Мәжіліс төрағасы Қытайлық делегация өкілдерімен кездесті

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 28 мамыр күні, Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысы Тұрақты Комитеті Төрағасының орынбасары Еркін Имірбақы (ұйғыр) бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР парламентінің ресми сайты хабарлады. Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара іс-қимылды тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, мәдени қатынасты күшейту жайы талқыланып, халықаралық және аймақтық деңгейдегі маңызды мәселелер қозғалды. Мәжіліс Төрағасы екі мемлекеттің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің салиқалы саясатының арқасында біздің елдеріміз жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейге жеткенін айта келіп, Елбасының алдағы Қытай еліне іс сапарына тоқталды. Өз кезегінде Еркін Имірбақы Қытайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сапармен келуін асыға күтіп отырғанын және бұл сапарға Қытай елі айрықша маңыз беретінін айтты. Сондай-ақ, осы сапар екі мемлекеттің қарым-қатынасына тың серпін беретіндігіне тоқталды. Тараптар атап өткендей, бүгінде Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен КХР Төрағасының «Бір белдеу-бір жол» бастамасы нәтижесінде елдеріміз игілігіне бағытталған ортақ іс-қимыл жыл сайын табысты жалғасуда. Кездесу иелері әсіресе, парламентаралық байланысты дамытуға зор көңіл бөлді. Мәжіліс Спикерінің пікірінше, заң органдары арасындағы ынтымақтастық стратегиялық әріптестіктің маңызды бөлігі. Сондықтан, қос мемлекет парламенттерінің бірлескен конструктивті жұмысы біздің халықтарымыз қол жеткізген достық, тату көршілік ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ықпал етері сөзсіз. Осы ретте тараптар бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы парламентаралық өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты.

Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысы Тұрақты Комитеті ҚХР-дағы ең жоғары билік органы болып, мемлекеттің саяси өміріндегі маңызды институт ретінде 1954 жылы құрылған. Әр бес жыл сайын шақырылып отыратын Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Қытайдағы ірі саяси оқиғалардың бірі болып табылады. Елдегі қалыптасқан саяси дәстүрге сай мемлекет басшысы, осында аталған тұрақты комитеттің де төрағасы болып сайланады. Оның он неше адамнан құрам тапқан орынбасарлары болады. Тұрақыт комитет әр кезекті жиналыстың соңында мемлекеттік заң шығарушы органдардың өкілеттілігін белгілеумен қоса, мемлекет басшысымен бірлесе отырып ең жоғары лауазымды шенеуніктерді тағайындауға құқылы. 2018 жылдың наурызында шақырылған жиналыстың шешіміне сай, төрағаның орынбасары 14 адам, комитет мүшелері 175 адамды құрайды.

Ерқазы Сейтқали