар мен чекистерді, қаңыраған ауылдарды тонауға келген алаяқтарды аяусыз өлтіре бастайды.
Араға 13 жыл салып, жер аударылған шешендер туған ауылдарына орала бастағанымен, Хасуха тауда түнеп, қанды кегін жалғастыруды тоқтатпайды. Үкімет оны ұстау үшін арнайы тікұшақ шығарып, жаяу әскермен тау-тасты, орман-тоғайды кезсе де, кісікиік Хасуха қолға түспей қояды. Кекшіл абректі тоқтату үшін оның туған-туыстарын, кездеседі-ау деген ауылдастарын қудалап, жауапқа тартады. Хасуха бәрібір жауласқанын қоймай, үкімет адамдарын қынадай қырады.
Қолға түспейтін қарақшы Хасуха қаша жүріп ұрыс салуымен қоймай, үкімет адамдарына хат жазып, өзін іздемеуін, қуғындауды доғаруын, әйтпесе, өзі келіп, бәрін бауыздайтынын айтып, доқ көрсетуге көшеді. Чекистердің есебіне сенсек, сол кезде Хасуха екі жүзден аса билікке қарсы әрекетке қатысып, отыздан аса заң адамдарын өлтірген көрінеді.
Бір жолы ол Грозныйдегі бір ауруханада 3 ай жатып ем қабылдап, кетерінде өзінің кім екенін, әлі талай кек қайтаратынын, алайда жасаған ем-домы үшін алғыс білдіретінін хатқа жазып, дәрігерлерге табыстап кеткен екен. Бұл тірлік, әрине, биліктің үрейін ұшырғаны анық!..
1974 жылы жетпіске қараған шағында, орман-тауда тығылу қиындап, денсаулығы сыр бере бастаған Хасуха Шатой ауданындағы бір ауылға кеп, танысының үйінде түнеп қалады. Оның бұл жатысын сол ауылдағы тыңшылардың бірі үкімет адамдарына жеткізіп, әп-сәтте үйді КГБ мен милиция қызметкерлері қоршауға алады. Мұны сезіп қойған ол, көше беттегі терезеден далаға жастық лақтырған. Жастықты адам екен деп қалған чекистер оқ жаудыра бастағанда, басқа терезеден байқатпай шыққан ол талдың тасасында тұрған бір қарулы адамды бауыздап кетеді. Ол адам Шатой ауданы бойынша КГБ-нің басшысы әрі Магомадовты ұстау тобының жетекшісі Георгий Салько деген чекист екен.
1975-1976 жылдың қақаған қысы қашқын Хасухаға ауыр тиеді. Өзінің санаулы күні қалғанын сезген ол бауырына хат жазып, зират басына келуін, өзін мұсылманша жерлеуін сұранады. Өзі зират басына барып, өз қабірін қазуға кіріседі. Оны мектеп оқушылары көріп қалып, милицияға хабар берген…
Зират маңына жедел жеткен ауыл адамдары мен милиция қызметкерлері өзен жағасында дәрет алып отқан Хасуханы көреді. Ол өзіне жақын келмек болған бір белсендіні атып салып, су жағасындағы орнында бірдемені күбірлеп (сірә, Аллаға жалбарынып, кәлимә шәһадатын үйіріп) отыра берсе керек. Милиция қызметкерлері Хасуханың бауырына автомат беріп, ағасын өз қолымен өлтіруге жұмсайды. Екі оттың арасында қалған бауыры амалсыздан ағасына таяп келгенде.., бақи дүниеге аттанып кеткен Хасуханы көреді…
Қырық жылға жуық қанқасап дұшпанымен, бейбіт халқын қанға бөктірген қызыл үкіметпен жан аямай жауласқан, соңғы демі шыққанша берген анты, ішкен қасамына, Жаратушы Бір Алласына адал болған Хасуха Магомадовтың денесін туыстары чекистерден сатып алып.., өзі аманаттағандай, мұсылманша рәсіммен, кісі көзінен таса жерге апарып жерлеген көрінеді…
Иманың жолдас болсын, шешеннің соңғы абрегі — кісікиік Хасуха!..
Кигіз кітап парақшасынан алынды…