Бөрілерге бірігігетін кез келді…
О, Ашина*! Қасиетті Бөрі тегім,
Қасиетің ұрады-ау, тегі сенің,
Тағбаштың* сансыз қолын талқан еткен,
Рухыңмен қашан мен көрісемін.
Ер Түрік! Аты әлемге жаңғырғандар,
Жауына оқтан жаңбыр жаудырғандар,
Тіріл Рух! Иа, Аруақ! Тірілі! Тіріл!
Тағбашқа тастан қамал салдырғандар!
Ер Төресі Құтлық, Тоныкөкпен,
Жағасында жауының қолы кеткен.
Тіріл қайта Күлтегін, Білге бабам,
Қағаны, бар тағбаштың болып өткен.
О,Мөде, Шыңғыс қаған, арыстандар,
Айдаһарды інінде жанышқандар,
Көксерегін* өңгерген Көк Бөрілер,
Алақандай жер бермей алысқандар.
Шақырдым бар аруақты! Қолда! Қорға!
Халқым бодан болмасын түсіп торға.
Бір терең тұғиыққа тартқалы тұр,
Мықты ұста, Азаттықтың туын қолда!
От бүркіп, орнатардай заманақыр,
Шығыстан бір аждаһа келе жатыр…
Жұтылып кеткелі тұр, сайын дала,
Дешті Қыпшақ, Моғол мен Мәуренахр.
Келеді саз балшықтай илегелі.
Илегелі! Болмай тұр именері.
Тары терген тауықтай жеке-жеке,
Түркіні бөліп алып, билегелі.
О, Ашина*! Қасиетті Бөрі тегім,
Қасиетің қолдар-ау, тегі сенің,
Барша Түркі бас қосып әлемді алған,
Рухыңмен қашан мен көрісемін.
Көзің көрді, болмайды төзуге енді,
Қаламасаң құл болып, езілгенді,
Ей, Ашина, баласы Көк Түріктің,
Бастарың бірігетін кезің келді.
Әділбек Қаба
(Түсіндірме: Ашина*- қасиетті көк бөрі, түркілердің түп тегі.
Тағбаш- қытайларды ежелде түркілер солай атаған.
Көксерек- найзаның атауы.)