Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілер қатары толықты
Ақтауда 4 – маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің Қазақстаным» атты патриоттық акциясы өтіп, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мамандар ант қабылдады.
Маңғыстау облысы техникалық реттеу және метрология, кәсіпкерлік және сауда басқармасы, әділет департаменті, жастар саясаты мәселелері және индустриялық-инновациялық даму басқармалары жаңа жас мамандармен толықты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова халық алдында салтанатты жағдайда ант қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге қызметтік куәліктерін табыс етіп, адал қызмет етуге шақырды және жастарға сәттілік тіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің қатарын толтырғандардың бірі – Шоқан Сейілханов. Маңғыстау облысы әділет департаментіне жұмысқа тұрған ол, адал қызметі арқылы мемлекет мүддесін қорғауға дайын екендігін жеткізді.
«Бұл менің өмірімдегі ерекше күн болды. Салтанатты түрде ант етіп, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымының қолынан қызметтік куәлік алдым. Мемлекеттік қызметке тұру үшін бірнеше сатыдан өтуге турады келді. Бастысы тесттен сүрінбей өттім. Ата-анам адал болуға үйретті, ендігі жерде еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгуге дайынмын», — деді Шоқан Көшербайұлы.
Облыстық ісшкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – жастарды ұлтын сүюге, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу. Бокстан Лондон және Рио олимпиадасы ойындарының жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтың қатысуымен автошеру ұйымдастырылып, соңы концертке ұласқан салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев, мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Жастарды патриоттық сезімге, ұлтжандылыққа және ҚР Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған акция соңы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты.
ҚР мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі