Менингит инфекциясымен қалай күресуде?

Үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысында менингококк инфекциясы төңірегінде тұрақсыз жағдай орнағаны есімізді. Ал, Павлодар облысында жағдай қалай?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Шәйкенованың сөзінше, біздің өңірде осы сырқат бойынша қаңтар және мамыр айларында екі оқиға тіркелді.

— Менингит инфекциясы 1 және 7 жас аралығындағы балалар арасында анықталды. Бірінші жағдайда бактериологиялық диагноз қойылды (серотип А), ал екінші жағдайда клиникалық диагноз расталды. Сырқаттар жазылып, ауруханадан шығарылды. Мамандар балалармен байланыста болған 280 адамды тексеріп шықты, ауру таратушылар анықталған жоқ, — дейді ол.

Павлодар облысында соңғы үш жылда менингококк инфекциясы төңірегінде тұрақты жағдай сақталған.

— Бізде вакцинацияның бағасы — 21 035 теңге, тасымалдаушы Алматы қаласынжағы «Медсервис плюс» ЖШС. Менингиттің алдын алу үшін мына шараларды ескерген жөн. Ашық су айдандарында шомылудан бас тарту, адамдар көп жиналатын жерден алыс жүру, жеке тазалық ережелерін сақтау, энтеровирусты ауру белгілері бар адамдармен байланыстан аулақ болу қажет, — дейді мамандар.

Қазіргі күні халық көп шоғырланатын ірі сауда орындарында, супермаркеттерде, білім беру нысандарында және әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Тілеуберді Сахаба, Павлодар облысы