Astana Arlans» командасының мүшелері аукционынан түскен қаржыны науқас балаларға табыстады
Қайырымдылық аукционының жалпы қоры 7 миллион теңгені құрады. Мамыр айының аяғында Атырауда Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) VIII маусымының жартылай финалдық ойыны өтті.
Ойын соңында аукцион өткізіліп, «Astana Arlans» командасының спортшыларының қолғаптары ойнатылды. Аукционнан түскен қаржы 7 миллион теңгені құрады. 29 мамыр күні түскен қаражаттың барлығы науқас балалардың емделуі үшін оларға таратылды.
-Уәде еткендей Атырау облыстық спорт басқармасымен бірге 2 миллион теңгені көмекке мұқтаж Данло Элерса синдромына, цереброастеникалық синдромына шалдыққан, ДЦП және эпилепсиямен ауратын 4 науқас балаға табыстадық. Қалған 5 миллион теңгені Корея елінде ем алып жатырған Алима Көпейдің еміне жібердік,-дейді «Astana Arlans» командасының PR-менеджері Шыңғыс Түсібаев.
Ауыр диагноз қойылып, шұғыл түрде емге мұқтаж балалар туралы ақпарат қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен алынды.
— Менің қызымда сирек кездесетін Данло Элерса синдромы. Оның еміне жыл сайын қомақты қаражат кетеді, сол себепті қалалық бөлімнен көмек сұраған болатынмын. Осындай қасиетті айда қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Біз шынымен көмек келеді деп күтпеген едік,- дейді қала тұрғыны Диляра Гилаева.
Ораза айы барша қамыққан мұқтаж жандарға шипа болар шапағатын берсін!
Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.