Облыстық кардиохирургиялық орталық 5 жылдық мерейтойын атап өтті
Бес жылдық мерейтойға арналған шаралар шеңберінде 1-2 маусым күндері облыс орталығында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қазақстан, Ресей Федерациясы, Беларусь, Түркия, Венгрия, Хорватия Республикалары мен Нидерланды корольдігінен келген кардиохирург-дәрігерлер, осы салада ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген ғалымдар қатысты.
Конференцияның алғашқы күніндебалалар және ересектер кардиохирургиясы, аритмология және рентгенваскулярлы хирургия бойыншатоғыз тәжірибелік шеберлік сыныптар өткізілді. Конференцияның ғылыми бөлімінде кардиолог мамандар кардиология және кардиохирургия, анестезиология және реаниматология, перфузиология, аритмиология және функционалды диагоностика бойынша қырықтан астам баяндама жасады.
Кардиохирургиялық орталықтың директоры Әділ Дүржанов өзі басқарып отырған денсаулық сақтау мекемесінің мамандары көптеген адамдардың өмірін сақтап қалып, науқастардың алғысына бөленіп жатқанын айтады.
— Бес жыл деген аз уақыт болып көрінгенімен осы белес ішінде өте көп жұмыс жасалды, — деді ол. – Бүгінгі күндегі біздің басты жеңісіміз — өңірімізде отаның барлық түрлері жасалады. Бұған дейін жүрек ауруларына шалдыққан адамдар Алматы, Астана қалаларында немесе шет елдерде емделуге мәжбүр болатын. Біз балалардың жүрегіне де ота жүргіземіз. Ең бастысы, науқастардың жүректері сенімді қолда.
2013 жылы наурыз айында ашылған кардиохирургиялық орталықта 25 инновациялық технологиялар енгізілген. Орталықта жаңа туған сәбилерден бастап, жасы егде адамадарға дейін көмек көрсетіледі. Орталық дәрігерлері туғанына екі күн ғана болған сәбиге ота жасап, өмірін сақтап қалған.
Бес жылдың ішінде орталықта 19 мың адам емделіп, хирургтер 13 мыңнан астам ота жасаған, 7 мың ота жүрекке ашық түрде жүргізілген. Жыл сайын орталықта 3000 коронография жасайды. Нәтижесінде, аймағымызда жедел инфракт салдарынан қайтыс болу деректері үш есеге кеміді.
Осы жылы жаңадан ашылған кардиологиялық клиникада жүрегіне операция жүргізілген науқастар отадан кейін тынығып, қажетті ем-дом алады. Клиника 40 орынға жабдықталған. Бұл еліміздегі жалғыз мамандандырылған кардиологиялық бөлімше.
Әлихан Рахметоллаұлы