Меморандумның алғашқы жемісі
Ағымдағы жылдың наурыз айында облыстағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Исатай ауданы, Жанбай селолық округіне қарасты Хамидолла Наубетов атындағы жалпы білім беретін орта мектебі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Міне, арада бірнеше айлар өткен соң ресми келісім енді іс жүзінде өз нәтижесін бере бастады.
28 мамыр күні еліміздің барлық аймақтарында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына орай «Ауыл мектебін қолдайық» республикалық акциясы өтті. Облыстағы «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі, Педагогикалық шеберлік орталығымен Назарбаев Зияткерлік мектебінен бір топ делегаттар Исатай ауданы, Жанбай селолық округіндегі Хамидолла Нәубетов атындағы жалпы білім беретін орта мектебіне барды.
Салтанатты жиынға Исатай ауданы әкімдігі, аудандық білім бөлімінің мамандары, Х.Наубетов мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Халидоллақызы: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу керектігін, мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеру қажеттігін» алға тартты.
«Өзгермелі қоғамға жоғары білімді, IT саланы жетік меңгерген, сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игерген мамандар қажет. Осы орайда тек еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларын емес, сондай-ақ шалғайдағы ауыл мектебінің балаларын да бәсекеге қабілетті деңгейде оқытуға басымдық жасалып отыр. Бүгінгі акция соның айқын дәлелі», — деді өз сөзінде Хамидолла Наубетов мектебінің директоры Ғимади Молдағазыұлы.
«Ауыл мектебін қолдайық» әлеуметтік акциясында зияткерлік мектептің ұстаздары ауылдағы әріптестеріне жаңартылған білім беру мазмұны аясында бірқатар семинар тренингтер, ашық сабақтар өткізді. Әсіресе мұндағы мұғалімдерге критериалды бағалау жүйесі, сабақ жоспарын құру, оқушылармен кері байланыс орнату дағдылары аса қажет. Ал атыраулық оқушылар болса жанбайлық балаларға Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» мақаласының ерекшеліктері мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының жеті құндылықтары бойынша топтық дәрістер өткізді.
Ауыл мектебінің үлкен тойына арналған акцияда атыраулық қонақтар Жанбай аулының мектебіне 100 дана бөлме гүлін, 400-ден астам түрлі бағыттағы әдебиеттерді, спорт түрлеріне арналған 20 доп және информатика сыныбына 3D принтерді сыйға тартты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, «Туған жер» жобасын іске асыру мақсатында мұндай акция облыстың барлық аудандарында жалғасын тапса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Тәжірибені ұдайы жетілдіру, прагматизмді ұштастыру арқылы ауыл мектебіне жаңа серпін сыйлаған бұл акция Жанбай ауылының мәдениет үйінде қорытындыланды. Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ауыл тұрғындарына Астана қаласының жиырма жылдығына арналған өлең жырларынан, ән мен биден шашу шашты. Әсіресе Жанбайлықтар,зияткер оқушылар ұсынған Әбіш Кекілбаевтың «Ақырғы аялдама» шығармасына қошеметті жаудырды. Оқушылар белгілі жазушының шығармасын сахналық драма және көлеңке театры арқылы бір мезгілде орындап, өнер мен мәдениетке сусаған шалғайдағы аулы тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Осылайша ауыл мен қаланың арасын бір қадам жақындастырған «Ауыл мектебін қолдайық» республикалық акциясы біздің өңірде табысты аяқталды. Жанбай ауылы мен Атырау қаласы арасында орнаған жаңа көпір аймақтың даңқын арттырар озат оқушылар мен жетекші ұстаздардың еңбегіне серпінді себеп болса игі.
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ, Атырау қаласындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы