ШЕТЕЛДІК ЖУРНАЛИСТЕР МАҢҒЫСТАУДА
Маңғыстау облысына шетелдік журналистер келді. БАҚ өкілдері «Ғаламдық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын насихаттау аясында аймақтың көрікті жерлеріне саяхат жасады. Испания, Италия, АҚШ, Қытай, Египет, Ұлыбритания, Франциядан келген 15 журналист сапардың бірінші күні «Бекет ата» және «Шопан ата» жерасты мешіттеріне барды. Сондай-ақ, мәдени баспасөз туры барысында шетелдік меймандар облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесті. Басқосуда өңір әкімі журналистердің сұрақтарына жауап беріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен жетістіктерін және орта шағын бизнестің дамуы туралы айтты.
-Облыстағы туризмді дамыту мақсатында кафе мен санитарлық аймақтары бар 10 визит орталықтарын салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде экскурсиялық және көрме орталығы, сыйлық, ұлттық өнімдер дүкендері болады. Өзбекстан шекарасына дейін 85 шақырым жол құрылысы жүріп жатыр. Жолдың ұзақтығы бойынша туристерге қажетті барлық қолайлы жағдайды ұйымдастыру бойынша орталықтар салынады. Кеше сіздер Бекет Ата мен Шопан Ата қорымдарын көрдіңіздер. Бекет ата қорымы тек қана Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның да сәулеті ерекше тарихи және архитектуралық ескерткіш. Қазақ халқы әдеп-ғұрыптармен мәдениетті тарихтағы ең қиын кезеңде сақтап қалған ел. Біздің елімізде өзінің мәдениеті, дәстүрі мен тілі сақтаған 130 өз ұлт өкілдері тұрады. Барлығы бірлік пен тұрақтылықтың арқасында тату-тәтті ғұмыр кешуде, — деді облыс әкімі.
Қонақтар өз кезегінде саяхаттан алған әсерімен бөлісіп, маңғыстаулықтарға алғысын білдірді.
-Маңғыстау өңірі бізге өте қатты ұнады. Бұл аймақ тарихи орындарға, аңыз — мұраларға бай екенін өз көзімізбен көріп таңғалдық. Ерекше табиғаты, қызықты орындары мен тарихын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жергілікті адамдар өте қонақжай екен. Дәл осы Қазақстандағыдай қонақжайлылықты ешқашан еш жерде көрмедік десем болады. Жалпы, шетелдік туристерді ең алдымен елдің ішкі әлемі, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қызықтырады. Солардың барлығын осы өңірден көре алдық, дейді АҚШ-тан келген «FORBES» журналының тілшісі Паулина Коренблум.
Айман Оңғарбайқызы