Атыраулықтар саяси репрессия құрбандарын еске алды

 31 мамырда Атырауда өткен ғасырдың 20-30 жылдары қуғын-сүргін құрбандары болғандарға арналған мемориалға гүл қою рәсімі өтті.

Жеңіс саябағындағы мемориалға гүл қою рәсіміне қоғамдық ұйымдар өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, мәслихат депутаттары, соғыс ардагерлері, құқық қорғау органдары қызметкерлері, репрессия құрбандарының ұрпақтары қатысты. Атырау облысында екі мыңнан астам адам репрессияға ұшыраған.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, елдің жарқын болашағы үшін бастарын қатерге тіккен құрбандарды өскелең ұрпақ әркез есте сақтауы керек екенін атап өтті.

-Жиырмасыншы ғасырда отандастарымыз қуғын-сүргінге ұшырады, көп қиындық көрді. Қазақстанда 103 000 адам тергеуден өтті, 25000 адам қатаң жазаланды. Біздің бейбіт өміріміз үшін бабаларымыз төккен қан мен терді жадымыздан шығармауымыз керек. Мемлекет басшысы жалпыхалықтық келісімнің негізі бейбітшілік, мейірім мен әділет секілді құндылықтарды қазақстандықтардың жете сезінулерінде екенін әркез айтып келеді,-деді Нұрлан Ноғаев. –Тарихымыздың бұл парағы да есімізде болуы тиіс. Аға буынның міндеті жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу. Тәуелсіздік үшін күрескендерді айтып отыруымыз керек. Бүгінде мемлекет басшысының дана саясаты арқасында Қазақстан тәуелсіз, құқықтық мемлекет болды. Әр адам өркендеген, тұрақты елде тұруға лайық. Бірлігімізді сақтаудың маңызы зор. Өкінішті өткенімізді еске ала отырып, енді қайталанбауын тілейік. Болашағымыз жарқын, сәулелі болсын.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 мамыр 1997 жылғы Жарлығы бойынша Қазақстанда саяси репрессия құрбандарын еске алу күні аталып өтеді.

                                             Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі