Павлодар облысында «Сәлем саған, Астана!» шеруіне 12 мыңнан астам оқушы қатысты
Павлодар қаласының төменгі жағалауында Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Сәлем саған, Астана!» балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Іс-шара «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеяны іске асыру мақсатында және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында ұйымдастырылды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы шеру өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында бір уақытта өтіп жатқанын атап өтті.
— Бұл – республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шара, — деді Дінислам Болатханұлы. – Барлық өңірлерде бір уақытта, бір тақырыпта өтіп жатыр. Аудандар мен қалалар қамтылып, облыс бойынша 183 білім беру мекемесінен 12 мыңнан астам бала қатысады. Биылғы шерудің ерекшелігі — балаларымыздың төменгі жағалаудағы жаңа сахнада өнер көрсетуінде. «Еrtis Promenade» орталық сахнасы үлкен іс-шаралар кешеніне айналып, облыс басшылығының қолдауымен жаз бойы балаларға тамаша көңіл-күй, керемет демалыс сыйлайтын болады.
Мерекелік шеру үрлемелі оркестрлер, қазақ, орыс ұлттық, шекті аспаптар ансамбльдері, барабаншылар, маржореттер, черлидерлер, би және хор ұжымдарынан тұрды.
Шеруді 300 адамнан тұратын музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты кешенінің оқушылары ашты. Қызықты репертуарлар, әртүрлі музыкалық аспаптар, шығармалардың шынайы көркемдігі, неше түрлі музыкалық қызметтерді біріктіріп орындау: ән айту, қозғалыс мәнері, аспаптарда ойнау; музыкалық ұжымдардың киімдері — мұның бәрі балалар мерекесінде есте қаларлық және ұмытылмас сәттердің біріне айналды.
Шеруге қатысқан музыкалық ұжымының әрқайсысы үшін – көркемдік-эстетикалық дамыту нысаны, балалар, педагогтар және ата-аналардың шығармашылық жетістіктерін көрсететін таптырмас мүмкіндік. Музыкалық және шығармашылық ұжымдар шеруінің соңында көрермендерді театрландырылған көрініс және концерттік бағдарлама көрсетілді.
Өз тілшімізден