Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру ұсынылды

Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясында депутаттарға Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, қалаға мегаполис статусын беру ұсынылды. Аталған ұсынысты қолдаған халық қалаулылары Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы шешімге бүгінгі өткен сессия отырысында қала әкімдігімен бірлесе тарихи құжатқа қол қойды. Енді бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылады.

Халық қалаулыларынынан бөлек сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаев баршаны Шымкент қаласы тұрғындарының 1 миллионға жетуімен шын жүректен құттықтады.

Республикалық маңызы бар қала  мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқан өңір басшысы мұндай өзгеріс қаланың дамуына  оң әсерін алып келетінін атап өтті.

 «Шымкент қалалық мәслихатының VI шақырылымдағы депутаттары кезектен тыс 29-шы сессиясында ел өмірі үшін маңызды мәселеге дауыс берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымқаланы миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, Шымкент еліміздегі миллиондық халқы бар үш қаланың біріне айналды. Құттықтаймын! Біздің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Ұл Жібек жолының бойындағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орта Азиядағы сан ғасырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне айналу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді»,-деді Ж.Түймебаев.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасының 1993 жылы 8 желтоқсандағы №№2572- ХІІ «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңында республикалық маңызы бар қалаларға — халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады деп көрсетілген. 

Жиын соңында қала әкімі Н.Сауранбаев алда атқарар жоспардың көп екенін, оның  барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асатынын айтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Сессия барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі