Харамға қараудың зияндары

Адамның жүрегі әлсірейді

Адам өзінің көзін харамға қараудан сақтамаса, соның салдарынан өзі көрген әлгі әдемі әйел оның ойынан шықпайтын болып алады да, жүрегі түрлі ауыртпашылықтар мен азаптарға түседі. Бұл өз кезегінде жүректің әлсіреуіне әкеліп соғады.
Күнәға көз салудың проблемасы — адамның сезімдерін оятып, қоздыруында, сонымен бірге, өзінің дене мүшелерін қалай пайдалануына ықпал етуінде жатыр. Алла тағала: «Рас, Алла олардың не істегендерінен хабар алушы», — дейді («Нұр» сүресі, 30-аят).
Аллама Алиуси өзінің «Рухул-маани» атты тәпсірінде аталған аят мағынасын түсіндіре келе, мына үш нәрсені айтады: Алла тағала адамның көздерін қалай пайдаланатынын; сезім мүшелерін қалай пайдаланатынын; барлық дене мүшелерін қалай пайдаланатынын біледі. Бұл адам баласының харамға қарауы, атап айтқанда, әдемі әйелдерге отты жанарын салуы Алла тағалаға белгілі екендігін білдіреді.
Сезім мүшелерін пайдалану дегеніміз — біреу сұлу қызға қараған кезде барлық бес сезімінің тыйым салынған ләззатқа жетуге талпынуы: көз — оған қарағысы келеді; құлақ — оның дауысын естігісі келеді; дәм сезу органдары харам ләззаттың дәмін татуға, яғни сол қызды сүюге талпынады; ал мұрны оның әдемі иісін сезгісі келеді.
Дене мүшелерін пайдалану дегеніміз — көзін харамнан сақтамаған адамның дене бөліктерінің де қозғалысқа түсуі. Яғни, оның қолы, аяғы және басқа да органдары өзіне ұнаған қызды қолға түсіруге асығады.
Осының бәрінен мынадай тұжырым жасауға болады: Алла тағала бұл күнәһардың барлық жағдайынан хабардар: оның көздері не істеп жатқанын, сезім мүшелері мен дене бөліктерінің не істегенін біледі. Ал бірақ адамның өзі Ұлы Алланың оны көріп тұрғанын сезбейді де. Одан әрі тәпсірде: «Алла мұның бәрінің түпкі мақсаты не екенін жақсы біледі», — делінген. Яғни, Алла адамның осы арқылы зинақорлыққа ұмтылып тұрғанынан хабардар. Ал «Алла жақсы біледі» деген сөз жазадан сақтандыруды меңзеп тұр. Яғни: Мен сендердің күнәлі істеріңді көріп тұрмын. Егер қайтпасаңдар, Мен міндетті түрде жазалаймын, деуде. Басқаша айтқанда, бұл аят егер адам тәубеге келмесе, онда міндетті түрде жазаға тартылатынын көрсетеді.
Күнәлі нәрсеге көз салу зинақорлыққа апаратын жолдағы бірінші қадам болып табылады. Ал соңғы аялдамасы — әбүйірінің ашылып, бұл дүниеде де, ақыретте де масқаралыққа ұшырауына себепші болатын сол күнәлі істің жасалуы. Харамға қараудың өте қатты ықпалы болғандықтан, Алла зинақорлыққа алып баратын осы бірінші қадамға үзілді-кесілді тыйым салған. Адам осынау бірінші баспалдаққа аяғын қойса, соңғы баспалдаққа да жетуі оңай. Егер бір амалдың басы дұрыс емес болса, аяғы қалай дұрыс бола қойсын?!
Харам нәрсеге қараған адамның барлық сезім органдары, сондай-ақ барлық дене мүшелері қозғалысқа түседі; зинақорлық жасауды көздеген лас мақсат себебінен оның жүрегін бір азап жайлап алады. Сондықтан да, осындай стресске шалдыққан тән де, жүрек те әлсірейді.

Аталық без шошынады

Көзді күнәдан сақтамау денсаулыққа залал әкеледі, соның салдарынан аталық без ісініп, адамның несеп бөлуі жиілейді.

Адам тез шаухат шығару ауруына ұшырайды

Харамға көз салудың кесірінен құмарлық оты лаулап, оның ыстығы аталық ұрыққа да жетеді. Нәтижесінде ол сұйықталады. Ал ол өз кезегінде жыныстық жақындасуда тез шаухат шығару ауруына шалдықтырады. Бәрімізге белгілі, мұндай ер адам өзінің жұбайлық міндетін тиісінше орындай алмайды. Соның салдарынан ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керістер туындап, шаңырақтың шайқалуына себепші болады.

Адам өзіне берілген нығметтер үшін Аллаға шүкіршілік етпейтін болады

Харамға көз салу адамды шүкірсіздікке алып келеді. Ол әртүрлі әйелдерге көз салып жүргендіктен, өз әйелін әдемі деп санаудан қалып, оның жүрегі шүкірсіздікке толады (маған әдемі әйел жолықпады деп)… Ал егер оның әйелі әдемі болса, онда ол маған ең әдемісі жолықпады деп наразылық танытады. Себебі басқа әйелді әдемірек деп санайтын еркекке өзінің әдемі әйелі де ұнамайтын болады. Осылайша, ол өзіне берілген нығметке шүкірсіз-дік етеді.
Ал тақуадар адам басқа қыз-келіншектерге ешқашан көз сүзбейтіндіктен, өз әйелін әлемдегі ең әдемі әйел деп санайды және осы үшін Аллаға шүкірлік айтады.

Көздің көруі нашарлайды

Көз — Алланың ұлы сыйы. Оны харамнан сақтамау — осы нығмет үшін шүкірлік етпеушілік. Егер адам баласы қандай да бір игілік үшін Аллаға шүкір айтса, Алла ол игілікті көбейтетіні белгілі. Құранда Ол: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», — дейді («Ибраһим» сүресі, 7-аят).
Ал адамның күнәлі болған нәрсеге көз салуы — Аллаға тікелей шүкір етпеу болады. Құранда мұндай жағдайда жаза қатты болатынын: «Ал егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты», — деп ескертеді («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Жүрек өледі

Алла тағалаға жақын болу — көзді харамнан сақтағаны үшін берілетін ең үлкен сый. Жанарын тыйым салынған нәрседен тайдырған адам ішіндегі белгілі бір сезімдерді басып, сол сұлулыққа сүйсіну құмарлығын жеңеді. Адамның жүрегі жаншылады, алайда оның орнына Алла тағала оған ең үлкен сыйлық — Өзіне жақын болғандар қатарына енуді жазады.
Ал харамға қарау кесірінен адамның Алладан барынша алыстайтыны сондай, егер ол мұны шынайы саналы түрде сезінгенде, ешқашан оны жасамаған болар еді.
Жанарын сақтайтын адамның жүрегі әрдайым Аллаға бойұсынып тұрады және содан да ол Аллаға жақын. Бірақ егер ол харамға қарауды бастаса, Алладан 180 градусқа бұрылып, бар жылдамдығымен сол сұлудың соңынан кеткендей болады. Оның бар ойы осынау ертеңгі күні іріп-шіріп кететін өткінші тән жайында болады да, оның жүрегінде Алла тағалаға орын қалмайды. Ал Алланы зікір етпейтін жүректің де өліп, іріп-шіритіні белгілі жайт.
Жақсы мұсылман болғанына қарамастан, харамға көз салғандарының кесірінен өмірден қиын хәлде аттанғандар қаншама.

Жүрек «микроинфаркт» алады

Харамға қараудың салдарынан адамның жүрегі «микроинфаркт» жағдайына түседі. Өйткені жанарды орынды пайдаланбаудың кесірінен жүрек екіжақты тартыстың ортасында қалады: сұлулық өзіне қарай тартса, Алладан қорқушылық өзіне тартады. Содан да жүрек созылады, оның көлемі созылып, ұлғая түседі. Міне, «микроинфаркт» деген осы. Егер адам көзін сақтағанда мұндай созылу мен «микроинфаркт» орын алмас еді.
Бұл жерде айта кетер жайт, аталған сырқаттың басқа да себептері бар. Сондықтан жүре-гінде кінәраты бар адамды тек харамға қарап жүр деп кінәлауға болмас. Біздің дініміз кез келген мұсылманға негізсіз күмәнданып, сенімсіздік білдіруге тыйым салатыны белгілі. Бұл мәселеде Алланың тақуадар құлдарына (яғни жақсы мұсылмандарға) қатысты одан да зор сақтық қылу керек. Басқаша айқанда, өзгеге кінә артпа, харамға қараудың соңы «микроинфарктке» алып келетінін біліп, өз көзіңді тыйым салынған нәрселерге салудан тыюға тырыс.

Жыныс мүшелерді де харамнан сақтамауға себепші болады

Тыйым салынған нәрсеге қарау кезінде құмарлық оты лаулап жанып, адам оны кез келген жолмен сөндіруге дайын тұрады. Егер ол осыған себепші болған сұлуды қолға түсіре алмаса, онда басқа бір әдемі емес әйелмен жақындасып, қарабет болады. Сезімдері қалай тез лауласа, солай тез өшеді. Ол сезім сұлу қызды көргеннен туындаса, енді жай жолдағы келіншектің құшағында суиды. Харамға қарау сұлулыққа сүйсінуге деген зор ынтық сезімнен пайда болса, нәтижесінде адам өзі қарағысы да келмеген әйелмен жақындасып, арына күйе жағады. Яғни харамға қараудың пасық іс болғаны сондай, ол адамды күнәнің ең төмен дәрежесіне түсіріп, кейін ол сұлулық пен бұзақылықты ажыратпайтын болады. Сондай-ақ харамға қарағаннан кейін жыныс мүшелерді сақтап тұру мүмкін емес. Сондықтан да Құранда: «(Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын» дегеннен кейін «Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын», — делінген. Яғни кім көзін сақтаса, ол жыныс мүшелерін де сақтайды. Ал керісінше, кім көзін сақтай алмаса, ол жыныс мүшелерін де сақтай алмайды.

Адам өз-өзін қанағаттандырумен айналысатын болады

Харамға көз салған кезде еркектік шаухат орнынан қозғалып, дорбасынан сыртқа шығады. Шаухаттың ерекшелігі сол — ол қайтадан артқа кіре алмайды. Мәселен, мәшине артқа жүре алады. Ал шаухатта, сүт секілді, ондай мүмкіндік жоқ. Сүт желіннен шыққасын кейін кірмейді, өйткені желінде шығатын жол бар, кіретін жол жоқ. Сол сияқты шаухат та өзінің сақталынып тұратын жерінен шыққасын кейін қайта алмайды. Сондықтан, ол міндетті түрде қандай да бір амалмен, тіпті тыйым салынған жолмен болса да сыртқа шығады.
Харамға көз салудан туындайтын күнәлі жағдайлардың бірі — адамның харам мен халалды ажыратудан қалуы. Сондықтан ол не қандай да бір қызбен зинақорлық жасап, намысына күйе жағады, не бір жігітпен жатып, абыройдан жұрдай болады. Ал оны жасай алмаса, онда өзінің қолымен шаухатты сыртқа шығаруы мүмкін, себебі жоғарыда айтқанымыздай, шаухатта кері жүретін жол жоқ.
Осы жерде айта кету керек, қызбен немесе еркекпен зинақорлық жасау Исламда үзілді-кесілді тыйым салынған іс болып табылатыны секілді, жаңа ұрпақ арасында кеңінен тараған өзін-өзі қолмен қанағаттандыру да харам.
Хадисте егер кімде-кім өзін қолымен ләззаттандырса, Қиямет күні оның қолы жүкті болатыны қатаң түрде ескертілген. Және де басқа бір хадисте ондай адамға лағнет айтылатыны хабарланған.

Маңызды өсиет

Әрбір мұсылман адам өз денсаулығының қамын ойлауы керек. Осыған орай, жиі жыныстық жақындықта болу адамның денсаулығына кері әсер ететінін айту қажет. Сондай-ақ, ол адамның құлшылық пен зікір (Алланы еске алу) ләззатын сезінбеуіне әкеліп соғады. Мұндай кісілердің балалары әдетте әлсіз болып туылады. Сондықтан шейхтар айтатын өсиеттердің бірі — жыныстық жақындасуда ұстамды болу. Яғни ең дұрысы — қатты қалаған кезде ғана өз әйеліңмен жақындасу. Арыстанға қараңыздаршы. Оларда жылына бір рет қана күйттеу кезеңі болады. Соның арқасында дүниеге жаңа арыстан келеді. Жыныстық қатынасқа араға ұзақ уақыт салып барған адамдардан да денсаулығы мықты әрі қайратты балалар туады. Сондықтан бұл мәселеде орта жолды ұстану керек. Әйтпесе, тым жиі жақындасу адамның опат болуына әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті менің айтатыным, рұқсат етілген нәрседе (халал) орта жолда болыңдар, ал тыйым салынған нәрсеге (харам) тіпті жақындамаңдар да. Алла бәрімізге тек ізгі амалдарды жасауға күш пен мүмкіндікт

Шейх Хәкім Мұхаммед Ахтар